Бюджетіне қарап, әлеуетін таны
Бюджетіне қарап, әлеуетін таны
124
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 4 желтоқсан күні «Қазақ­стан Республикасының 2020-2022 жылдарға арналған рес­пуб­ликалық бюджет туралы» За­ңына қол қойды. Бұл респуб­ликалық бюджет бекітілген күйі жұмсалады деген сөз емес. Уа­қыт талабына сай өзгерту мен толықтыру енгізілетіні белгілі. Де­се де, келер жылы ел игілігіне жұмсалатын қазына қаржысы­ның көлемін айқындап алу да – біткен іс.

Мәдениет саласы бюджеттің мойнында отыр

Мемлекет басшысы аталған заң жобасын сәл ертерек бекітуі де мүмкін еді. Алайда Сенат депутаттары 25 қ­а­раша күні бірқатар түзетулер енгізіп, заң жобасын Төменгі палатаға кері ­жол­дады. Сенаторлар нендей өзгеріс енгізді?

– Конституциямызда Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адам­ның өмірі, құқықтары мен бос­тан­дық­тары деп жазылған. Сондықтан біз халық үшін ең маңызды – жол сапасы мен ауызсу мәселесіне баса назар ау­дар­дық. Республика бойынша елді ме­кен­дерді ауызсумен қамтамасыз ету 65 па­йызды ғана құрайды. Жол мәселесінің 68 пайызы ғана шешілген. Осы бағытқа көбірек көңіл бөлдік, – дейді Сенат депутат, Қаржы және бюджет комите­тінің хатшысы Ерболат Мұқаев. Оның айтуынша, көпбалалы отбасылар мен жетім балаларды баспанамен қамту мәселесі де аса өзекті. Бүгінгі таңда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салалары өзін-өзі ақтайтын салаға айнала қойған жоқ. Әрине, балабақ­ша­ларға қатысты аздап қозғалыс бар, же­кеменшік балабақшалар мен мектептер ашылып жатыр, бірақ көп емес.

– Осындай жекеменшік балабақ­шалар мен мектептердің ашылуы бюд­жетке айтарлықтай көмек. Мәдениет саласы түгелдей бюджеттің мойнында отыр. Бір кездері мәдениет үйлері ақша тапсын деген талап болды, одан ештеңе өзгерген жоқ. Халықтың әлеуметтік жағ­дайын көтеру үшін бюджеттен қар­жы бөлу қажет, бұл халық үшін тиімді, сұранысы орындалады. Ал мемлекетке ауыр. Себебі мемлекеттің алдында ше­ка­раны бекіту, үлкен имидж жоба­ларды жүзеге асыру сияқты жобаларға қаржы жетпей қалады. Себебі бюджеттің көп бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалады, – дейді сенатор.

Оның айтуынша, Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша ашылған жобалардың өзін-өзі ақтайтын уақыты келді. Әрине, жабы­лып қалған жобалар да бар. Ал жұмыс істеп жатқандары енді ғана табыс таба бастапты. Жуырда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі­нің сенаторлар алдында жасаған баян­да­масы көңіл көншіткен көрінеді. Де­мек, бұл жобалар табысты болса, ел қазына­сына түсетін салық түсімі де молаяды деген үміт бар.

Сонымен, Сенаттың өзгертуі мен толықтыруынан кейін әлеуметтік сала шығындары 5,7 трлн теңгеге жуықтады. Бұл бюджеттің 45 пайызына жуық қаржы. Бұл қаржыдан Түркістан, Жам­был облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласын үш жылда газдандыруға 17,1 млрд теңге, СҚО, ШҚО, Қызылорда, Ақмола облыстары мен Жезқазған қаласында су құбырларын тартуға 5,2 млрд теңге, Нұр-Сұлтандағы Есіл мен Сарыбұлақ өзендерінің арнасын, Көк­шетаудың жылу желісін қалпына келтіруге 1,3 млрд теңге, әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын өткізу үшін Халық шаруашылығы жетістіктері көр-месінде «Қазақстан» павильонына экспозиция дайындауға 832 млн теңге бөлінеді. Айтқандай, сенаторлар алдағы жылы ақпарат құралдарында өздерінің қызметін ақпараттық сүйемелдеуді қам­тамасыз етуге қосымша 460,5 млн теңге бөлуді, «Еуразия» телеарнасына қолда­ныстағы бағдарламаларды жетілдіру, мемлекеттік тілде жаңа бағдарламалар мен фильмдер циклын шығаруға бөлі­нетін қаржыны 1 млрд теңгеге ұлғай­туды ұсынған. Жоғарғы палата ұсынған то­лықтырулар Мәжілістің 28 қараша күнгі жалпы отырысында қаралып, келісілді. Мәжілістің Қаржы және бюд­жет коми­тетінің мүшесі Омархан Өк­сікбаевтың айтуынша, қаражатты қайта бөлу есе­бінен шығындар 2020 жылы 15 млрд теңгеге, 2021 жылы 17,6 млрд тең­геге, 2022 жылы 8,1 млрд теңгеге ұл­ғайды. Мә­жіліс мақұлдаған заң жобасы бірден Президенттің қол қоюына ұсынылды.

