Білім мен ғылым: екі дара индустрия
Білім мен ғылым: екі дара индустрия
260
оқылды

PISA – 2018 халықаралық тесті 15 жастағы оқушыларымыздың сауаты да, есеп-қисабы да нашарлап кеткенін айшықтап берді. 3 жыл бұрын 42-орында болсақ, биыл 69-орынға құлдилап құлаппыз. Яғни, орта білім саласына үлкен өзгерістер қажет екені анық. Алайда бір уақытта ғылымға қаржы бөліп, оның нәтижесін бақылайтын, студент­тердің білім бағдарламасын бекітіп, маман даярлайтын министрлік мектептің мәселесін де шешуі қажет пе? Бәлкім, білім мен ғылымның іргесін бөлек салып, екі мекемеге қақ жаратын уақыт келген жоқ па?

Егер ел тарихына көз салсақ, атал­ған қос сала 90-жылдары бөлек жұмыс істеген. Ғылым және жаңа технология министрлігі мен Білім министрлігі екі дара болған. Кейін уақыт өте келе қос мекеме бірігіп, бір бүтінге айналды. Жалпы, логикаға салсақ та, білім бас­қарған адамның ғылымды да игеруге қауқары жетеді әрі олар бір шатырдың астында өзара қабыса қызмет етуі ке­рек. Бұл тұжы­рым 2010-жылдарға де­йін ойға қо­нымды болған. Алайда қа­зір ғылыми жобалардың, техно­ло­гиялық стар­тап­тардың миллиардтаған қаражат әкелетін үлкен нарыққа ай­налға­нын әрі әлемде 4-ші индус­трия­лық рево­лю­ция жүзеге аса бастағанын ескерсек, онда ғылым, технология, ин­новация еншісін бөлек алуы тиіс сияқты. 

Орта білім жүйесі 90-жыл­дар­дан бері үлкен даудан арылмаған салаға айналғаны мәлім. Ұстаз­дар­дың төмен жалақысы, оларды түрлі жиналыстар мен сайлауларға жегу, сансыз тексеріс пен есеп, қағаз­бас­тылық, кітаптағы қателік, кей мек­тептерде 1-сыныпта 40 бала­ның отыруы, апаттық және үш ауы­сымдағы мектептердің жойыл­мауы және тағысын та­ғы­лар. Тәуел­сіздік алғалы 16 рет ауыс­­қан Білім министрлері тіз­бек­­телген бұл түйіндерді толық шеш­­пегені ешкімге жасырын емес.

Тоқетері, білім де, ғылым да даулы сала. Бірақ мүмкіндігі жыл өткен сайын артып барады. Бізде қос сектордың негізгі мәселелері шешілмеген соң әлеуеті де ашыл­май келеді деуге негіз бар. Әрине, өзге елдермен салыстырсақ. Ше­шімнің бірі – Білім және ғылым министрлігін екі мекемеге бөлу. Не үшін?

Шет елдерде. Әлемнің біраз елінде бұл қос саланы бөліп тас­тағанына біраз уақыттың жүзі болды. Тіпті, көп салада әлемнен кеш қалатын Ресейдің өзі былтыр Ағартушылық министрлігі және Ғылым мен жоғары білім ми-нистрлігі етіп, екі мекемені қайта құрды. Францияда Ұлттық білім және жастар министрлігі бар, бұдан бөлек Жоғары білім, зерттеу және инновация министрлігі жұмыс істейді. Испанияда бұл са­ланы екіге бөлген: Білім және кәсіптік оқыту министрлігі мен Ғылым, инновация және универ-ситеттер министрлігі бар.

Біздің Үкіметтің құрамында қос саланы біріктірген министрлік аз емес. Оларды бөліп-қосқаннан өзгеретін дүние де шамалы. Айталық, Мәдениет пен спорт немесе Ішкі істер және төтенше жағдайлар. Бірақ білім мен ғылым бүгінде екі ұғым, екі сала, екі нарық. Неге? Себебі білім қазір тек баланың сауатын ашатын құндылық деген ұғымнан өсіп, қанатын кеңге жайды.

