Биыл экономикада қандай өзгеріс болады?

Жаңа жылдың алғашқы  сауда күні мұнай бағасының  өсуімен есте қалды: Brent мұнайдың  бағасы 52,5 АҚШ долларынан асты. Мұндай баға соңғы рет 2020 жылдың 26 ақпанында тіркелген еді.  Ал 2021 жылдың екінші күні доллар индексі (DXY – дамыған елдердің валюталары қоржынына қатысты америкалық доллардың мәні) жаңа деңгейге түсіп, 2018 жылдың ақпан айындағы ең төменгі 89,51 тармақты құрады. Қарапайым тілмен айтқанда, әлемде доллар арзандады. Бұл теңгенің айырбас бағамын нығайтуға  жақсы себеп болмақ.

Келесі жағымды жаңалық қазақстандықтар арасында де­позитін теңгеде сақтаушылар кө­бейді. Өткен жылдың қараша айының аяғында Қазақстандағы депозиттік ұйымдардағы депозит көлемі 21,940 млрд теңгені құрады. Депозит құрылымында шетел валютасындағы (доллар) депо­зиттің орнына теңгемен салынған депозиттің үлесі басым шықты. Заңды тұлғалардың депозиттері қараша айында 11% немесе 697 млн АҚШ долларына төмендеп, теңгедегі аударымдары бір айда 14%-ға немесе 410 млрд теңгеге өсті. Біздіңше, жыл жаман бастал­маған сыңайлы. Ал сарапшылар не дейді? Алдағы уақытта эконо­микалық ахуал қандай бағыт ала­ды, теңге бағамы мен мұнай бағасында қандай өзгеріс болуы мүмкін?

Мұрат

Мұрат ҚАСТАЕВ, экономист:

– 2021 жылға жалпы болжам бірқалыпты қолайлы деп жасалып жатыр. 2020 жылға қарағанда биыл жақсы болуы тиіс. Оның басты себебі – коронавирус індетіне қарсы шығарылған вакцина әлем­нің алдыңғы қатарлы елде­рінде салына бастады. Біздің болжамға сәйкес, осы жылдың екінші жартысында әлемнің едәуір бөлігі вакцина алады, соның арқасында пандемияның күші әлсіреп, 2022 жылы індет толық жоғалуы мүмкін. Нәтижесінде, биыл шикізат тауар­ларына, әсіресе мұнай бағасы кө­терілуі мүмкін. Ал біздің елдің экономикасы толығымен әлем экономикасы мен мұнай бағасына тәуелді болып қала береді.

2021 жылы мұнай бағасы Brent сұрыбының баррелі 45-55 доллар тұрады. Мұнай осы баға маңайында болса, доллардың бағамы 420-440 теңге мөлшерінде болады. Мұнай бағасы 55 доллардан асса, доллар 400-420 теңгеге дейін арзандауы мүмкін, ал, керісінше мұнай 30-35 долларға дейін, немесе одан да төмен түссе, доллар бағамы 440-460 теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Яғни, барлық болжам панде­мияның бәсеңдеу динамикасына тәуелді болып отырады. Эко­номикамыздың оған соншалықты тәуелді болуының себебі – біздің экономиканың негізі шикізат экспортынан тұрады. Эко­номи­камызды әртараптандыруды жү­зеге асырмайынша, ел бюджеті, теңгенің күші толығымен шикізат, әсіресе мұнай бағасының артынан құбыла береді.

Оразбек

Оразбек МЫРЗАҚҰЛ, экономист:

– Биыл экономиканың қал­пына келу үдерісінің алғашқы белгілері бай­қалатын жыл болмақ. Олай бо­луының негізгі себептері, ең алды­мен әлемдік энергия ресурс­тары нарығында, атап айт­сақ мұнай бағасының қалпына келуіне бай­ланысты.

Қазына кірісінің 70% құрайтын мұнайдан түсетін табыс ел эконо­микасына серпін беруі керек. 2021 жылы локдаун қайталанады деп ойламаймын, себебі 2020 жылғы тәжірибе бұл шешімнің өте шы­ғынды екенін көрсетті. Оған вак­циналардың пайда болуын қоссақ, ешқандай ел ол шешімді қайта қабылдамаса керек.

