Хромтаудағы жарылыс. Кінәлі кім?
Хромтаудағы жарылыс. Кінәлі кім?

Ақтөбе облысы Хромтау ауданына қарасты шахтада жа­рылыс жұмыстарын жүр­гізу кезінде 4 қызметкер қаза тапты. Ал оқиға орнында жа­рақат алған адам ауруханадан үйіне шыққан. Қазір компания қаза тапқан жандардың от­басына жерлеу рәсімін өткізу үшін 2 миллион теңге қаржы берген. Аудан әкімінің ай­туын­ша, компания өтемақы тө­леу мәселесін де жолға қойған.

«Өтемақы береді»

Хромтау ауданы әкімі Нағым­жан Смағұлұлынан шахтадағы жарылыс жайында сұрадық. Оқиға 30 желтоқсан күні кешке болған. Салдарынан Көктау кентінен 30 шақырым жерде орналасқан «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖСШ «Весенняя Аралчинская» шахта­сында жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде 4 жарушы қаза тапты. Суыт хабар жете салысымен облыс әкімінің орынбасары С.Бекбергенов пен Нағымжан Смағұлұлы оқиға орнына барған. Әрине, Төтенше жағдайлар департаменті де істің мән-жайын анықтауға кірісіп кеткен. «5 қаңтар күні тексеру  комис­сиясы жұмысын бастайды. Жары­лыстың себебін анықтайды. Біз алдын ала мәлімдеме жасай алмай­мыз. Жалпы, төтенше жағдайлар қызметі кесте бойынша шахтада тексеру жұмысын жүргізеді. Кезекті тексеру 2020 жылы жазда жүргізілді. Компания басшы­ла­ры­мен де алдын алу шаралары туралы кеңесеміз. Олар қаза тапқан 4 адамды жерлеу үшін отбасына 2 миллион теңгеден берді. Өте­мақы тө­леу үшін жұмыс жүргізіліп жатыр», – дейді Хромтау ауда­нының әкімі.

«10 күн бойы тексеру жүреді»

Иә, 4 адамның неден қаза бо­­л­ғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Бірақ БАҚ өкілдері таратқан ақ­паратқа сүйенсек, «Ақтөбе мыс компаниясының» жұмысшылары тұншықтырғыш газдан уланып қал­ған. Ал 4 адамның мәйіті 31 жел­тоқсан күні таңға жуық жер астынан шығарылған. Олардың міндеті кен өндіретін жерді жарып, келесі ауысымға дайындау болған. Сол үшін жұмысшылар шахтада 1,5 шақырым тереңдікте жарылыс жұмысын жүргізген. Әрбір жары­лыстың белгіленген уақыты бола­тындықтан, кезекті жарылыстан соң қызметкерлер байланысқа шық­паған. Осыдан кейін апаттық-құт­қару тобы көмекке келген. «Облыс әкімінің тап­сыр­ма­сымен арнайы комиссия құ­рылды. Олар 10 күн бойы зерттеу жүргізеді. Еңбек инспекциясы тексереді. 5 қаңтар күні брифинг ұйым­дас­тырып, алдын ала жүргізген тек­серудің қоры­тын­дысын айтамыз. Компания бас­шы­лары да мәлімдеме жасауы керек», – дейді Ақтөбе об­лысы әкім­­­дігінің баспасөз хатшысы Ғани Жапшиев. Ал осы іс бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалған. Қаза тапқан азаматтардың отбасы жауап­ты мекемелердің жеке компания ығы­на жығылмай, тергеудің әділ өткенін қалайды.