Ертеңге азық. Ұрпақтың са­палы білім алуы олардың денсау­лығына, келешектегі табыс кө­леміне, елдегі қылмыстың, ажы­расудың деңгейіне және басқа да маңызды салаларға тікелей ықпал ететіні дәлелденіп жатыр. Мәселен, АҚШ-тағы 20 жылдық зерттеу жұмыстары сапалы білім мен жоғары жалақы өзара тығыз байланысты екенін көрсеткен. Оған қоса, осы елде балабақшада тестті жақсы тапсырған бүлдіршін 20 жылдан соң өзгелерге қарағанда 17 пайызға жоғары жалақы алады екен.

Сол үшін сарапшылар орта білім беру саласында Фин, Сингапур моделін басшылыққа алуға кеңес береді. Оның себеп­тері де жоқ емес. Мәселен, PISA-2018 тестінде Сингапур 78 елдің арасында 2-орын алды. Ал дәл осы ел БҰҰ-ның 2017 жылғы Адам дамуының әлемдік ин­дек­сінде 9-орынға жайғасқан. Яғни, елдің орта білім беру жүйесі үздік болса, ол мемлекет дамиды деген қорытындыға келуге болатын сияқты.

Ғылымға көңіл бөлінсе.... Ал ғылым ше? Оның дамуы эконо­микаға қалай әсер етеді? Бәрі салыстырмалы, сол үшін тағы да рейтингтерге жүгінуге тура ке­леді. Жыл сайын әлем елдерінің инновациялық қабілеттерін өлшейтін Global Innovation Index рейтингісі даярланады. 2011 жылдан бері бірінші орынды Швейцария ешкімге берген емес. Ал биыл Қазақстан бұл тізімде – 79-орында. Альпі баурайындағы елдің тек инновациялық зерттеу­лерге бөлетін қаражаты ғаламат, 2017 жылы 22,6 млрд долларға жеткен және ол жыл сайын өсіп келеді. Бұл – елдің ІЖӨ-нің
3,4 пайызы. Ал Қазақстан зерт­теулерге емес, жалпы ғылымға өзінің ІЖӨ-нің 0,12 пайызын ғана бөледі.


Егер білім және ғылым екі салаға бөлініп, екі мекеме атанса, онда екі тараптың да көсегесі сәл көгерер ме еді?! Әрине, ғылымға бөлінетін қаражат көбеймей, жемқорлыққа жол беретін жүйе өзгермей, жеке министрліктің ғылымға берері шамалы деп қарсы шығатындар да табылар. Ол пікірдің де жаны бар. Алайда отандық ғылымның да трагедиясы әлі де сол бюджетке үміттенуде емес пе?


Иә, бұл елдермен Қазақстанды салыстыру оңай емес. Үкімет көпбалалы анаға жәрдемақы беріп, жұрттың несиесін кешіру­мен әлек. Ал 28 жыл өтсе де, ғы­лымды қаржыландыру жүйесі кеңестік әдістен ары кетпеді. Талай ғылыми институт Үкіметтің тапсырысын орындайды, ал ол жобалардың экономикаға қан­шалықты пайда әкелетіні туралы зерттелген есеп жоқ. Сол себепті ғылыми қызметкерлер атақ-дә­режесіне қарамай, 120-140 мың теңгенің айналасында жалақы алады. Неге? Себебі біз ғылымды қаржыландырудың батыстық моделіне әлі толық өте алмадық. Компаниялар, корпорациялар ғылымға қаражат бөлуден қаш­қақтайды. Отандық бақуатты компаниялардың көпшілігі әлі шикізат, кен байлықтарын қазып, шетелге экспорттаумен шектеледі. Онда ғылыми шешімді талап ететін тапсырма көп емес. Қаз­дың, көлікке арттың, шетелге саттың. Өте қарапайым. Ал 3D принтерлермен өндіріс шығынын азайту, жасанды интеллектті жап­пай енгізу, 5G байланысын тарату, жекеменшік ғарыш компания­ларын тіркеуді ойлап жүрген жан көп емес.

Егер білім және ғылым екі салаға бөлініп, екі мекеме атанса, онда екі тараптың да көсегесі сәл көгерер ме еді?! Әрине, ғылымға бөлінетін қаражат көбеймей, жемқорлыққа жол беретін жүйе өзгермей, жеке министрліктің ғылымға берері шамалы деп қарсы шығатындар да табылар. Ол пікірдің де жаны бар. Алайда отандық ғылымның да трагедиясы әлі де сол бюджетке үміттенуде емес пе? Ғылым бизнестің тап­сырмасын орындап, өз патент­терін өндіріске енгізіп, жеке дара нарыққа, индустрияға айналмай, қазіргі халі өзгере қоймас.

