Арман мен ақиқат
Арман мен ақиқат

АХҚО аумағы Ватикан, Монако секілді мем­лекеттер жерінен 8-10 есе­ге үлкен! Ресми мәлі­метке жүгінсек, «Астана» халық­аралық қар­жы орталығына елорда ішінде 1 632 гектар тиесілі. Ол «мемлекет ішін­дегі мем­лекетке» ұқсайды: өз заңна­масына ие. Жо­ғарғы сотқа бағын­байтын, британдық құ­қыққа негіз­дел­ген төл сот жүйесін құ­рып алды. Тіпті, жеке тілі бар: ресми іс-қағаз­дар

Территориясы кейбір тәуел­сіз мемлекеттерден бірнеше есе ау­қымды болғанымен, AIFC (Astana International Financial Centre) әзірге қаржы жағынан өзгеге тәуелді: республикалық бюд­жетке күні қараған.

 

АХҚО бюджетке қаншаға түсуде?

Басқарушысы Қайрат Келімбетов жария еткеніндей, құру туралы шешім қабылданған кезден былтырға дейінгі ара­лықта мемлекет орталықты іске қосуға және дамытуға шамамен 6 миллиард теңге шығындапты. Миллиардтар AIX биржасының жарғылық капиталын қалып­тастыруға, сондай-ақ тәуелсіз со­тын, реттеушіні, арбитраж ор­та­лығын, әкімшілігіндегі қап­таған құрылымдарды түзуге жұмсалды.

Бұған қоса, 2018 жылғы бюд­жетте тағы 20 миллиард теңге көз­делді. Әрине, бұл шек емес. Ол ары қарай да ел қазынасынан қаржыландырыла бермек. «Сон­да «Астана» қаржы орталығы қашан ең құрығанда өз шығынын өзі өтей бастайды?» деген сұрақ­ты тек сарапшылар ғана емес, енді Парламент депутаттары да ашық қоюда.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары–Қаржы министрі Әлихан Смайылов 2020-2022 жылдарға арналған республи­калық бюджетте оған шамамен тағы 36 миллиард теңге беру бекітілгенін мәлім етті.

– Қайта бұл азайтылғаны! Әйтпесе, ертеректе бұдан 24 мил­лиард теңгеге көп көлемде қаражат көзделген. Мысалы, АХҚО-ны дамытуға жыл сайын ел бюджетінен 20 миллиард теңгеден бөліп тұру сұралды. Әйтсе де, келесі 2020 жылы орталыққа 13 миллиард теңге, 2021 жылы – 12,5 млрд теңге, ал 2022 жылы – 10,5 млрд теңге бюджеттен беріледі, – деді Ә.Смайылов.

Ол бұлай қысқартуға не себеп екенін де түсіндіре кетті: біріншіден, АХҚО биржасы 2020 жылдан бастап, мем­лекеттік қаржыландырудан бас тартады. Екіншіден, қаржы орталығының құрылу кезеңінде қажет етілген ІТ бағдар­ла­маларды әзірлеу, шетелден кеңес-консалтинг қызметтерін сатып алу секілді күрделі шы­ғыстары азайған.

– Демек, алда бюджеттен қаржыландыру сомасы кеми бермек. Мемлекет келешекте тек АХҚО органдарын ұстап тұру шығындарын ғана көтеретін болады. Яғни, штаты, соның ішінде шетелдік мамандар мен судьялар жалақысы, іссапар шығыстары және басқалары бюджет мойнында қалады, – деді бас қаржыгер Ә.Смайылов.

Негізі, 2018 жылғы 1 қаңтарда жұмысқа кіріскен биржаның (AIX) ел бюджетіне масыл болуы негізсіз. Өйткені Astana International Exchange – АХҚО орган­дары құрылымына кірмейтін жеке заңды тұлға. Меморган да, мемкәсіпорын да емес. Мұның сыртында аталған сауда алаңы­ның үлкен бөлігі – шетелдіктер меншігінде.

– Нақтылай кетсек, Шанхай қор биржасы, Жібек жолы қоры, NASDAQ биржа тобы, Goldman Sachs халықаралық қаржы тобы AIX жарғылық капиталының 38 пайызына ие. Жалпы, бұл биржа тек таяудағы 3-5 жыл ішінде өзін-өзі ақтай бастауы тиіс, – деді бірінші вице-премьер Әлихан Смайылов.

Жалпы, қаржы орталығынан ел экономикасына қандай пайда бар? Шетелдік алпауыт компа­ниялар мен трансұлттық кор­порациялар биржада өз құнды қағаздарын саудалауға қанша­лықты ықтияр?

– Біздің биржа платформасы арқылы 2018-2019 жылдары шамамен 2,5 миллиард доллар инвестиция тартылды. Оның 2 миллиардан астамы – қарыз. Акционерлік капитал 216 мил­лион долларды құрады. AIX тұғырнамасында «Қазатомөнер­кәсіп» ІРО-сы өтті және ұлттық атом компаниясы 129 миллион доллар қаржы тарта алды. Отандық Халық банкінің де IPO-осы бізде ұйымдастырылды, ол 66 миллион доллар тартты. Сондай-ақ бірінші рет ресейлік «Полиметалл» тау-кен өндіру компаниясы платформамызда 20 млн долларға акцияларын сата алды, – дейді АХҚО бас­қарушысы Қайрат Келімбетов.

