Қолжазба – ғасырлар руханияты

Қолжазба – ғасырлар руханияты

Көне ғасырдың ғасырлық мұрасы болған – қолжазба әр елдің сан ғасырлық рухани, саяси өмірінен, мәдениеті мен тарихынан мол мағлұмат беретін асыл мұрасы екендігіне ешкім дау тудыр­майты­ны анық. Өйткені сирек кездесетін қолжазбалар мен алуан түрлі сирек басылымдардың түпнұсқалары – бағзы заманнан бүгінге дейінгі ұзақ тарихи мерзімді қамтитын, әртүрлі тілдерде жазылған баға жетпес, құнды жәдігердің бірі.

Елбасы Н.Назарбаевтың қол­дауы­мен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасында: «Мәдени мұра – орны толмас құнды рухани, мәдени, экономикалық және әлеуметтік қазына. Мұра – осы заманғы ғылым, білім мен мәде­ниеттің қайнар көзі. Бұл, табиғи байлықтарымен қатар, ұлттық өзін-өзі сыйлауы мен әлемдік қоғам­дастықты мойындатуына басты негіз саналады. Ұлттың руха­нияты халықтың жадында жаң­ғыруы үшін қолжазба мұралары асыл қазына ретінде сақталуы тиіс» делінген. Осы орайда, Мәдениет және спорт министрлігінің жүзеге асырған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында отандық және шетелдік архивтерден қазақ тарихына қатысты мұраларды жинау және оны сұрыптау жұмыс­тары атқарылды. Осы бағытта ша­ғатай, парсы, қытай, араб, моң­ғол, түркі, орыс және т.б. тіл­дер­де жазылған қолжазбалар мұра­сы­ның көшірмелері әкелінді. Ел тарихына қатысты мыңдаған ар­хив­тік құжаттар алынды. Архив қызметкерлері мен ғалымдар атал­ған бағдарлама аясында АҚШ, Ұлы­британия, Түркия, Франция, Венгрия, Қытай Халық Республикасы, Ресей, Армения, Өзбекстанның мемлекеттік архивтерінен, ғылы­ми мекемелерінен, музей және кітапханаларынан қазақ халқының тарихынан сыр шертетін құжаттық деректермен және қолжазбалардың көшірмелерімен еліміздің архив қорын толықтырды. Шетелдік архивтер, кітапханалар, ғылыми-зерттеу мекемелерінің сирек қолжазбалар бөлімдерінен 35 мыңнан аса тарихи құжаттар анық­талып, біраз бөлігінің көшірмелері алынған. Бұл құжаттардың басым бөлігі Алматы қаласындағы Орта­лық мемлекеттік архив қорын­да жинақталған. Осылайша, алыс-жақын шетелдерден Орта Азия мен Қазақ еліне қатысты құн­­ды жәдігерлердің жиналуы тарихымызды тереңірек білуге зор мүмкіндік туғызғаны анық.

Жазба ескерткіштерді түгендеу, сақтау, қатарын толықтыру күн тәртібінен түскен емес. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан–2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемле­кеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмы­сын жалғастыруымыз керек» деп тарихымызды түгендеудің мемле­кет­тік деңгейдегі аса маңызды іс екенін көрсетті. Осы бағытта шығыстанушы ғалымдардың жетекшілігімен Қазақстан тарихы туралы түркі, араб, парсы, орыс, қытай, моңғол тілдерінен аударылған деректемелер сериясымен қоса, 2011 жылдан бас­тап Алматы қаласында «Қазақ қолжазбалары. Көне түркі және қазақ жазба әдеби мұралары (б.д.д. ІX ғ.бастап – XX ғ. дейін)» атты 10 томдық басылым жарыққа шықты. Бұл басылым «Мәдени мұра» мемле­кеттік бағдарламасының кітап серия­лары негізінде халық назарына ұсынылды. Белгілі ғалым, профессор Т.Жұртбай: «Қазақ руханиятының қайнар көзі өзінің ұзақ тарихында 16 қаріпті қабылдаған көне түркі дәуірінен бастау алатын қазақ жазуының, қазақ жазба және әдеби тілінің алғашқы үлгілерінен бастап XXI ғасырға дейінгі аралықта біртұтас қазақ мәдениетін қамтитын қолжазба деректерді жинақтап, ұлттық рухани мұраларды ғылыми жүйеге түсіру, сол арқылы қазақтың ғылыми көркем ойлау жүйесінің қалыптасу жолын көрсету» деп жазды.

Әлемдік орта ғасыр әдебиетіне екі ірі шығарма қосқан Мырза Хайдар Дулатидің де түркі тіліндегі «Жаһаннама» атты поэмасы мен парсы тіліндегі «Тарих-и Рашиди» (1499-1551 жж.) бар. Осы аталған шығар­малардың қолжазба нұсқалары шетелдік мұрағаттарда сақтаулы. Мысалы, «Тарих-и Рашидидің» Британия мұражайында, Теһран университетінің кітапханасында, Ташкенттегі Ә.Бируни атындағы шығыстану институты қолжазбалар қорында, Душанбе жазба деректер институтындағы қолжазба қорын­да, Мәскеу қаласындағы Азия ха­лық­тары институтының шығыс әдебиеттер бөлімінде, Ресей Ғы­­лым академиясының Санкт-Петер­бор қаласындағы шығыстану инсти­тутының қолжазба қорында парсы және түрік тілдеріндегі бірнеше қолжазба нұсқалары сақтаулы. Ал Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» шығармасы жалғыз қол­жаз­ба нұсқасында Стамбұлдың Ұлт­­тық кітапханасында тұр. Мұ­ны айтып отырғанымыз, бү­гін­гі Қазақстанның қоғамдық өмі­рін­дегі түбірлі өзгерістер, ең алды­мен өзінің төл тарихын танып, өткеннің тағылымды тұстарын біл­гісі кел­ген азат ойлы қазақ қоғамы­ның қа­жет­тілігінен туды деп қабыл­дауы­мызға болады.

Көне Казақстан территория­сын­да дүниеге келген жазба мұраларды шығыстанушы ғалымдар зерттеп, іргелі еңбектер қалдырды. Соның бірі «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» деп аталатын 10 томдық басылым 1975-1989 жылдар аралығында жарық көрген. Жинақта Орталық ғылыми кітапхана мен Әдебиет және өнер институтында сақталған қазақ колжазбаларының ғылыми сипаттамасы берілген. «Қазақ қолжазбаларының ғы­лы­ми сипаттамасына» енген шы­ғар­­малардың басым көпшілігі қазақ халқының арғы-бергі өмі­рі­нен алын­са, біразы шығыс халық­та­ры­ның шығармаларын қамтиды.

Қазіргі таңда Елбасы Н.Назарбаев­тың: «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақа­ласында отандық және шетел­­дік архивтерден іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса на­зар аудару керектігін, ол үшін «Архив-2025» бағдарламасы қабыл­да­нуы тиіс екенін атап көрсетті.

Рухани қазынамыз – қолжаз­ба­лар­ды сақтауда, оны келешек ұрпаққа жеткізуде кітапхананың алатын орны ерекше. Әсіресе, Орталық ғылыми кітапхананың қорында құнды қолжазбалардың мол екендігі белгілі. Бұл жөнінде Г.Абикова «Орталық ғылыми кітапхананың қорындағы «Шахнама» дастанының қазақша нұсқалары» атты мақала­сында кітапхана қорында «Хандар шежіресі (XVII-XVIII ғғ.)», «Әмір Темірдің Қожа Ахмет Ясауи мешітіне берген вакуфтық грамотасы», «Абы­лай ханның Сібір генерал-губер­на­торына жазған хаты», шы­ғыс ойшылдары Ә.Фирдоуси, Ә.Навои секілді тұлғалардың аудар­малары бар екенін жазған. Ал Алматы қала­сындағы Ұлттық кітапхананың «Қолжазбалар және сирек кітап­тар» қоры туралы А.Бекишев «Исследования редких книг и руко­писей в Казахстане: основные направления и тенденции» атты мақаласында кітапхана қорында Г.Миллердің, Н.Рычковтың, Г.Потанин, А.Левшин, В.Татищев, П.Паллас, Н.Семенов-Тянь-Шанс­кийдің Орталық Азия және Қа­зақстан жайлы зерттеу еңбек­тері бар екендігін баяндаған. Сон­­дай-ақ осы қор бөлімінде Ш.Уәлиханов, А.Диваев, Н.Иль­минский, П.Мелиоранский, Ы.Алтын­сариннің және В.Радлов, В.Бартольд, Н.Пантусовтың еңбек­терінің топтамасы сақталғандығы да айтылады. Сонымен қатар Ұлттық кітапхананың «Қолжазбалар және сирек кітаптар» қорында 2008 жылдан бастап парсы тіліндегі қолжазбалардың каталогі жасалған. Белгілі шығыстанушылар С.Абдулло мен С.Бакир Камаледдин әр қолжаз­баға ғылыми тұрғыда бағасын бе­ріп, сипаттау, талдау жұмыстарын жаса­ған.

