Нұрлан Өтепов: Сапалы білім беруге мұғалімнің уақыты жоқ
Нұрлан Өтепов: Сапалы білім беруге мұғалімнің уақыты жоқ
300
оқылды

Нұрлан Өтепов логиканың қуатты күш екенін жақсы біледі. Сондықтан баланың логикасын дамыту үшін арнайы кітап жазды. Ұстанымы – математиканы кітаптың тілімен емес, оқушы тілімен түсіндіру.

– Нұрлан, «Математика – ло­ги­ка» тест тапсырмалары және тү­­сін­дірмелері еңбегін жазуға не түрт­кі болды?

– Оқушының логикалық ойлау қабілетін дамытуды Білім және ғылым министрлігі қолға алып жатыр. Өйткені қазір олардың оқу­ға деген қызығушылығы төмен. Ұя­лы телефонның арбауында, бас­қа қызықтың құрсауында жүре­ді. Тіпті, 11-сыныпқа келіп, өзінің болашақта кім болатынын білмейтін балалар да бар. Соған арнап біз «Математика – логика» кітабын шығардық. Бұл – Жастар жылына үлес қосу мақсатында жа­рық көрген кітап. Қазір елі­міз­дің түкпір-түкпірін аралап жүрміз. Оқушылардың логикалық ойлау қабілетін арттыруға, мате­матикаға қызығушылығын оятуға барымызды саламыз.

– Кітаптың алғы сөзін Асқар Жұма­ділдаев жазыпты. Белгілі мате­матикпен қалай байланысқа шықтыңыз?

– Асқар ағаға ел жастарының ойлау қабілетін дамыту мақса­тын­да кітап жазғанымды айттым. Кітапты қарап шығып, ұнаса пікір беруін сұрадым. Жақсы деп кітабымды алып қалды. Бір ай бойы зерттеді, қарады. Бір айдан соң: «Нұрлан батыр, мына кітабың маған ұнады. Расында, ішінде жастарға көмек боларлық біраз дүние бар екен. Бірақ сен оған әр сабақтың алдына шы­­ғару жолдарын, көмек болар­лық нұсқаулық қос. Неге? Өйт­­кені ауылдағы, аймақтағы жас­­­тарымызға тыңғылықты тү­сін­­дірмесең, нәтиже болмайды. Шешу жолдарын бірге қамтысаң, ба­лаларға ұғынықты болады. Мұ­ға­лім іздеп кетпесін». Осы сөзге ұзақ ойландым. Оқушы өз-­өзі­мен жұмыс істеп үйренсін де­­ген ниет болды. Әр тақырып бойынша шығару жолдарын қос­тық. Оңай тақырып болса 5 есеп, қиын деңгейде 10-15 есептің шешу жо­лын ұсындық.

– Елімізде логиканы дамытуға арналған бірнеше кітап жарық көрді. Өтепов ұсынған кітаптың ерек­шелігі неде?

– Қазақстан бойынша логи­ка­лық дамуға арналған қазақ тілінде 4-5 кітап бар екен.   Орыс­ша іздесеңіз, көп табасыз. Жал­пы, білімнің бастауы, ғылым ағыл­шын­ша өрбиді. Сосын орыс тіліне аударылып, бізге жетеді. Елімізде сан түрлі аударма нұсқасы бар. Көбінде сұрақ пен тақырып аралас. Суреттерге байланысты есепке кезігесіз де, артынша мәселе есеп шығарасыз. Біз аталған ол­қы­­лықтың орнын толтырып, жүйе­лі дүние жаздық. Кітаптың 2 нұсқасы бар. Алғашында әр бө­лімде кітаптың оң жақ бетін бос қалдырдық. Үйренгенін тәжі­ри­­бемен ұштастырғанын қала­дық. Кейіннен білім басқар­ма­сы ұсы­ныс айтып, алып тастауы­мыз­ды өтінді. Өйткені кітаптың біраз салмағы бар, тасып жүру қиын. Сә­уір айында басылған нұсқада бет саны аз. Алғашқы таралымы 1 000 дана. Қазір 5 000-ға жетті.

– ҰБТ-дан 120 ұпай жинапсыз. Бакалаврды Павлодарда, магистра­тура­ны Ақтауда оқыдыңыз. Мұндай тәжірибе нені үйретті?

– Жан-жақты жетіле түстім. Еліміздегі оқу орындарын зертте­дім. Керегін таптым. Павлодарда ғылым жолында еңбек етіп жүр­ген бірегей ұстаздар бар. Со­лар­­дан білім жидым. Мектеп қа­быр­ғасынан білгеніммен бө­лі­суге асықтым. ҰБТ-ға 10-сы­нып­та толық дайын болдым. 11-сыныпта қатарластарыма са­бақ өтіп, прогресс көрсеттім. Сы­нып­тастарымның математи­ка­дан қиналатынын көріп, оңай жол тапқым келді. Жақсы педагог ата­натыныма көзім жетті.

Негізінде Қазақстанның бі­лім астанасы – Павлодар. Оған бірнеше фактор себеп бола алады. С.Торайғыров, Қ.Сәтбаев, бертін келе Бектұров солтүстік өлкеде білімнің шырағын жаққан. Әрі Марғұлан туған мекен Ресейге жақын. Ал көрші мемлекетте бі­лім деңгейі бізден қарағанда көш ілгері. Ізденген сайын білім кенін қазып дегеніме жеттім.

– Оқушыларды жан-жақты зерт­тегеніңізді айттыңыз. Неліктен қазір қосымша курс көбейіп кетті?

– Қалаларды аралап жүріп түйгенім – қазіргі балалар құлық­сыз. Кез келгенінен ұнатпайтын пәнін сұрасаңыз, математика мен физика деп жауап береді. Осыған қалай жеттік? Өйткені аталған пәндерді түсіндіру жүйесі қиын. Мысалы, физикада Ньютон заңын түсіндіру керек делік. Кітапта 2-4 бет әдеби аударма беріледі. Ньютон таңертең тұрды, жуынды, алма ағашының астында отырғанда басына алма құлады. Артық әңгіменің не керегі бар? Қысқа-нұсқа мәлімет берген дұрыс. Ньютонның заңы мынау, формуласы міне, заңдылықты мынаған сүйеніп ойлап тапты. Есеп пен шығару жолы беріліп, оңай жүйе қалыптассын. Ал бізде қалай, 200 беттік кітап болса, соның 100 беті – әдеби тіл. Осыдан баланың ынтасы жоғалады. Бірде бір мектептің директорымен әңгіме-дүкен құрдық. Неліктен оқушының математикаға келгенде кірпідей жиырыла қалатынын сөз еттік. Сондағы директор ойы қатты ұнады. Ол кісі «Нұрлан, қа­­зір кітап жазатындардың көбі –
теоретиктер. Олардың ойында сыныпта отырған 25 баланың мүмкіндігі бірдей. Бірақ іс жүзінде олай емес. Сондықтан кітапты теоретиктер емес, практиктер жазға­ны жөн» деді.

«Жастар неге оқу орталығына ағылып жатыр?» деген сұраққа жауап іздедім. «Не үшін екінің бірі репетитор жалдап, курсқа жазылып кетті? Әлде мектептің деңгейі төмен бе?» деген сұрақ мазалады. Осы мақсатта 2018 жылы Алматыдағы U-stady тест орта­лығына жұмысқа тұрдым. Орта­лыққа келген оқушылардың көзқарасын білдім, зерттедім. 1 жыл тәжірибе жинадым. Ең бірінші олқылық – қазіргі білім жүйесінде. Өйткені мұғалімге жүктеме көп. Ұстаз жаңартылған білім беру мазмұнында балаға білім берумен емес, есеп тапсырумен бар уақыты өтеді. Қағазбастылық көбейіп барады. Одан қалса электронды күнделік толтыруға асығады. Сал­дарынан балалар дүбәра күйде өсіп жатыр. Мектепте лайықты білім алмаған соң, орнын толтыру үшін орталықтарды жағалайды. Әр пәннен бір репетитор жалдайды. Алдында қазақ тілінен репетитор үйрететіндерді көріп, жағамды ұстадым. Мектепте бағдарлама ауырлап бара жатыр. 30-40 жыл жұмыс тәжірибесі бар ұстаздар қазіргі бағдарламаға қарағанда, ескі бағдарламамен екі есе білім бергенін жиі айтып жүр.

– Сонда қазіргі жастарға білім беру формасы қалай болу керек?

– Тойтарыс беруді үйрену үшін алдымен соққыны қабылдай білу керек. Сондықтан бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу үшін олардың пікірімен санасқан жөн. Смартфон дәуірі ме, мүмкіндік арқылы әрекетке көшейік. Біз Instagram-да Bilim.online парақшасын аштық. Ақырындап интернет кеңістікте білім плат­фор­масын құрып жатырмыз. Аптасына екі рет тікелей эфирде балаларға білгенімді үйретемін. Интернетке уақыт өткізе ме, онда пайдалы нәрсеге ұмтылғандарын сұраймын.

Оқушыға математика мен физиканы түрлі әдіспен түсін­ді­руге болады. Өзім мектепте са­бақ берген жылдарда теорияны тәжі­рибемен жалғадым. Сабақта шаңсорғыш, мотор және басқа да зат құрастырдық. Сондағы ба­лалардың құштарлығын көрсе­ңіз. Яғни, практика жүзінде бәрі жеңілдей түседі. Қазір мектептерге барсаңыз, еліміз математикадан әлемдік рейтингте 50-орында тұрғандай күй кешесіз. Дәл қазір Қазақстан рейтингте үздік бестікке кіреді. Әр жылы оқушыларымыз халықаралық физика-математика бәсекесінде топ жарады. Менің де шәкірттерім шетелден жүлдемен оралады.

– Топ жарған шәкірттер топта­лып елге оралудың орнына шетелде қала­ды. Мұның себебі неде?

– Халықаралық олимпиада жеңімпаздарын Гарвард, Оксфорд, Кембридж тегін оқуға шақырады. Бұл еліміз үшін абырой шығар, бірақ барғандардың қайтуы қиын. Гарвард не үшін грант бөледі? Кейін студенті Қазақстанға қайтып еңбек етсін деп пе? Жоқ, әрине. Жылына 100 мың доллар төлейді. Оқытады, жұмыс ұсынады. Түрлі жобада интеллектісін пайдаланып, 4-5 жыл жұмыспен қамтиды. Жұмысқа орналастыру маңызды. Өйткені елімізде «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келгендерді жұмыспен қамту көрсеткіші – 20-30%. Лицейде бірге оқыған қаншама қатарласым АҚШ пен Англияның білім биігін бағындырды. Келеді, бірақ елден лайықты жұмыс таппайды. 300-400 мың жалақы төлеп, білгенін пайдаға жаратудың орнына 100 мың теңге айлық ұсынамыз. Олар шетел көрген, өзіндік құнын біледі. 1-2 жыл елде жүреді де, шарасыз күйде шетелге кетеді. 5-10 мың доллар айлық табысы бар жұмысқа кіреді. Мысал көп. Google, Microsoft-тa жұмыс істеп жүрген дарынды жастар бар. XXI ғасыр – адамның миы саудаға түскен алаң. Осы алаңда Қазақстан баласының білімін бағалай білсек екен.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