 

Мұнай бағасы арзандамасын деп тілеңіз

Ұлттық экономика министрі Рус­лан Дәленовтің айтуынша, бюд­жетті жоспарлау кезінде мұ­най бағасы барреліне 55 доллар көле­мін­де болжанған. Келер жылы 90 миллион тонна мұнай өндіру жоспарланып отыр. Мұнай бағасы мен мұнай өндіруге қатысты болжам орындалса, онда келер жылы жал­пы ішкі өнім көлемі 4,1 пайыз дең­ге­йін­де қамтамасыз етіледі. Себебі біздің экономика мұнай экспортына тәуелді. Сондықтан мұнай арзандап кетпесін деп тілеуге тура келеді. Өйт­кені Ұлттық экономика ми­нистрі Руслан Дәленов мұнай өн­­дірісінде Теңіз, Қарашығанақ, Қа­ша­ған кен орындарына иек артып отырғанын жасырмады.

Сонымен, 2020 жылы республи­ка­лық бюджеттің кірісі 11 трлн 206 млрд теңге деп бекітілді. Бюджет кі­рісінің 7 трлн 960 млрд теңгесі са­лық­тардан, 121 млрд теңгесі са­лық­­тық емес түсiмдерден, 4 млрд тең­гесі негiзгi капиталды сату­дан тү­­сетiн түсiмдерден, ал 3 трлн тең­гесі трансферттерден жасақ­та­ла­ды.

Ал   бюджеттің шығыс бөлігі 12 трлн 472 млрд теңге деп бел­гі­­­леніп отыр. Яғни, келер жылы бюд­­жеттен 12 трлн теңгеден ас­там қаржы жұмсаймыз. Көріп отыр­ға­ны­мыздай, бюджеттің кірісінен шы­ғысы көп, бюджет тапшылығы 1 трлн 598 млрд теңгені құрап отыр. Бұл жалпы ішкі өнімнің 2,1 пайы­зы­на тең. Бұл биылғы көрсет­кіш­ке пара-пар.

Айтқандай, 2020 жылы респуб­ли­калық бюджетке Ресейдің «Бай­қо­ңыр» кешенін пайдаланғаны үшін 43 700 000 теңге және әскери поли­­гондарды пайдаланғаны үшін 7 614 820 теңге жалдау ақылары түсе­ді.

 

Төрт донордың көрсеткіші төрт түрлі

Елімізде республикалық бюд­­жетке қаржы құятын төрт до­нор бар. Олар 2020 жылдың бюд­же­тіне 420 млрд теңге түсіреді деп жос­пар­ланды. Бұл биылмен салыс­ты­р­ғанда 1,5 есе артық болжам. Себебі биыл 4 донордан жиналған түсім 285 млрд теңгені құрады.

Биыл республикалық бюджетке 105 млрд теңге құйған Атырау об­лы­сы келер жылы бұл көрсеткішті 207 млрд-қа көтермекші. Есесіне, биыл 35 млрд теңге құйған Маң­­ғыстау облысы 2020 жылы респуб­ли­­калық бюджетке 8 млрд теңге ға­на береді. Алматы қаласы 171 млрд теңге, Нұр-Сұлтан қаласы 32 млрд теңге береді. Аталған екі қа­ла­дан түсетін қаржы биылғы көрсет­кіш­пен шамалас.

Осы төрт донордан өзге өңір­лер мен қалаларға 2020 жылы рес­­­­публикалық бюджеттен   2 трлн тең­ге сомасында субвенция бері­ле­ді. Мәселен, Ақмола облысына – 144 млрд теңге; Ақтөбе облысына – 108 млрд теңге; Алматы облысына – 200 млрд теңге; Шығыс Қазақстан облысына – 215 млрд теңге; Жам­был облысына – 194 млрд теңге; Батыс Қазақстан облысына – 74 млрд теңге; Қарағанды облысына – 142 млрд теңге; Қызылорда об­лы­сына – 174 млрд теңге; Қос­та­­най облысына – 140 млрд тең­ге; Пав­лодар облысына – 55 млрд тең­ге; Солтүстiк Қазақстан об­лы­сы­на – 142 млрд теңге; Түркістан облысына – 379 млрд теңге; Шым­кент қаласына – 131 млрд теңге субвенция беріледі.


2020 жылдан бастап  жалақының ең төменгі мөлшерi – 42 500 теңге;

мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 16 839 теңге;   зейнетақының ең төменгі мөлшерi – 38 636 теңге; 

1 айлық есептiк көрсеткiш – 2 651 теңге; ең төменгі күнкөрiс деңгейi – 31 183 теңге. 


Биыл аталған өңірлер жалпы сомасы 1,5 трлн теңгені құраған суб­­венция алды. Салыстырып қара­­ғанда, 2020 жылы Ақтөбе облы­­сына берілетін субвенция екі есе көбейіп отыр. 2019 жылдың бюд­жетінде Шымкент қаласына субвенция бөлінбеген. Келер жылы республикалық маңызы бар бұл қалаға 131 млрд теңге берілмек. Есе­сіне, Түркістан облысына берілетін субвенция азайған – 379 млрд теңге.


Субвенция алатын аймақтар.jpg

 Қарыздан құтылуға – 642 млн теңге

Республикалық бюджетте Қа­зақ­станның сыртқы қарызы үшін төленетін қаржы да қарас­ты­ры­лады. Бірден айта кетейік, ел қа­зы­на­сынан сыртқы қарыздың ішіндегі мемле­кеттік борыш қана өтеледі. 2020 жылы мемлекет кепiлдiк бер­ген қарыз­дарды өтеу және оларға қыз­мет көрсету үшiн 642 млн теңге қарас­тырылыпты. Қазақстан Үкі­ме­тіне 900 млрд теңгеге дейін ғана мемлекеттік кепiлдiк беру жүктеліп отыр. Сонымен қатар Үкімет 2020 жылдың соңына дейін үкiметтiк борыш лимитiн 14 млрд 600 млн тең­геден асырмауы керек.  

Бюджет тапшылығы кезінде Ұлт­тық қордан бөлінетін транс­ферт көлемі соңғы екі жылда тұ­рақ­­танып келеді деуге негіз бар. Егер 2013 жылы Ұлттық қордан рес­публикалық бюджетке 1,4 трлн теңге бөлінсе, 2014 жылы 2 трлн, 2015 жылы 2,5 трлн, 2016 жылы 2,9 трлн, ал 2017 жылы 4,4 трлн тең­ге құйылды. 2016-2017 жылдары Ұлт­­тық қордан бөлінген қаржы банк секторын сауықтыру үшін жұм­­салғаны белгілі. Ал былтыр 2,6 трлн теңге ғана бөлінді. 2019 және 2020 жылдары 2,7 трлн теңге қарас­ты­­рылды.


Бюджет неге өзгере береді?

Экономист Жангелді Шымшы­қов­­тың айтуынша, бюджетті 3 жыл­­­ға жоспарлап бекітудегі мақсат бе­­кітілген бюджетті жиі өзгеріп, то­лық­тырмау үшін қажет болған екен.

– Бұрын бюджет әр жылға жеке қа­былданатын, мысалы, келер жыл­дың бюджеті биыл қабылданса, арғы жылдың бюджетін келер жы­лы қабылдайтын. Қабылданған бюд­жетті жиі түзете бермеу үшін 3 жыл­дық бюджетті қабылдау тәрті­­біне көштік. Алайда бәрібір тү­зе­ту­ден құтыла алмадық, – дейді экономист.

