Олеся Кексельге қатысты аты шулы қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы адвокат Хамида Айтқалиева Facebook-тегі парақшасында жазды.
Аты шулы деп атауымызға себеп, Қазақстанның Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельдің ісіне байланысты жоғары лауазымды тұлғалардың есім-сойы бірнеше рет аталған. Істі тексеріп жатқан азғантай күн ішінде құқық қорғаушы органдардың арасында бір-біріне қайшы мәлімдемелер жасалып үлгерді.
Ең алдымен, 18 қараша күні Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген жауабында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев О.Кекселдің не себепті тергеліп жатқанына қысқаша түсінік берді. «Бас прокуратураға бір азаматтан шағым түсті. Ол шағымында өзіне қатысты тергеу барысында Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Кексельдің тарапынан түсінік беру бөлігінде тергеуге жатпайтын әдісті қолданғанын айтқан»,– деді Е.Тұрғымбаев.
Негізі, тергеу барысында күдіктіні азаптады деген ақпарат министрдің жауабынан үш күн бұрын, яғни 15 қараша күні тараған. «Время» газеті жұма күні бұрынғы Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаның ісі бойынша өткен сот отырысында адвокат Хамида Айтқалиева кәсіпкер Ерлан Набиевтің арыз-шағымын жариялағанын жазды. Адвокаттың айтуынша, Е.Набиев экс-арнайы прокурорлар қызметінің бұрғынғы басшысы Олеся Кексель мен Бас прокуратураның жедел-тергеу тобының мүшесі Бауыржан Ғаббасов өзіне қысым жасағанын айтқан.
Шыны керек, көпшілік Кексель ханымға қатысты қылмыстық істің қалай өрбіп жатқанын адвокат Хамида Айтқалиеваның Facebook-тегі парақшасынан оқып, біліп отырды. Құқық қорғаушы мекемелер бұрынғы прокурорлар Олеся Кексель мен Бауыржан Ғаббасовтың үстінен Қылмыстық кодекстің 1-бөлімі 146-бабы (Азаптаулар) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қылмыстық істі жедел-тергеу тобы жүргізіп жатқандығы әрі оның жетекшісі Ішкі істер министрлігінің тәжірибелі тергеушілерінің бірі екені де айтылды.
Алайда Кексель ісі ұзаққа созылған жоқ. 7 желтоқсан күні кешке адвокат Хамида Айтқалиева Facebook-те Олеся Кексельге қарсы қылмыстық істің тоқтатылғанын хабарлады. «Біз дәл осындай заңсыздық болады деп күткен жоқпыз. Өздерінің күшіне өте сенімді адамдар көпшіліктің алдына шығып қылмыстық істің жабылғандығын хабарлады. Бұл Ішкі істер министрлігінің жұмысына нұқсан келтірді. Бұл жоғары деңгейдегі келісімдердің дәлелі емес пе? Барлық адал адамның алдында комедия ойналды», – деп жазды адвокат.
Адвокаттың «жоғары деңгейдегі келісімдердің дәлелі ме?» деп күдіктенуінің жөн бар. Кексель ісі көпшілікке жарияланған 15 қарашадан 6 күн өткенде 21 қараша күні бұрынғы Бас прокурор, қазіргі сенатор Қайрат Қожамжаров Олеся Кексельге қатысты іс тоқтады деп мәлімдеген болатын. Бірақ дәл сол күні Ішкі істер министрлігі тарапынан Сенат депутатының сөзін теріске шығарған мәлімдеме жасалып, тергеудің жалғасып жатқаны айтылды. Сондай-ақ кәсіпкер Е.Нәбиевтің азаптау туралы арызы бойынша ІІМ тергеу басқармасы қылмыстық істі 2019 жылдың 19 қыркүйегінде тіркегені белгілі болды.
Айта кетейік, Кексельге қатысты қылмыстық істі тоқтады деп құқық қорғау органдарынан бұрын мәлімдеген Сенат депутаты Қ.Қожамжаров 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап Бас прокурор болып қызмет атқарды. Тергеліп жатқан күдіктілерді «азаптады» деп айыпталған Олеся Кексель 2018 жылдың қаңтарында Бас прокуратураның Арнайы пркурорлар бөлімінің басшысы болып тағайындалды. О.Кексель, экс-Премьер-Министр С.Ахметовтің, денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалиевтің, Экономика министрі Қ.Бишімбаевтың және т.б лауазымды тұлғалардың қылмыстық ісін тергеуге басшылық жасаған.
2019 жылдың наурыз айында Қайрат Қожамжаров Бас прокурор қызметінен босатылып, Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды. Ал 27 мамырда «Время» газеті Олеся ханымның қызметінен кеткенін хабарлап, онымен бір мезетте лауазымды қызмет атқарған Мақсат Дүйсенов пен Талғат Татубаевтың да креслосын босатқанын жазды.
Осы оқиғадан екі айдай өткенде 25 шілдеде ҚазТАГ-та Олеся Кексельдің Германияда екені хабарланды. Агенттіктің жазуынша, ол мәліметті басқа іс бойынша өтіп жатқан баспасөз мәслихатында қазақстандық белгілі заңгер, адвокат Жан Кунсеркин айтқан. Адвокат баспасөз мәслихатында Олеся Кексель қылмысқа күдікті Гүлнар Мұсабаевадан Иманғали Тасмағамбетовке қарсы куәлік беруді талап етіп, азаптаған деп мәлімдеді.
Осылайша, Олеся Кексельге қатысты қылмыстық іс тоқтады делінгенімен, ол істі тергеп жатқан ІІМ нақты ресми мәлімет берген жоқ. Кексельдің ісіне кедергі келтіріп, тергеуді тоқтатқан қандай «күш» екені де белгісіз қалып отыр.