Қазақстандықтар жұмыспен қамту орталығының қызметтерін онлайн ала алады
Қазақстандықтар жұмыспен қамту орталығының қызметтерін онлайн ала алады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 5 қаңтардан бастап электрондық еңбек биржасы enbek.kz порталы арқылы халықты жұмыспен қамту орталығының қызметтерін қашықтан ала алатын қалалардың тізбесін кеңейтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылғы 17 қарашада жұмыссыздарды тіркеу рәсімдерін оңайлату және жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдету үшін Еңбекмині республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының тұрғындары үшін электрондық еңбек биржасы арқылы ХЖҚО қызметтерін қашықтықтан көрсету бойынша пилоттық жобаны іске қосты.

ЭЕБ-дағы «жеке кабинетте» қазақстандықтар жұмыс іздеп жүрген адам немесе жұмыссыз ретінде есепке тұрып, тіркеудің барлық кезеңдерін қадағалай алады. Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін азаматтар онлайн режимінде ЭЕБ-да жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемге өтінім жібере алады және мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына – жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға бос жұмыс орындарын өз бетінше таңдай алады. Жоғарыда көрсетілген қызметтерді онлайн режимде алу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, ЭЕБ-да тіркеуден өту қажет.

Қызметтерді қашықтықтан алу мүмкіндігін 1400-ден астам адам пайдаланып үлгерді. 1015 азамат жұмыссыз мәртебесін алды. 260-тан астам жұмыссыз адам жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер алуға өтінім жіберді, олардың 80%-ын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мақұлдады.

«Жұмыс іздеп, жұмыспен қамту орталығына барғысы келетін азаматтарға үйден шығудың қажеті жоқ. Мұның бәрін бірнеше минут ішінде Enbek.kz порталында жасауға болады, ол үшін тек интернеті бар компьютер мен электрондық цифрлық қолтаңба болуы керек. Қызмет толықтай автоматтандырылған. Бұл дегеніміз, егер үш жұмыс күні ішінде портал жұмыс іздеуші адамға лайықты жұмыс таба алмаса, онда электрондық еңбек биржасы жұмыссыз ретінде тіркеуді автоматты түрде жүзеге асырады. Осылайша, адам факторы толығымен жойылады», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.

Интернет немесе компьютер болмаған жағдайда, барлық жұмыспен қамту орталықтарында құрылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында ЭЕБ арқылы қызметтерді алуға болады. ХЖҚО қызметкерлері онлайн ұсынылатын қызметтер бойынша қажетті кеңестер береді. Бұл азаматтарға жұмыспен қамту орталығының маманына қабылдауға кезек күтпеуге және COVID-19 пандемиясы жағдайында адамдардың  байланысын азайтуға мүмкіндік береді.

«2021 жылғы 5 қаңтардан бастап ЭЕБ арқылы онлайн қызмет көрсету механизмі облыстық маңызы бар тағы 23 қалада халыққа қолжетімді болады. Ал жылдың екінші жартысында Қазақстанның барлық тұрғыны жаңа сервистерді пайдалана алады. Сондай-ақ азаматтар үшін электрондық еңбек биржасында жұмыспен қамту саласындағы қызметтер тізбесі үнемі кеңейтілетін болады», – деп толықтырды Ербол Оспанов.

ЭЕБ арқылы ХЖҚО қызметтері енді Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының, барлық облыс орталықтарының, сондай-ақ Степногорск, Текелі, Қапшағай, Курчатов, Риддер, Семей, Қаражал, Сәтбаев, Приозерск, Жезқазған, Теміртау, Балқаш, Шахтинск, Саран, Арқалық, Лисаков, Рудный, Байқоңыр, Жаңаөзен, Ақсу, Екібастұз, Арыс, Кентау қалаларының тұрғындары үшін қолжетімді.

Онлайн қызмет көрсету туралы толық ақпаратты www.enbek.kz сайтында және халықты жұмыспен қамту орталығында алуға болады.

Жұмыс іздеп жүрген адам ретінде электрондық еңбек биржасында онлайн тіркелуді азаматтар https://www.enbek.kz/docs/ru/how-to-get-state-employment-support сілтемесі бойынша ала алады.

.