Расында, бізде бюджет бекітіл­ген соң, жылына кем дегенде екі-үш рет өзгерту жасалады. Арыға бармай, осы жылды алсақ, шілде айын­да 2019-2021 жылдарға арнал­ған республикалық бюджетке өз­­­­герістер мен толықтырулар ен­­гі­­зілді. Сөйтіп, өмірлік қиын жағ­дай­да қалған азаматтардың несие боры­­шының бір бөлігін өтеу үшін   89,2 млрд теңге, аз қамтылған, көп­ба­лалы отбасылар мен жастарды қол­дау бойынша пәрменді шара­лар­ды кеңейтуге 138,6 млрд тең­ге, Үкімет резервін 72,9 млрд тең­геге ұлғайту қарастырылды. Бұл қар­жының бір бөлігі Арыс қала­­сын­дағы төтенше жағдайдың сал­да­рын жоюға бағытталады деді. Бұдан басқа, 35,9 млрд теңгені ішкі қайта бөлу есебінен шұғыл шешуді қажет ететін міндеттемелерді қаржы­лан­ды­руға бөлді.  

– Бекітіліп қойған бюджетті жыл ортасында өзгертіп, әлеуметтік мәселені шешеміз дегенді популизм деп атаймын. Халыққа жағынғысы келгендер солай жасайды, ал оған қаражатты қайдан алады? Мұн­дай тәуекелдерді әу баста бюд­жетте ескеру керек. Жалпы, попу­ли­зм­нен құтылған ешкім жоқ. Ке­зінде Черчилль де популист бол­ған. Брежнев сияқты бюджет дефи­цитине ұрындырмау үшін, бекітілген бюджет бойынша жұмыс істеуді үйренуі керек, – дейді Ж.Шымшықов.

Сенатор Ерболат Рахметұлы биыл­ғы шілдеде енгізілген өзгерту­лер мен толықтырулар өте орынды деп санайды. Тек сол атаулы әлеу­меттік көмекті тағайындау ере­же­­лерінде кемшілік кетті. Сол кем­шілікті пысықайлар тиімді пай­даланды: малын туысының аты­на жазып қойды, АӘК алу үшін отба­сымен ажырасты.  

– Елімізде тұрмысы төмен отба­сылар үшін АӘК тағайындау 2001 жылы басталды. АЕК беру басталғалы адамдар арасында масылдық белең алды. Көптеген шаруашылықтар жұмысшыларынан айырылып қалды. Себебі адамдарға жұ­мыс істеп 120 мың теңге жалақы ал­­ғанша, үйде жатып 120 мың тең­­ге АӘК алуға тиімді болып шық­ты. Маған салса АӘК бермеу ке­рек. Мұны бұрын да айтқанмын. Одан да қорадағы малдың әр ба­сы­на субсидия берейік. Сонда суб­­сидия алу үшін адамдар мал­мен айналыса бастайды. Мал кө­бей­ген соң, аққа жариды, елдің жағ­дайы жақсарады. Ал біз кері кет­тік. Аудан, ауыл әкімдерімен кез­дескенде, олар қазіргі күні АӘК алып отырғандардың 80 пайызы кезінде әке-шешесі АЕК алғандар екенін айтты. 90-жылы туғандар биыл 30-ға толды, олар 10-15 жасында әке-шешесінің АӘК алғанын көрді, мал бағуды білмейді, шөп те шаба алмайды. Шаруаға икемсіз буын өсіп жетілді. Енді жаңа жылдан бастап АЕК алуға өтініш бергендерге талап күшейтіледі. Әуелі оларға жұмыс ұсынылады, жұмысқа орналаспаса, АЕК берілмейді, – дейді сенатор.

 

Түйін:

 

2020 жылға арналған респуб­ли­калық бюджеттің 2019 жылғы бюджеттен айырмасы шамалы. Ұқ­састығы – әлеуметтік бюджет бо­лып шыққанында. Бұл, шындап кел­генде, мақтанатын дүние емес. Өркениетті елде бюджетке құйылған 1 теңге, кем дегенде 50 тиын табады. Ал бізде денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет саласына жұмсалған қаржы құмға сіңген судай. Мақтанатындай жаңа­лы­ғы да жоқ. Бұл салалардағы жеке сектор дамымай, бюджеттен берілген қаржының ақталуы неғай­был. Әлі күнге шикізат экспортына тәуелдіміз. Алда-жалда мұнай бағасы құлдыраса, бюджеттегі жоспары­мыз­дың күл-талқаны шығады. Сон­­дықтан Ұлттық қорға иек арта бер­мей, экономиканың нақты сек­то­рына мықтап назар аударған дұрыс-ау...


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