Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткер тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады
Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткер тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады

4 қаңтарда Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткер Ожаев Нұрлыбек Жұмахметұлы Исатай ауданында болып, аудан тұрғындарымен кездесті.

Кездесуде кандидат аудан халқына "Nur Otan" партиясының 2025 жылға дейінгі "Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір" атты сайлауалды бағдарламасын таныстырып, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Сондай-ақ шара аясында Исатай ауданына қарасты Хамит Ерғалиев ауылына арнайы барып, еңбек ардагері Меңдіғалиев Таңабай ақсақал мен денсаулық саласының ардагері, "Алтын қолды дәрігер" атағының иегері Күләш Нұрманованың үйлерінде болып, "Nur Otan" партиясының Атырау облыстық филиалының сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Еңбегін ел бағалаған ардагерлер үміткерге батасын беріп, ризашылығын білдірді."Елдің батасын алғысынан асқан бақыт жоқ. Мотивацияның қайнар көзі қарттарда" – дейді Нұрлыбек Жұмахметұлы өз сөзінде.

-«Халықпен жұмыс - асқан жауапкершілікті және рухани ішкі қуатты қажет етеді. Екеуінің бірі мүжілген жағдайда атқарылар істің қиюы кететіні сөзсіз. Көпшілігі "Энергия мен позитивті қайдан аласыз?" деп жиі сұрайды. Құпияның шетін ашайын. Білсеңіз елдің алғысы мен батасына жететін мотивация жоқ. Назарларыңызға ұсынған фотосуретпен осы әңгімемді сабақтастырғым келіп отыр. Ерекше кадрлардан шынайы эмоцияны байқауға болады. Бұл - Хамит Ерғалиев ауылындағы еңбек ардагері Меңдіғалиев Танабай ақсақалдың әулеті. Берекелі шаңыраққа "Nur Otan" партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарымен барған едік. 30 жылдағы елдің еңсерген жетістіктері олардың көз алдында жаңғырып тұр. Елбасының ерен еңбегі де саналарында қатталған. Әңгіме арасында тәуелсіздіктің тағылымдарын жиі еске алып, "егемендік" деген ұлы ұғымды бүгінмен жалғады. Әжейдің: "Айналайын, балам!" деген бір ауыз сөзі жанымды жадыратып сала берді. Жол қиындығын бірден ұмыттырып, қайталанбас көңіл-күй сыйлады. Үлкендердің әңгімесі мен боямасыз болмысы мені әркез қанаттандырады. Ақ самайлы әжейдің ыстық алақаны мен жылы сөзі анамды еске салып, жүрегімді елжіретті. Шексіз мейірімі, ыстық ықыласы қуат сыйлады. Иә, олар қарапайымдылықты ту еткен арда жандар. "Бетегеден биік, жусаннан аласа". Осы сәтте дана халқымыздың "Ұлық болсаң - кішік бол" деген аталы сөзі ойға оралады. Қарғыс алма, алғыс ал деген де бар.Үлкендеріміз аман болсын! Аналар мәңгі жасасын! Қадыр МырзаӘлі: "Бәрі де ана бір өзіңнен басталды" дейді ғой. Алып қосарым жоқ. Алар алғысымыз көп болсын! "Қарты бар үйдің - қазынасы бар". Аға ұрпақ өкілдері бізге лайықты өмір эстафетасын тапсырды. Сақтай білейік", - деді ол.

Атырау облысының «Nur Otan» партиясының Исатай аудандық филиалы сайлау қорының қаражатынан төленді