Алысқа бармай, бәріне мәлім touch screen технологиясын алайық. Яғни, ақпаратты енгізуге мүмкіндік беретін сенсорлы экран. Ол 1960 жылдары ғылыми идея ретінде пайда болды. Аталған технологияны бизнесте – смарт­фондарда кеңінен қолдан­ған Apple компаниясы (iphone). Бұл компания жыл сайын 200 млн-нан аса iphone смартфон­дарын сатады. Пайдасын есептей беріңіз.

Білім мен ғылым саласын іргесі бөлек екі мекеме етудің тағы бір себебі – бүгінге дейін Білім және ғылым министрі қызметін атқарған азаматтардың басым көпшілігі кітаптағы қателік, мұғалімнің жалақысы мәсе­ле­сімен күресіп, қолы ғылымға жете бермейтін. Ғылым саласында 2011 жылы арнайы заң қабылдап, біраз өзгеріс әкелген министр Бақытжан Жұмағұлов болатын. Бұл аргументтің де өз себебі бар. Бүгінге дейінгі көптеген министр бұрынғы педагогтер еді. Ал Б.Жұмағұлов ғылым саласының өкілі болды. Педагог-министр­лердің бұл салаға өзгеріс әкел­меуінің себебінен болар, ғылымға қарастырылған бюджет қаража­тының кімге, қалай, не үшін бө­лініп, қайда жұмсалатыны түсі­нік­сіздеу еді. Ол туралы ғалымдар бірлі-жарлы айтып жүретін, ал биыл жыл басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық ғылыми кеңестің 1 миллиард теңгеден аса қара­жат­ты заңбұзушылықтармен бөліп жібергенін анықтады.

Сапасыз маман. Жоғарыда сөз болған қос саланың іргесін ажы­ратуға тағы бір себеп – жоғары оқу орындарына қажет реформа. Иә, енді ректорларды конкурс арқылы таңдау, ЖОО-ға акаде­мия­лық еркіндік беру мәселесі қолға алына бастады. Алайда отандық университеттерде жас мамандарды даярлау сапасына көпшіліктің көңілі толмайды. «Атамекен» кәсіпкерлер палата­сы­ның дерегіне сүйенсек, ЖОО түлектерінің 60 пайызы өз маман­дығымен жұмыс істемейді. Ал сол оқу ошақтарынан тек 2017 жылы 82 мың адам түлеп ұшты. Сапасыз жас маман экономика мен Үкімет үшін бас ауру. Неге? Себебі ертең жұмыс берушінің талабына сай келмейді, содан жұмыссыздар армиясын толықтырады, нан табу үшін қолына ілінген қызметке келісе береді. Бұдан соң сөз жоқ, кәсіби маман атану, халықаралық сертификаттарға ие болып, талап­қа сай болу, жоғары жалақы алу туралы сөз қозғау мүмкін емес.

Ұсыныс. Модель. Білім мен ғылым саласын кейбір Еуропа елдерінің үлгісімен екіге бөлуге болады. Айталық, Білім министр­лігі балабақшалар, мектептер мен колледждерге жауапты. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым, университет­тер және ин­новация саласын бақылауына алады. Әрине, бұл жерде иннова­ция саласының не себепті Цифр­лық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министр­лігіне берілгені де түсініксіз. Өйткені ғылымсыз инновация қайдан шықпақ? Бәлкім, аталған модель жүзеге асса, орта білім, кәсіптік білім, жоғары білім және ғылымның жағдайы жақсарар ма еді? Өйт­кені адам капиталының маңызы күн өткен сайын артып бара жат­қанда біз 90-жылдары шешілуі тиіс кітаптағы қателікті 2020 жы­лы да созбалақтап, тал­қылап жүрсек, онда ертең PISA тестінде соңғы орыннан көрінуі­міз әбден мүмкін. Ал бұл сауатсыз қоғам­ның, сапасыз маманның артуына, тіпті қылмыстың еселе­нуіне де әкелуі ғажап емес. Кеше ғана «социа­лизмнен капитализмге өте­міз бе?», «1 млрд халықты қалай асы­раймыз?», бір отбасында екі ба­лаға рұқсат береміз бе?» деп бас қатырып жүрген Қытай оқу­шы­лары биыл әлемнің ең сауат­ты, есебі озық шәкірттері атанды.