Бүгінгі зейнетақы күнкөріске жете ме?
Бүгінгі зейнетақы күнкөріске жете ме?
203
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға қол қойды. Заңға сәйкес 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 18 524 теңге, ал зейнетақының ең төменгі мөлшері 43 272 теңге болады деп көрсетілген. Осы зейнетақы зейнеткерлердің күнкөрісіне жете ме, бұл жөнінде олардың өзі не дейді? 

зейнетақы– Зейнет жасына толуыма байланысты былтыр зейнет демалысына шықтым. Ауылдағы совхозда жұмыс істеген 5-6 жылдық еңбек өтілімім бар. Соның бәрін есептей келе, зейнетақының ең минималды мөлшерлемесін алатын болдым. Екі балама  қосылғаны 6 жыл жұмыс стажы. Былтырдан бері   ай сайын 32 мың теңге зейнетақы аламын. Шыны керек, бұл қаржы біз сияқты зейнеткер үшін өте аз. Өйткені жас келген соң алатын дәрі-дәрмегің көбейеді, ал зейнетақым азық-түліктен аспайды. Басқа да шығынды қосатын болсақ, ай сайынғы зейнетақының түбі көрініп қалады. Алдағы уақытта зейнетақы мөлшері көбейеді деп күтіп отырмыз, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Тамара Жаназарова.

Оның сөзін 75 жастағы Бақтыбала Брадарова әжей де қостап отыр.зейнетақы

– Қазір алып отырған зейнетақымның көлемі – 75 мың теңге. Менікі ең төменгі мөлшері ғой. Пандемия кезінде зейнетақымызға 2 мың теңге қосылған. Негізі мөлшері көп болуы керек секілді еді. Бірақ есептеп бергені – осы.  Оған дейін 73 мыңмен күн көрдік,  зейнетақыны көбейттік деп жар салғанымен, 2 мың ештеңе өзгертпейді. Себебі зейнетақы өскен сайын азық-түлік пен дәрі-дәрмектің бағасы да шарықтап отыр, – деген Семей қаласының тұрғыны  Бақбытала әже күннен-күнге дүниенің қымбаттап бара жатқанына қынжылды.

Оның айтуынша, қолына 75 мың теңге тиеді. Оның 7-8 мыңын жылуға төлеймін. Коммуналдық қызметке, қоқыс шығаруға және үй телефонына бөлек төлем жасайды. Бәрін қосқанда 20-25 мың теңге кетеді. Қан қысымы бойынша жергілікті ауруханада тіркеулі тұрғандықтан,  біраз дәріні тегін алады екен. зейнетақы

– Соңғы кезде  отандық өнім деп, шымкенттік дәрілерді беретін болды. Ал оның еш пайдасы жоқ. Денсаулығымызға керек болған соң қажетті дәрімізді дәріханадан алып отырмыз. Мысалы, бір дәрімнің өзі  5600 теңге тұрады. Айына екі рет алып ішемін, 11200 теңге шығындап. Сонда дәрінің өзіне 20 мыңдай жұмсалады. Арасында жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға түссең, тағы да ақшаның соры. Азық-түлігің тағы бар. Зейнетақы түскен күні 20-30 мың теңгеге ет алсаң, келесі айда шай-пұлыңды аласың. Бәрін бірден алып қоюға ақша жетпейді. Күнара алатын нан мен айран-сүтіңе 2-3 мың теңге кетіп қалады, – дейді Бақтыбала әжей.

Бақтыбала Брадарованың зейнетақысына 35 жылдық жұмыс өтілі есептелген екен. Колхозда жүргенде шабындықта, егістікте істеген. Зейнет демалысына шыққанда ауылдан қалаға көшіп келген. «Ауыл зейнеткерлерінен гөрі, қалалықтың зейнетақысы әлдейқайда жоғары» дейді ол сөз арасында. зейнетақы Ал Алматы облысы Пенжім ауылында тұратын Рысхан Дүйсенбекқызы зейнетақы өскенімен, елге пайдасы тие қоймайды деп ойлайды.

– Кезінде сауыншы болып жұмыс істедім. Қазір 68 мың теңге зейнетақы аламын. Алғашында зейнетақыға 30 мың теңгемен шыққанмын. Үсті-үстіне көбейіп осы сомаға жетті. Карантин кезінде 1 ай 72 мың теңге алғанда қуанып қалғанбыз. Кейіннен қысқартып тастады. Мұның сырын түсінбедік. Жалпы, зейнетақым өзіме жетеді. Бірақ үстіне 2 мың теңге қосса, азық-түлікті 2 есе қымбаттататыны жаман. Ондайы бар, зейнетақыны көбейтпей-ақ қойғаны жақсы ма деймін, – дейді.

Алматы облысы Шелек ауданының тұрғыны Анар Серікқызы отағасы екеуінің зейнетақысы өмір сүруге жетіп отырғанын айтады. Бұрын цехта тігінші болып істеген ол кейіннен үй шаруасымен айналысып, балаларын бағып-қақты.

– Көпбалалы ана ретінде зейнетақым өсіп,  70 мың теңгеден асырып аламын. Басқа ешқандай ақша қосылмады. Зейнет демалысына шыққанда қанша ақша алсам, сол ақшаны алып келемін.  Оның үстіне жолдасымның зейнетақысы бар ғой. Менің зейнетақымды немерелерімізге жұмсасақ, отағасынікін үйдің қажетіне жаратамыз. Құдайға шүкір, отбасымызға жетіп отыр, – дейді  Анар әжей.

Зейнеткерлердің пікірі ортақ, олар зейнетақы мөлшері өскен сайын қуанудың орнына көңілін кірбің басады. Себебі қымбатшылық орнайды. Соның салдарынан зейнетақының қызығын көру мүмкін болмай тұр...