Сирек кітаптар мен қолжазба мұраларына байланысты әлемдік деңгейдегі ең бай қолжазба қоры сақталған елдің бірі – көршілес Өзбек­стан. Ондағы Әбу Райхан әл-Бируни атындағы Шығыстану институтының қорында 40 мыңнан астам шығармадан тұратын 18 мың томдық қолжазба бар. Бұл институттың негізгі саласы қолжазба қорымен тығыз байланысты. 2000 жылы аталмыш институттың қол­жазба қоры «ЮНЕСКО» мәдени мұра тізіміне енгізілді. Әбу Райхан әл-Бируни атындағы Шығыстану институтының қолжазба қорында шығыс тілдерінде жазылған шы­ғар­­малар және құнды мұралар сақ­талған. Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ал­дында болашақта Өзбекстандағы Әбу Райхан әл-Бируни атындағы Шығыстану институтының мұралар­ға бай қолжазба қоры секілді өз қорын молайтып, одан әрі дамыту міндеті тұр.

Еліміздің тарихынан сыр шерте­тін сирек кітаптар мен қолжазбалар мұрасын жинақтап, ғылыми тұрғыда айналымға енгізуді мақсат еткен «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» 2017 жылы маусым айының 10 жұлдызында EXPO-2017 халықаралық көрмесі аясында ашылған болатын. Осы уақытқа дейін Қазақстанда сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларды жинау қиын болды. Оларды бір орталықтан бақылап, түгендеп отыратын жүйе болмады. Құнды жәдігерлеріміз әлі де шетелдік архив, кітапхана және ғылыми мекемелерде, елге оралғандары архивтер мен кітапхана, ғылыми орталықтарда сақтаулы жатыр.

«Ұлы даланың жеті қырында» қойылған міндеттерімен үндесіп жатқан төл тарихымызға ғылыми әлеуетті жұмылдыру қажет. Оның екі басты себебі бар: біріншіден, 30 жылға жуық уақыт аралығында тәуелсіз Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласы тарихи-мәдени және білім мен ғылымның әлеуетін айшықтайтын ордаға айналды. Осы бағытта Нұр-Сұлтан қаласында жазба жәдігеріне бай кітапханалар, архивтер, музейлер, ғылыми-зерттеу орталықтары, жоғары оқу орындары жұмыс істейді. Демек, жазба мұралардың шоғырланған жері ретінде Нұр-Сұлтан қаласында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының болуы өте тиімді деп санаймыз. Екіншіден, бұл қара шаңырақта жазба ескерт­кіш­терді жинақтауға, зерттеуге мүмкіндік беретін электронды оқу залы, көрме залы, қалпына келтіру және бүлінуден қорғау зертханалары мен ғылыми жұмыстарды үйлестіру бөлімі бар.

Елбасы Н.Назарбаев «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында өзіміздің ұлттық кодымызды, мәдениетімізді сақтау­дың маңызын айтқан болатын. Осы­ған орай, ел тарихынан сыр шер­тетін сирек кітаптар мен қол­жазба мұраларын көзіміздің қа­рашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалдыру мақсатында төмендегідей ұсыныс­тар жасаймыз: біріншіден, рес­пуб­ликамыздың әр облыс өңір­ле­рінде бұрыннан құрылған си­рек кітаптар мен қолжазбалар орта­­лықтарын бірізділікпен орта­лық­тан­дыру; екіншіден, алыс-жақын шетелдердегі және еліміздегі ака­демиялық кітапханалар мен ғы­лыми орталықтарындағы сирек кітап­тар мен қолжазбалар қоры­ның көшірмелерін жинақтап, орталықтандыру; үшіншіден, «Мәде­ни мұра», «Халық – тарих тол­қынында» мемлекеттік бағдар­ла­малары бойынша жинақталған құжаттардың көшірмесін алу; төртіншіден, әлемдік деңгейдегі қол­жазба орталықтарының бай тә­жірибесін басшылыққа ала оты­рып, қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығын әлемдік деңгейге көтеру; бесіншіден, осы мақала аясындағы жоғарыда атал­ған ойлар мен мәселелер бойын­ша отандық ғалым-профес­сор­лардың, зерттеушілердің, сала ма­мандарының тұжырымды пікір­ле­рін ортаға салып, қоғамдық ой-пікірді туғызу. Өзіміздің дәстүрімізді болашақ ұрпақтың санасына сіңіру арқылы бәсекеге түсуіміз керек. Осы орайда, «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген аталы сөздің де алар орны ерекше болмақ.

 

Нұрлан ЕРЕЖЕПОВ,
қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы 
директорының міндетін атқарушы