Елде қыс қаһарына мініп, үскірік аяз күшейді. Салдарынан өңірлер елді мекеннен тыс жолдарды жабуға мәжбүр. Алайда ескертуге қарамастан сапарға шығып кеткен көлік иелері жолда қалуда. Оларға полиция қызметкерлері көмекке келген. Мысалы, Павлодар облысының полицейлері тас жолда көлігі бұзылып қалған шетелдік жүк көлігінің жүргізушілеріне көмекке келді.
Облыста мереке күндері қатты аяз, көктайғақ болды, кей жерде ауа температурасы -43°дейін жеткен. – Павлодар–Нұр-Сұлтан автожолын патрульдеу кезінде тоқтап тұрған жүк көлігін байқадық. Оның жүргізушілері Қазгидрометтің ескертуін елемей, Ресейден Қырғыз Республикасына беттеген. Алайда аяз қысып, машинасындағы солярка қатып қалыпты. Сөйтіп, олар түнде далада қалып қойған. Біз оларды ең жақын лагерьге жіберіп, өзіміз көлікті жылытумен айналыстық. Көлікті Шідерті ауылының жылы боксына жеткіздік. Көлік жылыған соң жүргізушілер сапарын жалғастырды. Әріптесім Азамат Шақшабаевпен бірге олар шекарадан асқанша ұдайы хабарласып тұрдық, – дейді патрульдік полиция ротасының инспекторы Рустам Верещак. Ал Түркістан облысында Келес аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметінің инспекторлары Данияр Ешенқұлов пен Жандос Полатов жолда қалған жүргізушінің көлігін жөндеп берді. Олар ауылдық округті патрульдеу кезінде жол үстінде «Волга» автокөлігі бұзылып, әбігерге түсіп жатқан жүргізушіге кезікті. Полицейлер оған көмек қолын ұсынды. Автокөліктің бөлшегі істен шыққан екен, тәртіп сақшылары тез арада жақын маңдағы мамандандырылған дүкеннен қажетті бөлшекті алып келіп, ауыстырып салып, көлікті жүргізіп берді. Жүргізуші Ішкі істер органының қызметкерлеріне алғысын білдірді.Е.СЕНБАЙ