«Қосымша есік жоқ»

«Ақтөбе мыс компаниясы» қыз­меткерлері де әділ шешімді күтіп отыр. Олар компания басшы­ла­­рының бұра тартып, аяғында «жұ­­мысшыларды кінәлі етіп қоюуы» мүмкін екенін айтады. Біз де ком­пания басшылығымен байланысқа шыққымыз келді. Алайда облыс әкімдігі «олар жеке компания, біз Төтенше жағдайлар департаменті арқылы байланысқа шығамыз» дегенінде таңырқап қалдық. Ар­­тынша Хромтау ауданы әкімі ком­пания басшыларымен «сөйлесіп тұратынын» айтқанда, байланыс нөмірін беруін өтіндік. «Нөміріме хабарлама жазыңдар, телефон нөмірін тапсам, жіберемін» деге­нінде жоғарыдағы сценарий қайта­ла­натынын түсіндік. Сонда жер­гілікті билікпен «байланыс­пайтын» жеке компания жұмысшылардың талап-тілегін орындай ала ма? БАҚ-тағы ақпаратта көрсе­­­тілгендей, қайтыс болған жұ­мыс­­­­шылардың әріптестері оқиға орны­нан кетпей, басшылыққа бірнеше талап қойған. Аудан әкімінің орынбасары да жұмысшылардың қарсылық білдіргенін растады. Олар тексерудің әділ жүруі үшін комиссия құрамына жұмысшылардың бірін қосуды сұраған. Алайда комиссия құрамына кімнің кіретіні 5 қаңтар күні белгілі болады. Ал жұмысшылар журналистерге кен орнында қауіпсіздік шарасы сақталмағанын мәлімдеген. Кенші Қаныбек Айқалқаның айтуынша, шахтада қосымша есік жоқ. Шығу жолы бар болғанымен, оның өзі апат жағдайында тұр. Сондықтан олар жауапкершілікті басшылықтың толық мойнына алғанын қалайды. БАҚ-қа сұхбат берген тағы бір жұмысшы Әмір Дәулетариннің айтуынша қаза болған жұмыс­шылардың денесі шахтада 6 сағат бойы жатқан. Байқасаңыз, баспасөз құралдарында тараған ақпаратта дабылдың 30 желтоқсан күні 21 сағат 21 минутта түскенін, одан кейін құтқару тобы «іске кіріскені» жа­зылған. Демек, тергеп-тексеру жұ­мыстары бұдан да басқа шикі­ліктің бетін ашуы мүмкін.

Қайтсек жарылыстың алдын аламыз?

Бұл – Хромтаудағы бірінші жарылыс емес. Қараша айында газ баллоны жарылып, бір отбасы түгелдей зардап шеккен-ді. Одан бұрын 2018 жылы Дөң кен байыту комбинатында жарылыс болып, бір адам жансақтау бөліміне түскен. Өңірдегі комбинатта жұмысшы­лардың бірнеше мәрте дене жара­қат­ын алғаны туралы мәлімет тір­­келген. Жұмыс орнында жа­рылыс болған жылы ком­би­наттың құрыл­ғанына 80 жыл толған. Жал­пы, осындай деректерге сүйенсек, ай­мақ­­­­­та қауіпсіздікке қатысты шаралар ұйым­дас­ты­­рылмайтын сыңайлы. Өнеркәсіп қауіпсіздігі жайында нұсқаулықты қарасаңыз, алдымен өндірістік нысандардағы өнеркәсіп қауіпсіздігі жағдайы туралы сарап­­тама керек екен. Жоғарыда кеніш қызметкері «қосымша есіктің жо­ғын» айтқан. Сонда компания кә­дуілгі сақтық шараларына бейқам қараған болып тұр. Ал Хромтау ауданы әкімі айтқан ТЖ қызмет­керлерінің жаздағы тексеру нәти­жесінде қосымша есік жайы жа­­­зылды ма екен? Өндірістегі энер­гетикалық және техникалық құ­­­­рылғыларды сынақтан өткізу жайы ше? Сондай-ақ құрылғыларды жөндеу мен уақытында тексеруден өткізу де маңызды. Яғни, комиссия шахтадағы оқыс оқиғаны тексеру кезінде осы факторға жауап табады деп ойлаймыз. Сонымен, жарылыстың алдын алу үшін қауіпсіздік шарасының қатаң сақталғаны керек. Жаттанды естілуі мүмкін, бірақ жер астында еңбек ететін жұмысшылар үшін тех­никаның, дабыл қызметінен бастап кенші бас киіміндегі фонарьға дейін талапқа сай болуы қажет. Сайып келгенде, мұны қадағалау – ком­панияның, тәртіпті сақтау – қыз­меткердің міндеті.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