Ол орталықтың бюджеттік бағдарламаларын қысқартуды жалғастыратынын мәлімдеді. Қайрат Нематұлы «Астана» қаржы орталығының басқару органдарын ғана қаржыландыру үшін жыл сайын 10,5-11 мил­лиард теңге керегін жеткізді. Тиісінше, бюджеттік қаржылан­дыру да сол деңгейге дейін оң­тай­ландырылмақ.

 

Соттамаса – судья тұл

Былтыр журналистермен кез­дескенде, Қ.Келімбетов AIFC қызметкерлерінің айлық жала­қысы 5 мың доллардан (шамамен 2 млн теңгеден) аспайтынын мәлімдеді. Алайда ол АХҚО со­тының төрағасы Лорд Вульфтың айлығын жария етуден ат-тонын ала қашты. Бүгінде бұл сотта 12 судья жұмыс істейді. Олардың барлығы – британдықтар, Англия мен Уэльс Жоғарғы сотын­да қызмет атқарған.

AIFC соты алғашқы сот шешімін ғана шығарды. Бұл оқиға 2019 жылғы сәуірде болды. Әйткенмен, ол үкім Aurora Ag Limited және Star Asian Mining Company жеке компаниялары арасындағы «ұсақ дауға» қатысты болған. Яғни, дау құны 150 мың доллардан аспапты.

Бұдан бөлек, АХҚО-ның Халықаралық арбитраждық орталығында 30 төрелік судья мен медиатор бар. Олар: Еуропа, Ресей, Жапония, АҚШ, Үндістан, Сингапур, Украина, Гонконгтен шақырылған. Екі отандық маман бар: бұлар заңгерлер Айгүл Кенжебаева мен Александр Коробейников.

Орталық арбитражы күні бүгінге дейін еш іс қарамаған. Хабарланғандай, алғашқы про­цестері «жақын келешекте бол­мақ». Әзірше қазақстандық медиаторлардың араағайын­дығымен бітімге келтіру бойын­ша екі процесс өткізіліпті.

 

Дубай алыстан қол бұлғайды

Әу баста AIFC құру кезінде Дубай халықаралық қаржы орталығының (DIFC) тәжірибесі негізге алынған. Ендеше, елор­дадағы орталықты Дубаймен салыстырған орынды. Біріккен Араб Әмірліктері 2004 жылы құрған қаржы орталығы небәрі үш-төрт жыл ішінде өз сала­сын­дағы жаһандық алпауытқа айналды. Дубай әлемдегі ең маңызды қаржы орталығының бірі атанды. The Spectator Index рей­тингінде ол былтыр 12-орынға шығып, жетекші «жиыр­­­малық» қатарынан табыл­ған. Ал 2019 жыл­ғы қыркүйекте жарияланған жаңа индексте 8-орынға дейін шығандай кө­теріліп, әлемдік «ондыққа» екпіндей кірді.

Айтқандай, дәл осы дүние­жүзілік рейтингте «Астана» халықаралық қаржы орталығы көзге көп көрінбейтін 51-ші орында тұр. Алдыңғы GFCI 25 индексі жарияланғалы бері ілгерілеуі «0» деп көрсетілген.

Бәсеке көрігі қызуда. Мы­салы, жан-жақтан қыспаққа алған батыс санкциялары ке­сірінен 88-орынға дейін құлаған Мәскеу қаржы орталығы (МҚО) биылдың өзінде бірден 17 пози­цияға шарықтап, 71-ші тұғырға қонды. Қарқынынан танбаса, «Астана» қаржы орталығының өңірдегі басты бәсекелесі оны көп артта қалдыруы мүмкін.

Бір қызығы, инвесторлар арасында, қаржы және бизнес саласында Дубай және Абу Даби қаржы орталықтарының дәуір­леуі қосымша тиімділік-эффект әкелді: араб тілі «әлемдегі ең ықпалды тілдер» рейтингінде 6-орынға шықты! Ол неміс және жапон тілдерін төрден төмен ысырған.

Дубайдың тасы өрге дома­лағанын Knight Frank халық­аралық консалтингтік компа­ниясының жақында жария­ланған Hub Report зерттеуі де растады. Онда Дубайдың қар­жылық және іскерлік қызметтері өткен онжылдық ішінде бірден 55,6%-ға өскені көрсетілген. Бұл төрткүл дүниедегі екінші ең жоғарғы көрсеткіш: одан тек 114,3% қарқынымен Шанхай ғана ілгері тұр.

The rise of the global financial hub есебінің авторлары DIFC ғажайыбының құпиясын ашуға талпынған. «Оның жетістіктері жаһандық қаржы және мұнай индустриясы компанияларына салықсыз режим немесе төменгі салық ұсынуымен қабысып жатыр», – деген тұжырымға келеді олар.

Jebel Ali-ден бастап, 34 еркін экономикалық аймақ құру ар­қылы арабтар сауда кедер­гілерін жойды және бюрократия­ны азайтты. Бүгінде осы ЕЭА-лар ынтымақтастықтың, оқыту­дың және білім алмасудың стра­тегиялық орталығы қызметін атқарады. DIFC-де әлемдік ірі банктер, инвестициялық фир­малар, сақтандыру компания­лары және 2 мыңнан астам өзге де қаржы ұйымдары шоғырлан­ған.

Биыл Дубай халықаралық қаржы орталығы аумағын үш есе кеңейту ісі қолға алынды. DIFC 2.0 жобасы орталықтың қазіргі аумағын 1,2 млн шаршы метрге дейін ұлғайтпақ. Нәтижесінде, 2021 жылы Дубай планетадағы «ең ақылды қалаға» – Smart Dubai-ға айналуға тиіс.