Басты  /  мақалалар  /  ХАЛЫҚТЫҢ СӨЙЛЕУШІ ЕДІМ СӨЗІН КІЛЕҢ...

ХАЛЫҚТЫҢ СӨЙЛЕУШІ ЕДІМ СӨЗІН КІЛЕҢ...

Айқын-ақпарат
94
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын атап өткен мешін жылы тағы бір елеулі оқиғасымен есте қалатын болды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 28 желтоқсандағы «Алматы облысының кейбір білім беру ұйымдарын қайта атау туралы» №883 қаулысына сәйкес, Райымбек ауданындағы Жайдақбұлақ орталау мектебіне қоғам қайраткері Сейдахмет Босқынбаевтың есімі берілді.

«Халықтың сөйлеуші едім сөзін кілең,
Әлі сол – елімді ойлап, көзімді ілем. 
Кеңестің қасы емес, досымын ғой, 
Аман болсам танытам өзімді мен. 
 ...Ата-анамды келеді саялағым,
Аруымды келеді аялағым.
Қалың елім түсіме енген кезде,
Шырт ұйқымнан шыңғырып оянамын». 
Бұл жыр шумақтары елі-жері үшін еселі еңбек етіп, халқым дегенде жарғақ құлағы жастыққа тимеген, бар жастық шағын мемлекетті нығайту жолындағы қызметке арнаған, алайда кейіннен заманның алай-дүлей дауылына ұшырап, «халық жауы» деген жаламен ұсталған Сейдахмет Босқынбаевтың болмыс-бітімін, азаматтық-қайраткерлік тұлғасын білдірсе керек. Түрмеге қамалып, жан-дүниесін мұң-нала басса да өзінің кінәсіз екендігін өлең жолдары арқылы келер ұрпақтарға аманаттап кеткен қайсар азамат – Сейдахмет Босқынбаев кім еді? 
Сейдахмет Босқынбаев 1904 жылы Алматы облысы, Кеген ауданындағы Меркі ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. 1916 жылы төрт айлық қазақ ауылдық мектебін бітіреді. Іскерлік және ұйымдастырушылық қабілет-қарымымен танылған С.Босқынбаев «Қосшы» одағының ауылдық ұйымының төрағасы қызметін атқарады. 1930 жылы партия қатарына өтеді. 
1927-1929 жылдары – Кеген ауданындағы Торайғыр ауылдық кеңесінің төрағасы, 1929-1931 жылдары – аудандық Жер комитетінің төрағасы, 1931-1933 жылдар аралығында Жер бөлімінің меңгерушісі, директоры қызметтерін атқарады. 1933-1934 жылдары – Кеген аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы, одан кейін аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып еңбек етеді. 1935-1936 жылдары – Ұйғыр аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, 1936 жылы Алматы облысы, Бөрлітөбе аудандық партия комитеті хатшысының орынбасары қызметтерін атқарады. Отыз үш жасында Андреев аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып бекітіледі.
Деректер С.Босқынбаевтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовпен ел мүддесі жолында мұраттас болғанын көрсетеді. Бірақ бұл жағдай 37- жылғы зобалаңда жазықсыз ұсталып, түр­меге жабылуына себеп болады. Арыстай азаматқа Кеген ауданында қызметте жүргенінде Жандосовтың үзеңгілес серігі болғаны кінә болып тағылады. Өйткені О.Жандосов бұл кезде «халық жауы» болып «қара тізімге» іліккен еді. 
«Тірі болсам ақталам бұл жаладан,
Жаным менің айығар кіл жарадан.
Елім үшін күндіз-түні еңбек еттім,
Басқа ойды сызып тастап бұл санадан. 
Мен де бір ұлың едім дәріптеген,
Бір еді менің жолым халықпенен.
Біреулер «халық жауы» десе-дағы,
Ешкімге жаулық қылып дәнікпеген» деп жазған Сейдахмет Босқынбаев өзінің түптің-түбінде ақталып, есімі халық жадында жаңғыратынына имандай сеніп өткенін аңғарамыз. 
Бәріне уақыт төреші, кейіннен ел үшін қызмет етіп, кеңестік солақай саясаттың құрбаны болған С.Босқынбаев ақталды. КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының анықтамасында Сейдахмет Босқынбаевтың 1958 жылы ақталғандығы туралы мәлімет келтірілген.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай өткен іс-шарада: «Тарихымыздың қасіретті беттері, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары әрқашанда біздің жадымызда және оны ұмытпау біздің қасиетті борышымыз», деп атап көрсеткен болатын. Бүгінгі күні саяси қуғын-сүргін құрбаны болған қоғам қайраткері С.Босқынбаевтың есімі ардақталып отырғаны Елбасы сөзінің іс жүзіне асқандығының айқын дәлелі болса керек. 

Нұрлан ҚАЛҚА