Стати ісіндегі соны бетбұрыс

Стати ісіндегі соны бетбұрыс

Стати ісі бойынша Қазақстанның сотқа барген шағымына америкалық компания қосылды. Сот процесі арандатқаны және Статимен ымыраласқаны үшін Нью-Йорк қаржыгері Чапменді жауапқа тартуға бағытталған. 

«Америкалық қор Қазақ­станның Чапмен мен Argentem Creek-ке қарсы айыптау талабына қосылды. Олар Статимен ымы­раласқан деп айыпталып отыр. 2020 жылғы 31 желтоқсанда Outrider Management комп­аниясы Қазақстанның Нью-Йоркте қа­ралып жатқан жер­гілікті қар­жыгер Дэниел Чап­менге және ол бақылайтын Argentem Creek компаниялары тобына қарсы талабына қосылды. Сот процесі Анатолий Стати және оның ұлы Габриель Стати, сондай-ақ олар бақылайтын компаниялар же­лілері жасаған жүйелі алаяқ­тыққа көмектескені, аранда­­­ту­шылыққа барғаны және ымы­раласқаны үшін Чапменді жауап­кершілікке тартуды көз­дейді. Бұл алаяқтық Қазақстанға ғана емес, Outrider-ді қоса алғанда, бірнеше тарапқа да залал кел­тірді», – деп хабарлады елі­міздің Әділет министрлігі. Outrider-дің бұған қандай қатысы бар? Ол кезінде Стати компаниясына инвестиция салыпты. Атап айтқанда, 2009 жылы Outrider британдық Вирд­жин аралдарында тіркелген және Анатолий Статиге тиесілі Трис­тан Ойл Лтд компаниясы шы­ғарған облигацияларды сатып алады. Ал Чапмен болса, төл Argentem Creek компаниясымен бірге Тристан облигацияларының ірі иеле­нушілерінің бірі болған. Қазақстанның Нью-Йоркте ұсынған шағымында Стати алаяқтығының мәні егжей-тегжейлі баяндалған. Онда ай­тылғандай, облигацияларға салынған ақшаның ұрланғанын анықтай сала, Чапмен Статиге қарсы сот ісін қозғаудың және алаяқтықты тоқтатуға бағыт­талған құқықтық шараларды қолданудың орнына алаяқтық істі ары қарай қолдап, ақшаны жәбірленуші тараптан, яғни Қазақстаннан өндіріп алуды ұй­ғарған. Жаңа талаптарға Әділет ми­нистрі Марат Бекетаев түсі­нік­теме берді. «Outrider компаниясының сотқа талап-арыз беруі Стати тарапы мен олардың Чапмен және Аргентем Крик сияқты сыбайластарының алаяқтық схемаларынан тек Қазақстанның ғана зардап шекпегенін дәлел­дейді. Біз алаяқтық құр­­бан­дарының күнгейге шығуын және алаяқтарды жазалауға бағыт­талған біздің күш-жігері­мізге қосылуын қолдаймыз. Бұл жаңа талаптар Стати мен олар­дың сыбайластары төрелік сот пен кейбір соттарды адастыра алғанымен, түптің түбінде әді­леттіктен қашып құтыла ал­майтынын растайды», – деді министр.

Ерік ЕРДЕНОВ