Кейбір адамдар ескі жылмен бірге эпидемия да келмеске кетеді деп күтті, соны тіледі. Алайда COVID-19 ешқайда жоғалған жоқ, онымен күрес жалғасып жатыр. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жаңа жылдағы алғашқы брифингте «Қазақстанда КВИ-мен байланысты эпиджағдай әлі де жақсы емесін» мәлімдеді.
Әлемді коронавирус жайлауда: инфекция жұқтырғандар саны кеше 85,5 миллионнан, қаза тапқандар 1,8 миллионнан асты. Қазақстан қазір қаупі төмен «жасыл» аймақта тұр. Алайда Атырау облысы аса қауіпті «қызыл» аймақта қалды. Тағы 6 өңір: СҚО, Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстары және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары «сары» аймақта. 3 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 18 608 инфекциялық төсек-орын бар, оның ішінде 4 980 төсек-орында науқас жатыр. Реанимация палатасындағы науқас саны – 320, яғни өткен аймен салыстырғанда 1,3 есе артты. Бұл ретте 54 науқастың жағдайы өте ауыр. ӨЖЖ аппаратына 45 науқас таңылған, бұлардың қатары 1,4 есе көбейді. 150 сырқат өз бетінше тыныс алуда. Әуеқатынасы қалпына келтірілген елдерден келген адамдарға карантиндік бақылауы күшейтілді. ЕАЭО елдерімен, Өзбекстанмен және басқамен арадағы автоөткел жолдарда карантин стационарлары дайын: онда 6 666 төсек-орын бар, 403 төсек-орында адам жатыр. Оқу жылы басталғалы 3 972 оқушы КВИ-ге шалдықты, оның 1 047-і кезекші сыныптарда оқиды, қалған 2 925-і қашықтықтан білім алады. Күн сайын жаңа туған нәрестелер мен балалар арасында мониторинг жүргізіледі. 2020 жылдың сәуірінен 2021 жылдың 2 қаңтарына дейінгі аралықта елде COVID-19 диагнозы расталған 7 492 бала тіркелді, соның ішінде 134-і – нәресте. 6 550-і (87,4%) жазылып шықты. Балалар арасында жағдайы ауыры және мультисистемалық қабыну синдромы бар науқас жоқ. Министр өңірлерде талапты бұзушылар көп екенін айтты. «Мысалы, мереке күндерінде 31 желтоқсаннан бастап 804 рейд жүргізілді, 4 618 объекті қамтылды, оның ішінде 71 объекті талап бұзған, 65-іне әкімшілік айыппұл салынды», – деді А.Цой. Мереке күндері қызмет көрсетуге тыйым салынған объектілер жұмыс істеген, шектеу режимі сақталмаған, адам көп жиналатын іс-шара өткізгендері бар.Елдос СЕНБАЙ