Топжарған дүлдүлдер
Топжарған дүлдүлдер
130
оқылды

Жаңа аптаның есігін алтын медаль «қақты». Баландин АҚШ-тың жүзуден ашық чемпионатында топ жарды. Садриддин Ахмедов аргентиналық қарсыласын жеңді. Отандастарымыз ерлер және әйелдер арасында KWU киокушинкайдан өткен әлем чемпионатында 5 медаль алды.

Баландин қос медаль алды

Атланта қаласында жүзуден ашық чемпионат өтіп жатыр. Турнирге ел атынан Дмитрий Баландин мен Әділбек Мусин қатысты. 100 метрге брасс әдісі­мен жүзу сайысында Балан­дин жеңіске жетті. Дмитрий жүз метр­лік межені 59 с 36 мс-та ба­­­­ғындырды. Американ спорт­шы­сы Эндрю Уилсон 59 с 54 мс нәти­жемен екінші орын алып, мил­лисекундтың маңызын тү­сін­ді. Ал Коди Миллер жүз метр­ді 59с 92 мс жүзіп, үздік үш­тік­ті түйіндеді.

Келесі айналымда Рио Олим­пиадасының жеңімпазы күмісті қанағат тұтты. 100 метрге брасс әдісімен жүзуде Коди Миллер барын салды. Ол 2:09.67 көрсет­кі­шімен мәре сызығын кесті. Дмитрий Баландин 2:09.71 уа­қыт көрсеткішімен жарыс жолын аяқтап, күміс медаль иелен­ді. Жүз метрді 2:10.10 мс-да жүзіп өткен Эндрю Уилсон қола ме­даль алды.

Осыған дейін Баландин 2020 жылы өтетін Олим­пиада ойындарына жолдама алды. Халықара­лық су спорты турлері федерациясының (FINA) Гуанч­жоуда өткен Champions Swim Series атты жаңа турниріне қа­тыс­ты.



Жетісайлық жас саңлақ

Қазақстандық боксшы Сад­­риддин Ахмедов Канадада кез­­десу өткізді. Жекпе-жекте ар­ген­тиналық Хосе Антонио Вильяболоспен қолғап түйістір­ді. Жас талант шаршы алаңда ерекше көзге түсті. Жеңісті жо­лын жалғап, Хосе Антонионы жетінші раундта нокаутпен жеңді.

Осыған дейін бірде-бір рет жеңілмеген ол 2019 жылы 5 жекпе-жек өткізді. Соның ішінде төрт кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Барлығы 11 рет шаршы алаңға шыққан Садриддин барлық кездесуінде басымдық танытқан. Ал оның аргентиналық қарсыласы осымен алтыншы рет жеңілді.

Канада 21 жастағы отан­да­сы­мыздың бабы мен бағы қа­­тар шапқан жер болды. Өйт­кені 30 маусым күні ол жа­һан жұртын тәнті еткен. IBO International чемпиондық бел­беуі үшін өткен бокс кешінде мек­сикалық Даниэль Вега Кота­мен жұдырықтасып, қарсыласын әуре-сарсаңға салды. Бірінші раундта үш рет нокдаунға жі­бер­ді. Қазақстандық талант­тың адуы­нынан төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша, Ахмедов 90 секундта кездесу тағдырын шешті.


Алтын мен күміс сыңғыры

Нұр-Сұлтан қаласында KWU киокушинкайдан ерлер жә­не әйелдер арасындағы әлем чем­­пионаты өтті. Бәсекеде бақ сы­нау үшін әлемнің 54 елінен 301 спортшы келді. Спортшылар 15 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Соның ішінде ерлер – 9, әйел­дер 6 салмақ дәрежесі бо­­йын­­ша өзара мықтыны анық­та­ды.

«Жекпе-жек» сарайында өт­кен жарыста 85 кг дейінгі сал­мақта Владимир Артюшин алтын медаль иеленді. 70 келіде барын салған Еркебұлан Бейсембаев күміс медаль алды. Ал әйелдер ара­сында өткен сында қос қы­зы­мыз алтыннан алқа тақты. Олар – 50 келі салмақта өнер көрсеткен спортшымыз Людми­ла Устюгова мен 70 келі салмақта ел намысын қорғаған Әсемгүл Са­бырхан. Қоржынға түскен ке­зек­ті күмістің иесі – Екатерина Гурова.

Қазақстан құрамасы әлем чем­пионатын 3 алтын және 2 кү­міс жүлдемен аяқта­ды. Тар­тыс­ты бәсекені Қазақстан­ның жауынгерлік өнер ассоциациясы мен Kyokushin World Union Ха­­лықаралық ассоциациясы ұйым­дас­тырды.


Айбике ЖАНАСЫЛ