Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын тәуелсіздік жолындағы ұлт бағдарламасы деуге болады.
Ендігі ұранымыз да, бірлік-бағытымыз да, ұстанған саясатымыз тәуелсіздіктің мәңгілігіне қызмет ету. Мемлекет басшысы бұл жолы да ұлттық ұстанымды айқындап, нақтылап берді. 30 жылда қандай жетістіктерге жеттік? Ендігі шығар белес, алар асуымыз қандай? Ендігі белестің басында қандай күрескерлік керек? Тәуелсіздіктің мұраты, мемлекеттің болашағы, ұлт құндылығы сияқты қағидалар жолында қоғам неге дайын болуы шарт? Осы сауалдың барлығына Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласынан терең жауап алдық. «Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы» депті Мемлекет басшысы. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті қоғам құруда, халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынды. Бұл ширығып тұрған қоғамды нәтижеге бірден қол жеткізген олжалы бағыт болды. Қоғамдағы кез келген оқиға шешімін таба бастады. «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесінің негізі қаланды. Жасырып-жабатын, жалған есепке құрылған науқаннан, қағазбас қоғамнан арылуға жол ашылды. Жүйенің мұндай кемшіліктерін жеңу үшін 30 жыл аз емес. Енді өз тарихымыздың ақтаңдағын анықтап, бұғауда жатқан тарихи шындықты саналы ұрпаққа жеткізу керегі мақаладан анық аңғарылады. «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді», – дейді. Бұл бүгінгі тарихшылар үшін де, қаламгерлер мен киногерлер үшін де алға қойылған үлкен мүмкіндік әрі жауапкершілік. Президентіміздің: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз» деген сөзі қайратымызды шыңдап, жүрегімізге жетті.