Балық өсіріп те баюға болады
Балық өсіріп те баюға болады

Былтыр Жамбыл облысында  балық шаруашылығына айрықша көңіл бөлінді. Осыған орай су айдындарына зер­делеу жұмыстары жүргізіліп, форель сынды ерекше ба­лық түрлерін өсіретін орындар айқындалды. Сондай-ақ өзен­дердің бойынан тоған салу мәселесі  көтеріліп, балық шаруа­шылығын субсидиялау қолға алынуда. Мұндай бас­тамалар балық шаруашылығының тынысын ашып, көкжиегін кеңей­тетіні даусыз.

Тоған салсақ, су тапшылығынан арыламыз 

Жалпы, бүгінде облыс ау­мағында 122 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығындағы су айдыны болса,  Балқаш көлінде респуб­ликалық маңыздағы 18 учаске  орналасқан. Оның 85-і кәсіптен нәсіп табам деген 74 табиғат пайдаланушыға берілсе,  қалған 37-і  – әзірге бос. –  Өткен  жылдың тамыз айын­да  резервтік қордағы 13 балық шаруашылығы су айдындарын бекітіп беру конкурсы өткізілді. Оған  18 кәсіпкерден 20 өтінім түсіп, нәтижесінде 5 кәсіпкерге 5 балық шаруашылығы су айдыны берілді. Алдағы уақытта қалған су айдынына конкурс жарияланатын болады. 2019 жылы  балық шаруа­шылығы су айдынында  15 ақпан мен  1 шілде аралығында  балық ау­лау үшін  673,3 тонна лимит бе­ріл­ді. Нәтижесінде, 666 тонна ба­лық ауланып, жергілікті бюджетке 11 миллион  943 мың теңге түсті. Ал  өткен жылдың 1 шілдесінен 2021 жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзім аралығында  балық аулауға  1150,7 тонна лимит қаралса,  қазір оның  915,3 тоннасы ауланды.  Қазынаға түс­кен қаржы – 16,3 миллион тең­ге. Осылайша, балықтан да келер байлық көп екеніне көзіміз жетті, – дейді облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалану­ды реттеу басқармасының жа­нуарлар дүние­сін қорғау және балық шаруа­шылығы бөлімінің бас маманы Руслан Балтаев. Десе де, бүгінде су айдынын ағын сумен қамтуда өзіндік кедер­гілер бар. Мамандар осы жағына алаңдаулы. – Басқарма облыстағы барлық су айдынын сумен қамтамасыз етілуін зерделеп шықты. Нәти­жесінде, 121 су айдынының тек 17-де ғана су деңгейі тұрақты екені анықталды. Өңіріміздегі балық шаруашылығы су айдынын сумен тұрақты қамтамасыз етпесек, келешекте балық шаруашылығын дамыту қиынға соғады. Бұл  табиғи су қоймаларында өсірілген балық­ты  аулау квотасын көтеруде де   қиындықтар  туғызады, – дейді Р.Балтаев. Сол себепті  басқарма был­тырдан бастап жеке тоғанда интен­сивті балық өсіру шаруа­шылығын дамыту тәжірибесін қолға алды.  Бұл әдістің ерекшелігі –  кәсіпкер өз жеріне тоған салып, балық өсір­еді. Жем, шабақ, аналық балық  пен  құ­рал-жабдық сатып алу мемле­кет тарапынан субсидия­ланады. Сондай-ақ кәсіпкерден  тоғанды алып қою қаупі де туын­дамайды. балық Мәселен, Жамбыл ауданы  Жас­өркен ауылындағы  жеке кәсіп­кер Р.Сауранбаев өзінің жеке­меншік жеріне тоған салып, жылына 30 тоннаға дейін балық өндіріп отыр. Оның үстіне,  тоған жағалауына демалатын орын салып, кәсібін де дөңгелетуде. Осы үрдіс негізінде өткен жылы  облыс әкімінің тапсырмасына сай тауарлы балық өсіру кәсібін өрістету жолға қойылуда. Арнайы құрылған топ  Қордай, Шу және Мойынқұм аудандары арқылы өтетін  Шу өзені мен  Жамбыл, Байзақ аудандарын бойлай ағатын  Талас өзенінің арнасына зерделеу жұмыстарын жүргізіп,  тоған жасауға жарамды 24 жер учаскесін  анықтаған. Мұндағы жұмыстар жолға қойылса, тоғандардан 262,8 тонна  тауарлы балық өсіруге мүмкіндік тумақ.

Жамбылда форель өсіруге мүмкіндік мол 

Сондай-ақ былтыр   тау бөктеріндегі салқын суларда фо­рель балығын өсіру бойынша да  қарқынды жұмыстар қолға алынды. Форель балығын өсіруге қолайлы өзендерді анықтау және резервтік қордағы балық шаруашылығы су айдынына ғылыми-зерттеу жұ­мыстарын жүргізуге  облыстық бюджеттен 29,5 миллион  теңге бөлініп,  конкурс жеңімпазы  «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС бұл жұмысқа мықтап кірісуде.  Серіктестік  Қордай, Меркі,      Т.Рысқұлов және  Жуалы аудан­дарының тау бөктеріндегі 22 тау өзеніне және 36 балық шаруа­шылығы су айдынына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп,   тау өзендерінің  17-сі, балық шаруа­шылығы су айдындарының  32-сі  форель балығын өсіруге  қолайлы екенін анықтап отыр. Бұйыртса, бұл жұмыстардың жемісін көретін күн алыс емес. Су айдынында балық санын көбейту үшін бірінші балықтандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу керегі де түсінікті. Бұл бағытта күзгі балықтандыру қарқынды іске асқан. Әрбір балық шаруашылығы су айдынындағы балықтандыру жұмысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бақылауына алынып, жылына 10 миллион шабақ өсіруге қауқарлы  «Сандель» шаруа қожалығынан ша­бақтар алынып жатыр. Осы ар­қылы өткен жылдан  бері жергілікті маңызы бар  41 су айдынына 325 мың тұқы және ақ амур тұқымдас балық жіберілді. Ал республикалық су айдынына 290 мың дана шабақ босатылған.

Сала мамандарын оқыту да қолға алынды

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы балық шаруа­шылығы­мен айна­лысып отырған мекеме­лерді білікті мамандармен қамту мәселесіне баса көңіл ауда­рып отыр. Ол үшін жастар Т.Рыс­құлов ауданы Құлан ауылшаруа­шылық колледжіне балық өсіру саласы бойынша қыс­қамерзімді оқыту  курстарына жол­данады.  Аталған қысқамерзімді курста оқуға 15 адам өтінім  берсе, оларды жұмыспен қамтуға  Brilliance Company ЖШС мен  «Боран­ды», «Сандель», «Қой­шыбай-Ата», «Абылай», «Өрлеу»  және «Хе В.» шар­­уа қожалықтары  ниетті. Міне, осылайша Жамбыл облысы балық шаруашылығын дамытуға баса көңіл аударып, азаматтардың бұл бағытта кәсіп ашуына да жол көрсетіп отыр. Енді тек мемлекет тарапынан беріліп отырған субсидияны тиімді пай­даланып, балық шаруа­шылығын жаңа белеске шығару қажет. Сонда облыс әкімі Бердібек Машбекұлы межелеген 2030 жылға қарай балық өндірісін екі-үш есеге арттыруға мүмкіндік туады.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы