Видеобайланыс арқылы көмек алуға болады

90
0
Бөлісу:

EXPO – 2017 көрмесіндегі «Цифрлық Қазақстан» павильонында «Тұрғын­үйқұрылысжинақбанкінің» өкілдері тың жаңалықта­рымен бөлісті. Банк клиенттеріне енді видео­байланыс көмегімен «Нұрлы жер» бағдарламасы туралы кеңес алуына болады.

Видеобанкинг технология менеджермен видеобайланыс арқылы хабарласып, «Нұрлы жер» бағдарламасының шарт­тары, бағдарлама аясында салы­нып жатқан тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасы, сонымен қатар, дайын нысандар мен банк өнім­дері туралы қашықтықтан кеңес алуға мүмкіндік береді. Әзірге бұл қызмет тест түрінде Алматы және Орал қалаларының тұрғындары үшін қолжетімді болып отыр. Сонымен қоса, әзірше тек банк бөлімшелерінде қолданылады. Жаңа сервис банктің барлық бөлімшелерінде келер жылдан бастап жұмыс істемек. «Менед­жерге кезекке тұрмас үшін салым­шы арнайы қызмет көрсету айма­ғына өтіп, операторға хабарласып, өз сұрағын қоя алады. Болашақта бұл қызметті ұялы телефонның немесе үйдегі компьютердің көме­гімен алу мүмкіндігі пайда болады» дейді Қазақстанның «Тұрғынүй­құрылысжинақбанкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Шара барысында baspana.kz жылжымайтын мүлік порталы таныстырылды. Жыл соңына дейін жұмыс істейтін портал «Нұрлы жер» бағдарламасы ая­сында үй берудің негізгі құралы болмақ. Яғни, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан республикадағы барлық нысандар туралы ақпарат беретін үлкен база. Сол жерден пәтер қарауға, қажетті нысанды таң­дауға, төлем жүргізуге қабілетті­лігіңді есептеуге болады.
− Қазіргі таңда 975 мың салымшы есептеліп отыр. Әркім­нің де жедел әрі ыңғайлы қызмет алғысы келетіні заңды­лық. Сондық­тан сандық технологияны дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Сондай-ақ, банкке бармай-ақ ғаламтор арқылы есепшотты тек­серуге, ақша аударымдарын жа­сауға мүмкіндік беретін интернет-банкингті де жетілдіріп жатыр­мыз. Қазір оған 275 мың адам тіркелген. Мобильді қосымшаны да дамытудамыз, бүгінде оның 70 мыңнан астам пайдаланушысы бар, – дейді Ләззат Ибрагимова.
Сонымен қатар, банктің тағы бір «Кеңесшілердің әлеуметтік желісі» ақпараттық жүйесі тұр­ғындарға депозитті банкке кел­мей-ақ ашуға мүмкіндік тудырып отыр. Банк агенті планшет не­месе мобильді принтерін алып, салым­шының үйінде немесе жұмысында отырып-ақ шот ашып бере алады.


БАӘ-нің Ұлттық күні өтті

EXPO – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық күні аталып өтті. Мемлекет жаңартылатын энергия көздері саласындағы бірқатар жобаларды қолдау және қаржыландыру арқылы тәжірибесімен бөлісті. Мемлекеттің Тынық мұхит Серіктестік Қоры, Әбу-Даби даму қоры және Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттікпен (IRENA) ынтымақтастығы БАӘ-нің халықаралық деңгейдегі беделін және экологиялық таза энергия саласындағы шешімдерді дайындаудағы үлесін көрсетеді.

