Аграрлы оқу орны түлегі үшін алғашқы жұмыс орнын міндетті квоталау жүйесін енгізу қажет
Аграрлы оқу орны түлегі үшін алғашқы жұмыс орнын міндетті квоталау жүйесін енгізу қажет

Жоғары және орта арнаулы аграрлы оқу орнының түлектері үшін алғашқы жұмыс орнын міндетті квоталау жүйесін енгізу қажет. Бұл туралы «Ауыл» партиясынан Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер  Қанат Тасыбеков Жамбыл облысы зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде айтты. 

Кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, ел тұрғындарының ұсыныс-тілектері тыңдалды. Партияның сайлауалды бағдарламасында ауылды кешенді дамыту мәселесі мен жастарды қолдау жан-жақты көрсетілген. Мәселен, партия бағдарламасында жас отбасыларға тұрғын үй алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға, ал ауылға көшіп барғандарға үй алуға және үй шаруашылығын қалыптастыруға, ауылда бизнес ашуға пайызсыз несие беру бағдарламасын енгізу көзделген. Қанат Тасыбеков бұл бастама жүзеге асса  ауыл жастарының әлеуметтік мәселесінің шешілуіне тікелей жол ашылады деп есептейтінін жеткізді. Аграрлы оқу орны «Еліміздің жастары мемлекеттің болашағы деп айтып жүрміз. Бұл тек қала жастарына қатысты емес екені түсінікті. Демек, ауылды жерлердегі жастарға да лайықты қолдау болуы тиіс. Ол үшін партия ауыл жастарының білім грантын алуына және жұмысқа орналасуына кепілдік беретін «Ауылдан – диплом алу үшін» бағдарламасын әзірлеуді ұсынып отыр. Сонымен қатар, жоғары және орта арнаулы аграрлық оқу орындарының түлектері үшін алғашқы жұмыс орнын міндетті квоталау тәжірибесін енгізу қажет», – деді Қанат Ғалымұлы. Ал кандидат Дәурен Қуат «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасында балалы отбасыларға арналған тиімсіз, қысқа мерзімді төлемдердің орнына кепілдендірілген «Бала нәсібі» жәрдемақысын енгізіп, оны 18 жасқа толғанша төлеу ұсынылып отырғанын айтты. «Бұған мемлекетіміздің толық мүмкіндігі бар деп есептеймін. Бұл іске асатын болса ауыл тұрғындарының әлеуметтік әлеуеті жақсарып, өмір сапасын жақсартуға болады, – деді ол. Сонымен қатар, кездесуде ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру ісімен айналысып жатқан кәсіпорындар мен фермерлерді қолдау мақсатында қосымша құн салығынан босатып, несиелерді арзандатуды көздейтін субсидия түрлерін беске дейін қысқарту партияның бағдарламасына еніп отырғаны айтылды. Зиялы қауым өкілдері партия бастамалары ауыл тұрғындарының ғана емес, жалпы жұртшылықтың көңілінен шығады деп есептейтінін айтты. Партияға алдағы сайлауда сәттілік тіледі.

Тұмар МЫРЗА