Көк Тудың желбірегені...
Көк Тудың желбірегені...
279
оқылды

Тәуелсіздік – тәңір сыйы. Биыл қазақ елінің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толмақ. Тәуелсіздіктің мерейі тағылым болар жылда Атырауда 91 метр биікте көк Ту желбіреді.

– Қаламызға әр берер айшық­ты нысандар қатары айбынды тутұғыр алаңымен толықты. Көк байрағымыз көкпен ұштасты. Өз дәуірінде даңқты бабаларымыз бөрілі байрақ ұстап, бағаналы орда құрған. Сондықтан ту біз үшін қанымызда қайнаған на­мыс, рухты көтеретін құдірет. Ата­мекеніміздің төріне алып ту тігу – біз үшін асқан абырой, зор мәр­тебе. Қаламыздың көркін аш­қан байрағымыз еліміздің ай­бынын асқақтата түсеріне се­немін, – деді салтанатты рәсімде сөз алған Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов. Ту орнатылған тұғырдың биік­тігі – 91 метр. Алып тудың бо­латтан жасалған конус тіре­гі бар. Ұзындығы 80 метр тутұғыр композициясы субұрқақ пен доға пішінді эркерлік ком­позициядан тұрады. Композ­ицияның орта тұсында Қазақстан картасы, жоғарғы жағында Елтаңба, ал шеткі бөлігінде Ән­ұран жазылған. Конус пішінді тұ­ғырға көлемі 29х14,5 метр бола­тын ту ілінді. Енді еліміздің мем­ле­кеттік рәміз­дері орналасқан алаңда маңызды салтанатты шаралар өтеді. Елдіктің тұғырындай ны­сан «Теңізшевройл» ЖШС демеу­шілігімен бой көтерді. Компания басшысы Имер Боннер «Мық-тылық, мол­шылық пен бей­бітшілік, сондай-ақ 2021 жылдың жақсылығы көп болсын. Осынау еңселі тұғырдағы ту ұдайы биікте желбіреп тұрсын» деп қазақ халқына ақ­жар­ма тілегін арнады. Ұлт байрағы аспанмен таласа тұрған монументтің айна­ласын­дағы 6 500 шаршы метр алаңға бұталы 8 500, қылқан жапырақты 44 және жапырақты 70 көшет егіледі. Монументке іргелес ау­мақ раушан гүлімен безендіріліп, қала көркіне сән беріп тұратын болады. P.S:

Жобалаушылар тарапы­нан Атырау аймағының климаттық жағдайы ескерілді деп айтылса да, жел екпіні күшей­гендіктен,  2 тәу­лік­тен соң сал­танатты түрде ашыл­ған ту тұғыр­дан алынды.

Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Қанат Әзмұхановтың айтуынша, қалада жел екпіні күшейгендіктен, ту­тұғыр­дағы байрақты уақытша алу туралы шешім қабылданған.

– Мемлекеттік Ту аса қастерлі рәміз ретінде ерекше бақылауда ұстауды талап етеді. Әсіресе, ауа райы қолайсыз кезде. Тудың кө­лемі аса ауқымды болған­дық­тан, тутұғыр құрылымын ұстауға ар­налған техникалық регламент­терде белгіленген жел жүктеме­сінің нормалары бар. Одан асып кетуіне байланысты ту тұғырдан уақытша алынды. Бұл шешім ауа райының қолайсыздығына бай­ланысты болып отыр, – деп мә­лім­деді Қ. Әзмұханов. Ауа райы тұрақ­талғаннан кейін бай­рақ ор­нына қайта орнатылды.

  Tyrsin       Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы