Роналду Пелені басып озды
Роналду Пелені басып озды
146
оқылды

Португалия футболшысы Криштиану Роналду соққан голдарының саны жөнінен әйгілі Пеледен асып түсті.

Италия чемпионатында «Ювентус» клубы­ның намысын қорғап жүрген Роналду «Удинезе» командасымен өткен кездесуде ресми ойын­дардағы 757 және 758-інші голын соғып, дубль авторы атанды. Криштиану лиссабондық «Спортинг», ағылшындық «Манчестер Юнайтед», мадридтік «Реал», туриндік «Ювентус» және Португалия құрамасы сапында барлығы 1 032 матч өткізді. Ал Пеле 812 ресми ойында 757 гол соққан болатын. Гол саны жөнінен абсолюттік рекорд чехиялық шабуылшы Йозеф Бицанның еншісіне жазылған. Ол 1931-1955 жылдар аралығында 759 гол соққан екен. Алдағы ойын­дарда Роналдудың бұл рекордты жаңартатыны анық. «Удинезені» 4:1 есебімен ойсырата жеңгеннен кейін «Ювентус» 27 ұпаймен Италия бірін­шілігінде әзірге бесінші орынға жайғасты. Жеңілістің ащы дәмін татпаған «Милан» клубы 37 ұпаймен жеке-дара көш бастап келеді. Еске сала кетейік, бұдан бұрын аргентиналық шабуылшы Мессидің Пеленің рекордын жаңартқанын жазған болатынбыз. Ол бір клуб сапында жүріп соққан голының саны бойынша Пеленің көрсеткішінен асып түсті.

Әбілмансұр ЖАСАН