Тәуелсіздік – тұрақтылық тартуы
Тәуелсіздік – тұрақтылық тартуы
126
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Назарбаев феномені – екі құрлықтың ортасында, Батыс пен Шығыстың түйіскен тұсында, мұсылмандық пен христиандықтың тоғысатын жерінде, социализм мен капитализмнің кіріккен жерінде пайда болғанында, нарық пен жоспардың бетпе-бет келген кезінде шыққанында» дегені бар. Рас, тәуелсіздік тәй-тәй басқан алғашқы жылдары қандай едік, қазір қандаймыз?

Мемлекеттің әлеуеті халық­тың әл-ауқатымен өлшенеді. Қанша жерден миллиардтаған пұт астық ал, мал басын пәлен миллионға жеткіз, әскер күшімен әлемді тітірет – ел-жұртың ішер асқа, киер киімге жарымай отырса, бәрі бекер. Дүниеге осын­дай көрсеткіштерімен мақтанған Кеңес Одағы ыдырағанда Қа­зақстанның да жағдайы мәз емес еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан жоспарлы экономикадан бас тартып, бірден нарыққа аяқ басқан кез. Тойып бір тамақ жеу арманға айналған. Сол кезеңмен салыстырғанда, Қазақстандағы кедейлік деңгейі 17 есе азайыпты. Жетістіктің төресі осы емес пе?

– Иә, «Қазақстан азаматы өз Отанында өзін қаншалықты жайлы сезініп жүр, армандарын қаншалықты жүзеге асыра ала­ды?» деген мәселе бірінші орында болуы керек. Мақтанатын бірден-бір көрсеткіш – осы. Тәуел­сіздіктің жемісі мол. Баяғыда тек ауыл шаруашылығына иек артқан экономикамызды әртараптан­дырдық. Мұнай-газ, тау-кен са­лаларын өркендеттік. Жаста­ры­мыздың жақсы білім алуына мүмкіндік жасадық. Бүгінде ше­телдегі аты жер жаратын ЖОО-лар­да біздің азаматтар оқып жатыр. Күні кеше баз біреулер қазақты «калбит», «мамбет» деп қорлаушы еді, қазіргі қазақпен әлем санасады. Мұндай табыс­тарды санап тауысу қиын. EXPO, саммит сияқты ғаламдық іс-ша­ра­ларды басында халық қабыл­дамады, енді оның да тиімді жақ­тарын түсіне бастады. Шикізаттан түскен ақшаны болашаққа инвес­тиция ретінде салдық, спорт пен мәдениетті дамыттық. Бірте-бірте туризм сынды бағыттарды да жандандырамыз деп үміттенемін. Негізі, Қазақстан халқының тұрмысын келешекте 17 есе емес, 170 есе көтеретін әлеуетіміз бар. Біз алдымызға жер-көкті таңғал­дыратын осындай таңғажайып межелер қоюымыз керек, – дейді экономист Рашид Жақсылықов.

Жалпы, кейінгі кезде жаһан­дық рейтингтерде Қазақстанның жағдайы жақсарып келеді. Мұны биыл қыркүйек айында өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин де мәлім­деген. Ел билігі халықаралық бағалауға баса мән береді. Шешім қабылдау кезінде ірі рейтинг агент­тіктерінің ұсынысын еске­реді және пайдаланады.

Мәселен, Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша 196 мемлекеттің арасында 28-орын алады. Сала-салаға бөліп сара­лағанда былай:

1. Бизнесті бастау – 36-орын;
2. Құрылысқа арналған рұқ­саттармен жұмыс – 35-орын;
3. Электр жабдықтарын алу – 76-орын;
4. Мүлікті тіркеу – 18-орын;
5. Несие алу – 60-орын;
6. Инвесторлардың құқығын қорғау – 1-орын;
7. Салық төлеу – 56-орын;
8. Халықаралық сауда – 102-орын;
9. Келісімді қамтамасыз ету – 4-орын;
10. Кәсіпорынның жабылуы – 37-орын.

Асқар Мамин тілге тиек еткен тізім 2018 жылы мамырда түзілген. Қазақстан Үкіметі Дүниежүзілік банк құрған Doing Business рейтингінде ең үздік жиырма­лыққа енуді мақсат тұтып отыр. Бұл – қазіргі Финляндия, Авс­тралия, Латвия сияқты мемле­кеттердің деңгейі.

Соңғы жылдары білім беру саласының да рейтингі көтерілген. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, Қазақстан 140 елдің ішінде «кәсіптік-техникалық білім беру сапасы» бойынша 2017 жылмен салыстырғанда 11 позицияға (102-ден 92-орынға), «оқытудағы сыни ойлау» бойынша 1 позицияға (46-дан 45-орынға) ілгерілеу бар. «Күтілетін білім беру ұзақтығы» (53-орын) және «жари­я­ланым­дардың дәйексөзділігі» (110-орын) бойынша бұрынғы көр­сеткіштер сақталған.

Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жос­парының «Күтілетін нәтижелер» бөлімінде Үкімет бірнеше рей­тингте жоғарылауды жос­пар­лайды.

Айталық, 2025 жылға қарай кешенді шаралардың арқасында Қазақстан The World Justice Project заңының үстемдігі индексінде 55-60 орынға көтерілуі тиіс. Қазір еліміз бұл рейтингте 113 елдің ішінде 64-орында тұр.

Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингінде Қазақстан 140 елдің арасында 59-орынға ор­наласқан. Стратегиялық құжатқа сәйкес, еліміз 2021 жылы 46-орынға, 2025 жылы 40-орынға, ал 2050 жылы 30-орынға шығуы қажет.