Бұл өз кезегінде әлем елдері шекарасын туристерге бірте-бірте ашуға алып келеді. Яғни, әуета­сымалы оңалып, әлемде мұнайға деген сұраныс артады. Бұл де­геніміз – ел қазынасына көбірек қаражат түседі, демек мемлекет шығындары көбейеді (мемлекеттік бағдарламалар, трансферттер, экономиканы дамытуға бағыт­талған іс-шаралар жасауға мүм­кіндік туады).

Ел экспортының ең үлкен бөлігін мұнай құрағандықтан, елде долларға деген ұсыныс сұранысты қанағаттандыра алады. Яғни, тенге бағамы тұрақталып (420-430), тіпті долларға қарағанда кішігірім нығаюы мүмкін (415-420).

Инфляция деңгейі (ресми) 6% аспай, құрылыс, ауыл шаруашы­лығы, сауда салалары өсім көр­сетеді. Сонымен қатар халық жи­нағының артуы, зейнетақы қоры­нан қаражат алуға рұқсат берілуі, мұнай бағасы мен теңге тұрақ­тылығы экономикада өсім болуы­ның алғышарты бола алады.

Дегенмен мұнай бағамына бай­ланысты ОПЕК ұйымы 2021 жылға мұнай өндірісін арттыруды жос­парлап отыр, демек әлемдік на­рықта мұнай көбейсе, сәйке­сінше бағасы төмендеуі мүмкін. Алайда баға өседі деген болжамға көбірек сенемін.

Досжан

Досжан АЛТАЙ, экономист:

– Жаңа жылдың алғашқы күні мұнайдың Brent маркасының бағасы 52,5 долларға жетті. Мұны соңғы уақыттағы COVID-19-ға қарсы вакциналардың пайда болуымен және көптеген сарап­шылардың әлем экономикасының үміт ұялататын болжамдарынан байқауға болады. Сонымен қатар Иран мен Израиль мемлекеттерінің арасындағы ушығып бара жатқан шиелініс те өз әсерін тигізіп жатыр.

2021 жылы әлемдік ЖІӨ-нің 6,4%-ға өсуін болжайды. Алдымен бұл жандануды дамушы елдердің экономикасы бастайды, содан кейін АҚШ пен Еуропада эконо­микалық өсу қайта жандануы мүмкін.

Дәл қазір АҚШ пен Еуропада COVID-19 жағдайының көбеюі қалыпты жағдайға оралуды қиындатады. Алайда пандемия ұзаққа созылса да, әлемдік эко­номика таңғаларлық тұрақтылығын танытуда. Көптеген аналитикалық ұйымдар 2021 жылы әлемнің ЖІӨ-і пандемияға дейінгі көрсеткіштерге жетеді деп болжап отыр.

Егер жоғарыда аталған оң бол­жамдар орындалса, мұнай баға­сының тұрақтылығына әсер етеді. Ол дегеніңіз – ұлттық валю­та­мыздың тұрақтылығына алып келеді. Алайда теңгенің тұрақ­ты­лығы деп айту артық болатын шығар, өйткені оның бағамын сыртқы, біз әсер ете алмайтын, сыртқы фактор анықтайды (кө­бінесе Ресей рублі мен мұнай бағасы).

Әлемдегі ең көп қолданылатын валюта АҚШ долларына келетін болсақ, жағдай қатты қуанарлықтай емес. АҚШ-та бұрын-соңды болмаған шығындар бюджет пен ағымдағы шоттың үлкен тапшы­лығына әкеліп соқты және дол­ларды тартымсыз инвестицияға айналдырды. Доллардың бұл әл­сіздігі 2021 жылы да сақталуы мүмкін, өйткені инвесторлар тәуе­келді активтерге көшеді. 2020 жылы доллар шамамен 7% жо­ғалтты. АҚШ экономикасы жақсы жұмыс істесе де, доллар айтар­лықтай әлсіреуі мүмкін деп ой­лаймыз.

Дайындаған
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.