Жиынның ресми бөлігінде сөз сөйлеген БАӘ Ұлттық Бұ­қа­ралық ақпарат құралдары Ке­ңесінің Бас директоры Ман­­сура Әл-Мансури Бірік­кен Араб Әмірліктерінің EXPO – 2017 көрмесіне қатысуы бола­шақ энергетика саласын қалыптас­тыруда, сондай-ақ «Болашақ энергиясы» тақыры­бындағы өзге елдердің озық тәжірибе­лерін, негізгі тенден­циялары мен технологияларын зерттеу саласындағы үлесін көрсетуге бірегей мүмкіндік бергендігін атап өтті.
EXPO – 2017 көрмесі жа­ңар­­тылатын энергияны, жасыл экономиканы дамыту маңыз­дылығын, сондай-ақ аталған бағыт бойынша жаңа техноло­гияларды енгізу қа­жет­тілігін көрсетті. Бұл бала­малы энергия көздеріне ерек­ше көңіл бө­лінген БАӘ-нің энергетикалық ресурстарды түрлендіру жөнін­дегі страте­гиясында көрініс тапты. Аталған стратегия күн, су және жел сияқты энергия көздерінің қолайлы балансын құруға ба­ғытталған. Атқарылған жұмыс нәтижесінде Жаңарты­латын энергия көздері жөнін­дегі ха­лықаралық агенттігінің штаб-пәтері БАӘ астанасы Әбу-Дабида құрылды, деп қо­ры­­­тын­дылады Мансура Әл-Мансури.
Өз кезегінде Инвести­ция­лар және даму министрінің орын­басары Тимур Тоқабаев EXPO – 2017 көрмесі жасыл тех­но­логиялар, мәдениетті да­мыту және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы жетіс­тіктерді ұсыну үшін тамаша мүмкіндік екендігін атап өтті. Сондай-ақ Тимур Тоқабаев екі ел 25 жыл аралығында энерге­тика саласы және басқа да көп­теген бағыттар бойынша өзара тығыз қарым-қатынас орнат­қанын айтты. Соңғы жыл­дары екі ел арасындағы саяси және сауда-эко­номи­калық ынтымақ­тастық бел­сенді дамып келеді.
«Халықаралық қаржы орталығын EXPO аумағында құру барысында Дубайдың тәжірибесі өте маңызды болды. Нәтижесінде Біріккен Араб Әмірліктері инвестор­лары үшін де жаңа мүмкін­діктерге жол ашылады және БАӘ азаматтары үшін қолда­ныстағы визасыз режим бар­лық бағыттар бойын­ша ынты­мақтастықты дамытуға ықпа­лын тигізеді» деді Тимур Тоқабаев.
Біріккен Араб Әмірліктері дамыған елдер қатарындағы Германия, Франция, АҚШ және Австралиямен бірге Жа­ңар­тылатын энергия көзде­рі жөніндегі кеңеске мүше. БАӘ Ұлттық павильоны кли­матты бақылау саласындағы шешім­дерді және энергетика саласын­дағы негізгі жаһандық баста­маларды ұсынады. Сондай-ақ мұнда болашақта ұлттың дамуы мен өркендеуіне ықпал ететін бірқатар зерттеу жобалары мен жоспарлары көрсетілген.


Еріктілер марапатталды

EXPO – 2017 көрмесінің үздік еріктілері марапатқа ие болды. Үш ай бойы көрменің басы қасында жүрген 100-ден астам ерікті мынадай санаттар бойынша марапатталды: үздік бестік, «Алтын еріктілер», Тим-Лидерлер, Үздік белсенділер.

Үздік бестіктер қатарына кіргендер Әлия Дәуренбекова, «Алтын ерікті» ‒ Батима Құсайы­нова, шетелдік италияндық ерікті ‒ Матия Демарки, Диас Талғатұлы.
«Астана EXPO – 2017» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев аталған еріктілерге сертификаттар және естелік сыйлықтарды тапсырды. Өз сөзінде Ахметжан Есімов еріктілер өз міндеттерін жоғарғы деңгейде орындағанын атап өтті.
«Волонтерлік қызмет – көр­менің табысты өтуінің маңызды факторы және көрме жұмысы­ның жеке функционалды бағы­ты. EXPO – 2017 көрмесі аясында бар­лығы 8,5 адам іріктеліп, арна­йы оқытылды. Олардың 5,5 мыңы көрме аумағында жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Аста­надан – 2500-ден астам, Алма­тыдан – 900, ел өңірлерінен 1600 ерікті жұ­мылдырылды. Сондай-ақ Ресей, Қытай, АҚШ, Бельгия, Италия, Польша, Моңғолия, Қыр­ғызстан және өзге мемлекет­тердің ерікті­лері өз үлесін қосты. Еріктілердің орташа жасы – 19, ең үлкені 70-те. «Алтын ерік­тілер» деп атала­тын 30 ерікті. Көрменің басталу уақытынан бастап жұмыс істеуде және 4 күн­нен кейін көрменің жабылу салтанатына қатысады. Көрме­нің жұмысы барысында 3 отба­сылық жұп құрылды» деп мәлім­деді Ахметжан Есімов.
Марапаттау рәсімі Әли Ока­пов, Алмас Кішкенбаев сияқты эстрада жұлдыздары мен еріктілер қатысқан концерттік бағдарла­мамен жалғасты.
Айта кетейік, көрменің 3 ай жұ­мысы барысында Қазақстан­ның 16 облысы және әлемнің 35 елінен келген волонтерлер 16 бағыт бойынша күніне 8 сағат бойы 3 маусыммен өз міндеттерін орындады.

Бетті дайындаған Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*