Жаңа басталған 2021 жыл біз үшін ерекше. Себебі осы жылы біз ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған, қасиетті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына қадам бастық.
Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мазмұнды мақаласын жариялап, егемен еліміздің өсіп-өркендеу жолының ғасырға бергісіз тарихи жетістіктеріне тоқталды. Мақалада мемлекетіміздің қалыптасу, даму, өркендеу жолы «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық» және «Ұлағат пен ұстаным» деп аталатын төрт ауқымды бағытты қамти отырып, «30 жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сұрақтардың айқын жауабын көрсетті. Президент атап өткендей, тарих тұрғысынан алғанда, 30 жыл – көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен бұл көп халық үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз. Алғашқы онжылдықта Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен мемлекеттік нышандарымыз белгіленіп, билік жүйеміз қалыптасты. «Қазақстан –2030» стратегиясын қабылдадық. Екінші онжылдықта мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуетіміз артты. Үшінші онжылдықта «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуды жоспарлап отырмыз. Осы кезеңдерде білім, денсаулық, әлеуметтік жағдай, рухани байлығымыз, патриоттық рухымыз, басқа да еліміздің барлық салалары заман талабына сай қарқынды өсіп отырды. Бұл – Елбасымыз бастап, Мемлекет басшысы жалғастырған мақсаты берік, болашағы айқын, сенімі нық қазақстандық үздіксіз даму жолымыз. Енді алдағы төртінші онжылдықтағы басты міндетіміз – қуатты ел және кемел халық болу. Осы жолда ең басты бағдарымыз – білімді ұрпақ. Осы жолда мақалада көрсетілгендей, жас буынға жан-жақты қолдау көрсете отырып, бәсекелік қабілетін арттыруға баса көңіл бөлінбек. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі – ел дамуының басты қозғаушы күші. Президентіміз атап өткендей, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бірауыз сөз әрқайсысымыздың мәңгілік ұранымызға айналып, әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алып, рухын асқақтатуға серпін беретіні сөзсіз.