Ақтөбе облысы Хромтау ауданына қарасты шахтада жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде 4 қызметкер қаза тапты. Ал оқиға орнында жарақат алған адам ауруханадан үйіне шыққан. Қазір компания қаза тапқан жандардың отбасына жерлеу рәсімін өткізу үшін 2 миллион теңге қаржы берген. Аудан әкімінің айтуынша, компания өтемақы төлеу мәселесін де жолға қойған.
«Өтемақы береді»
Хромтау ауданы әкімі Нағымжан Смағұлұлынан шахтадағы жарылыс жайында сұрадық. Оқиға 30 желтоқсан күні кешке болған. Салдарынан Көктау кентінен 30 шақырым жерде орналасқан «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖСШ «Весенняя Аралчинская» шахтасында жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде 4 жарушы қаза тапты. Суыт хабар жете салысымен облыс әкімінің орынбасары С.Бекбергенов пен Нағымжан Смағұлұлы оқиға орнына барған. Әрине, Төтенше жағдайлар департаменті де істің мән-жайын анықтауға кірісіп кеткен. «5 қаңтар күні тексеру комиссиясы жұмысын бастайды. Жарылыстың себебін анықтайды. Біз алдын ала мәлімдеме жасай алмаймыз. Жалпы, төтенше жағдайлар қызметі кесте бойынша шахтада тексеру жұмысын жүргізеді. Кезекті тексеру 2020 жылы жазда жүргізілді. Компания басшыларымен де алдын алу шаралары туралы кеңесеміз. Олар қаза тапқан 4 адамды жерлеу үшін отбасына 2 миллион теңгеден берді. Өтемақы төлеу үшін жұмыс жүргізіліп жатыр», – дейді Хромтау ауданының әкімі.«10 күн бойы тексеру жүреді»
Иә, 4 адамның неден қаза болғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Бірақ БАҚ өкілдері таратқан ақпаратқа сүйенсек, «Ақтөбе мыс компаниясының» жұмысшылары тұншықтырғыш газдан уланып қалған. Ал 4 адамның мәйіті 31 желтоқсан күні таңға жуық жер астынан шығарылған. Олардың міндеті кен өндіретін жерді жарып, келесі ауысымға дайындау болған. Сол үшін жұмысшылар шахтада 1,5 шақырым тереңдікте жарылыс жұмысын жүргізген. Әрбір жарылыстың белгіленген уақыты болатындықтан, кезекті жарылыстан соң қызметкерлер байланысқа шықпаған. Осыдан кейін апаттық-құтқару тобы көмекке келген. «Облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Олар 10 күн бойы зерттеу жүргізеді. Еңбек инспекциясы тексереді. 5 қаңтар күні брифинг ұйымдастырып, алдын ала жүргізген тексерудің қорытындысын айтамыз. Компания басшылары да мәлімдеме жасауы керек», – дейді Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғани Жапшиев. Ал осы іс бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалған. Қаза тапқан азаматтардың отбасы жауапты мекемелердің жеке компания ығына жығылмай, тергеудің әділ өткенін қалайды.«Қосымша есік жоқ»
«Ақтөбе мыс компаниясы» қызметкерлері де әділ шешімді күтіп отыр. Олар компания басшыларының бұра тартып, аяғында «жұмысшыларды кінәлі етіп қоюуы» мүмкін екенін айтады. Біз де компания басшылығымен байланысқа шыққымыз келді. Алайда облыс әкімдігі «олар жеке компания, біз Төтенше жағдайлар департаменті арқылы байланысқа шығамыз» дегенінде таңырқап қалдық. Артынша Хромтау ауданы әкімі компания басшыларымен «сөйлесіп тұратынын» айтқанда, байланыс нөмірін беруін өтіндік. «Нөміріме хабарлама жазыңдар, телефон нөмірін тапсам, жіберемін» дегенінде жоғарыдағы сценарий қайталанатынын түсіндік. Сонда жергілікті билікпен «байланыспайтын» жеке компания жұмысшылардың талап-тілегін орындай ала ма? БАҚ-тағы ақпаратта көрсетілгендей, қайтыс болған жұмысшылардың әріптестері оқиға орнынан кетпей, басшылыққа бірнеше талап қойған. Аудан әкімінің орынбасары да жұмысшылардың қарсылық білдіргенін растады. Олар тексерудің әділ жүруі үшін комиссия құрамына жұмысшылардың бірін қосуды сұраған. Алайда комиссия құрамына кімнің кіретіні 5 қаңтар күні белгілі болады. Ал жұмысшылар журналистерге кен орнында қауіпсіздік шарасы сақталмағанын мәлімдеген. Кенші Қаныбек Айқалқаның айтуынша, шахтада қосымша есік жоқ. Шығу жолы бар болғанымен, оның өзі апат жағдайында тұр. Сондықтан олар жауапкершілікті басшылықтың толық мойнына алғанын қалайды. БАҚ-қа сұхбат берген тағы бір жұмысшы Әмір Дәулетариннің айтуынша қаза болған жұмысшылардың денесі шахтада 6 сағат бойы жатқан. Байқасаңыз, баспасөз құралдарында тараған ақпаратта дабылдың 30 желтоқсан күні 21 сағат 21 минутта түскенін, одан кейін құтқару тобы «іске кіріскені» жазылған. Демек, тергеп-тексеру жұмыстары бұдан да басқа шикіліктің бетін ашуы мүмкін.Қайтсек жарылыстың алдын аламыз?
Бұл – Хромтаудағы бірінші жарылыс емес. Қараша айында газ баллоны жарылып, бір отбасы түгелдей зардап шеккен-ді. Одан бұрын 2018 жылы Дөң кен байыту комбинатында жарылыс болып, бір адам жансақтау бөліміне түскен. Өңірдегі комбинатта жұмысшылардың бірнеше мәрте дене жарақатын алғаны туралы мәлімет тіркелген. Жұмыс орнында жарылыс болған жылы комбинаттың құрылғанына 80 жыл толған. Жалпы, осындай деректерге сүйенсек, аймақта қауіпсіздікке қатысты шаралар ұйымдастырылмайтын сыңайлы. Өнеркәсіп қауіпсіздігі жайында нұсқаулықты қарасаңыз, алдымен өндірістік нысандардағы өнеркәсіп қауіпсіздігі жағдайы туралы сараптама керек екен. Жоғарыда кеніш қызметкері «қосымша есіктің жоғын» айтқан. Сонда компания кәдуілгі сақтық шараларына бейқам қараған болып тұр. Ал Хромтау ауданы әкімі айтқан ТЖ қызметкерлерінің жаздағы тексеру нәтижесінде қосымша есік жайы жазылды ма екен? Өндірістегі энергетикалық және техникалық құрылғыларды сынақтан өткізу жайы ше? Сондай-ақ құрылғыларды жөндеу мен уақытында тексеруден өткізу де маңызды. Яғни, комиссия шахтадағы оқыс оқиғаны тексеру кезінде осы факторға жауап табады деп ойлаймыз. Сонымен, жарылыстың алдын алу үшін қауіпсіздік шарасының қатаң сақталғаны керек. Жаттанды естілуі мүмкін, бірақ жер астында еңбек ететін жұмысшылар үшін техниканың, дабыл қызметінен бастап кенші бас киіміндегі фонарьға дейін талапқа сай болуы қажет. Сайып келгенде, мұны қадағалау – компанияның, тәртіпті сақтау – қызметкердің міндеті.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