Қазақстан Дүниежүзілік зият­керлік меншік ұйымы жариялаған Ғаламдық инновация индексінде (129 ел ішінде) 79-орынды ие­ленді. Рейтинг жасау барысында ондаған параметр ескеріледі. Оның ішінде патент алуға түсірген арыз саны, инновацияны ойлап табу мен енгізуге жұмсалған қа­ражат сияқты жайттарға назар аударылады. Үкіметтік онлайн-сервистерді дамытуға жұмсалатын қаржы бойынша еліміз 32-орында, бағдарламалар жүйесі бойынша 120-орында, білімге жұмсалатын қаржы бойынша 105-орында тұр. Тізімге Қазақстаннан өзге Ор­талық Азияның 2 елі – Қыр­ғызстан (90-орын) мен Тәжікстан (100-орын) кірген. Бірінші орында – Швейцария, одан кейін – Швеция, АҚШ, Нидерланд пен Ұлыбритания. Ал постсоветтік елдерден Ресейді (46-орын), Украинаны (47-орын) және Гру­зия­ны (48-орын) алға жіберіппіз.

Ерекше қорғаудағы табиғи аймақтары көп немесе аз елдер рейтингінде Қазақстанға 135-орын бұйырған. Ел аумағының 3,3 пайызы ғана қорық ұлттық сая­бақ, ботаникалық бақ, резерват ретінде күзетіледі екен. Бұл аз ба, көп пе? Салыстырсақ, Венесуэла территориясының жартысынан көбі айрықша қорғалатын ау­маққа жатады. Ал Ауғанстанда мұндай жердің көлемі 1 пайызға да жетпейді.

Speedtest Global Index ұйымы құрған интернет жылдамдығы рейтингінде Қазақстан – 62-орында. Біздегі интернет Грузия мен Қырғызстандікінен ұш­қыр, бірақ әлемдегі орташа жыл­дам­дыққа жетпейді. Дүние­жүзіндегі ең баяу интернет Түр­кіменстанда екен.

Наурыз айында «Бақытты елдер рейтингі» (World Happiness Report) жарияланды. Бақыт дең­гейін анықтау үшін сарапшылар әр адамға шаққандағы жалпы ішкі өнім, өмір сүру ұзақтығы, жо­марттық, әлеуметтік жәрдем, бос­тандық және жемқорлық сынды факторларды есептеген. Рейтинг 2015-2017 жылдардағы статисти­калар бойынша түзілген. Тізімде Қазақстан 60-орында тұр. Бізден бір саты жоғары, яғни 59-орынға Ресей жайғасқан. Өзбекстан 44-орында, Қыр­ғызстан 92-орында, Тәжікстан 80-орында, Түркіменстан 68-орында тұр.

Адам әлеуетінің дамуы рей­тингінде Қазақстан 0,800 ин­дексімен 58-орынға бекіген. Көрші елдерден 49-орындағы Ресей (0,816) ғана бізден озса, Қытай (0,752) 86-орын, Қыр­ғызстан (0,672) 122-орын, Өзбекстан (0,710) 105-орын және Түркіменстан (0,706) 108-орында.

Адам өмірінің ұзақтығы рей­тингінде еліміз 155-орынды (71,41 жас) місе тұтқан. Көрші Қытай 111-ші орында (75,73 жас) болса, Түркіменстан – 160-орында (70,68 жас).

Сондай-ақ халықтың өсімі рей­тингінде 107-орын, жан ба­сына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткішінде 92-орын, интернетпен қамтылу тізімінде 81-орын, электрондық үкімет дамуы рейтингінде 28-орын, эко­логиялық тиімділік рейтингінде 101-орын аламыз.

Иә, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Әйтсе де, кейде мұндай ха­лық­­аралық рейтингтер күмән ту­ғызады. Бір ғана мысал: зерт­теушілер әр елдің тұрғындарына «танымайтын адамдарға қан­ша­лықты жиі көмектесесіз, қайы­рымдылық қорларына қанша­лықты жиі атқарасыз және ерік­тілер жұмысына қаншалықты жиі қатысасыз?» деген сұрақ қойып, зерттеу жүргізіп көрген. Қайырым­дылық индексінде Қазақстан 78-орынға орныққан. Оны қойшы, ең қызығы, мұ­сылман қауымына геноцид жасап, бала-шаға, жас-кәрі демей қырып салған Мьянма 2-орынға тұрақтаған.

Қалай десек те, ғаламдық рейтингтерді мүлдем елемей қою мүмкін емес. Нарық жүйесінде бұл көрсеткіштер шетелдік инвесторлардың Қазақстан ту­ралы ақпарат алуына көмектеседі. Капитал салу мүмкіндігі мен тәуекелі жайлы түсінік қалып­тастырады.

Алайда кейбір рейтингтерді әзірлеу әдісіне қатысты сарап­шы­лардың сауалы көп. Сондықтан оған шүбәсіз сеніп, оңды-солды үлгі ретінде қолдана беруге бол­майды. Әр елдің әлеуметтік-саяси және мәдени ерекшеліктерін ескерген жөн. Қысқасы, рейтинг жасаушы агенттіктер егемен ел­дерге ықпал ету құралына айнал­мауы керек.

Қазақ елінің 28 жылда қол жет­кізген табыстарын бір мақа­лаға сыйдыру оңай емес. Ойлы оқыр­­ман ненің қалай екенін біз­ден де жақсы пайымдар, ал біз мақа­ламызды Елбасының сөзімен аяқтасақ.

«Жас буынға бәрі осылай бола салғандай көрінеді. Біреудің айтқаны бар еді: жамандық та, жақсылық та ұмытылады деп. Өкінішке қарай, жақсылық тезірек ұмытылады. Сондықтан біз бұл туралы айтып отыруымыз қажет»...