Ассамблея атынан кім түспек?
Ассамблея атынан кім түспек?

Алдағы жексенбіде Мә­жіліс пен мәслихат депутат­тарының сайлауы өте сала, ертесіне тағы бір сайлау ұйым­дастырылады. Нақты­лай кетсек, 11 қаңтар күні елор­дада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалы­ғы­мен Қазақстан халқы Ассам­блея­сының кезектен тыс сессиясы өтеді деп күтілуде. Сонда ҚХА делегаттары Ассамблея атынан сайлауға түскен 9 депутатқа қатысты көзқарастарын біл­діріп, дауыс береді.

Негізі, Парламент Мәжілісінде 107 депутат бар, оның 98-і – 10 қаң­тар күні партиялық тізім бойынша, қалған 9-ы 11 қаңтарда Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сай­ланады.

Ассамблеяның депкорпусы жаңарады

Қазір Қазақстан халқы Ассам­блеясы атынан сайлауға түсетін кан­дидаттардың тізімі белгілі. Тізім 9 үміткерден тұрады. Орталық сайлау комиссия­сының мүшесі Ерлан Дауыл­баев­тың түсін­діруінше, «Сайлау туралы» консти­туциялық заңға сәйкес, Мәжіліске Ассамблея атынан кандидаттарды ұсыну құқығы ҚХА кеңесіне тиесілі. Бұл кеңестің Мәжіліс де­путат­тығына кандидаттарды ұсыну жө­ніндегі отырысы 2020 жыл­дың 11 желтоқ­санында өтті. «Ал 14 желтоқсанда олар ОСК-ге өз кандидаттарын ұсыну туралы құжаттарын енгізді. Айта кетер жайт, Ассамблея атынан Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін кандидат міндетті түрде тек Қа­зақстан азаматы болуы тиіс, қос аза­маттығының болуына тыйым салынған. Сондай-ақ ол Қа­зақстан аумағында соңғы 10 жыл бойы тұрақты тұруы шарт. Жасы 25-тен кем болмауы керек. Сайлауға сот «іс-әрекетке қа­білетсіз» деп та­ныған, сонымен қатар бас бос­тандығынан айыру орын­дарында отырған азаматтар қатыса ал­май­ды. Соттылығы заңда белгі­ленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тас­тал­маған адамдар, сы­байлас жем­қорлық қылмыс және кор­рупциялық құқық­бұзушылық жасағанын сот таныған адам­дар да Парламент депутаттығына кан­дидат бола алмайды», – деді Ерлан Дауылбаев. Оның мәліметінше, Ортсай­лауком салық қызметімен және өзге де құзырлы органдармен бір­лесіп, Ассамблея кеңесі ұсынған кандидаттардың әрқайсысын тексеріп шығыпты. Барлығы Конституция мен «Сайлау туралы» заңының та­лаптарына сәйкес деп танылды. Жалпы, егер 11 қаңтарда деле­гаттар өз ұсынысымен және дауы­сымен еш өзгеріс енгізбесе, ҚХА-ның қазіргі депутаттары толық дерлік ауысатын болады. Тек Сауытбек Әбдірахманов қана екін­ші рет депутаттыққа ұсынылып отыр. Еске сала кетсек, 2016 жылғы 21 нау­рызда, яғни әз-Наурыз мейрамында өткізілген алдыңғы ҚХА сайлауында Ассамблеяның Елбасы бастаған, дауыс беру құқығы бар 372 делегаты ҚХА кеңесі ұсынған кандидаттардың бәрін қолдады. Бұл ретте үміт­керлер келесідей дауыс жинады: Әбдіраxманов Сауытбек Әбді­раxманұлы – 345, Божко Владимир Карпович – 349, Жұмаділдаева Наталья Васильевна – 343, Ким Роман Ухенович – 346, Микаелян Наринэ Гамлетовна – 336, Мурадов Ахмед Сейдарахманович – 339, Нурумов Шаймардан Усаинович – 337, Тимощенко Юрий Евгенье­вич – 341, Хахазов Шакир Хусаинович – 342. Айтпақшы, алдағы дүйсенбідегі сай­лаудың нәтижесін Нұр-Сұлтан қалалық сайлау комиссиясы өз xаттамасымен бекітпек. Содан соң «Сайлау туралы» консти­туциялық заңының 94-1-бабына сәйкес, ҚХА атынан Мәжіліс де­пу­таттарын сайлау нәтижелері ОСК-ге жол­данады. Негізгі қорытындысын Ор­талық сайлау ко­миссиясы шығарады.

Үміткерлер қай ұлттан?

Сонымен, осы жолы Ассамблея кеңесінің шешімімен Мәжіліс депу­таттығына 9 кандидат ұсы­нылып отыр. Олар: Әбдірахманов Сауытбек Әб­дірах­манұлы – VI сайланған Мәжілістің депутаты; Амирханян Аветик Рубено­вич – Батыс Қазақстан облыстық «Масис» армян этномәдени қо­ғамдық бірлестігінің төрағасы; Буларов Ильяс Юсупович – Жамбыл облысы Қордай ау­данындағы Сартөбе ауылдық округінің әкімі; Дементьева Наталья Гри­горьев­на – Көкшетау қаласының білім бөліміне қарасты Техникалық лицей директоры; Ли Юрий Виссарионович – Қа­зақстанның ұлттық кол­лек­торлар па­латасының төрағасы; Набиев Вакиль Гусейнович – «Барбанг» күрдтер қауымдастығы» рес­публикалық қоғамдық бір­лестігінің вице-президенті; Осин Шамиль Абзалетдино­вич – «Шығыс» фермерлік шаруа­шылығының басшысы; Тохтасунов Владимир Им­тахунович – «ЖетісуОблГаз» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің бас директоры; Хамедов Абилфас Муслимо­вич – «Әзербайжандар қауым­дастығы» рес­публикалық қо­ғамдық бір­лестігінің тө­рағасы. Сарапшылардың айтуынша, аты-жөні өзгергенімен, бес этнос Парламенттегі өз өкілін сақтап қалуы мүмкін. Мысалы, тегі армян Наринэ Микаеляннің орнын Аветик Амирханян, дүнген этно­сынан шыққан Шакир Хаха­зовтың орнын Ильяс Буларов, кәріс диаспорасының белгілі өкілі Роман Кимнің орнын Юрий Ли басуы ықтимал. Мәжілістің іс басындағы депутаты Шаймардан Нурумовтың ресми өмірбаянында «ұлты – ұйғыр» деп жазылған. Жаңа үміткер Владимир Тохта­сунов ұлтын көрсетпепті, ал өмір­баянында оның 1953 жылы Алматы облысындағы Ұйғыр ауданында туғаны, өмір бойы сол өлкеде еңбек еткені, 1999 жылғы нау­рыз­дан 2007 жылғы мамырға дейін ұзақ жыл бойы Ұйғыр ауданының әкімі болғаны атап өтілген. Қазіргі Мәжіліс Төрағасының орын­басары Владимир Божко да еш жерде ұлтын ашық көрсетпейді, бірақ оның «Қа­зақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының» төрағасы екені белгілі. Енді Ассамблея қолдаса, орыс ұлтының өкілі, бірақ қазақ тілінің мұғалімі Наталья Дементьева Мәжіліс депутаты болуы ықтимал. Өзге этностардың да қуанышы мен жұбанышы бар. Мысалы, алғаш рет татар диаспорасының өкілі Шамиль Осин ҚХА атынан сайлау додасына түсіп отыр. Әзербайжандар да Ассамблея атынан өз өкілін ұсынуға біраз жылдан бері үміт­тенген. Бұл үмітін осы жолы Абилфас Хамедов ақтауы мүмкін. Күрдтер де шаттыққа бөленуде: «Күрд­тердің Қазақстанда тұр­ғанына 82 жыл өткенде тұңғыш рет оның өкілі Парламент депутаты атануы мүмкін. Ол – Вакиль На­биев» деген жаңалықты тіпті шетелдегі күрд диаспоралары жылы қабылдапты. Әйткенмен, бір жайтты қадап айтқан жөн: қай ұлт өкілі бол­сын, Қазақстан халқы Ас­самблеясы атынан сайланған депутаттар тек бір этностың емес, бүкіл Қазақстан халқының мүд­десін білдіріп, ортақ ұстаным мен ынтымақты қорғауға міндетті.

Ассамблея сайлауының көрігі қызуда

ОСК мүшесі Ерлан Дауыл­баевтың дерегінше, Ассамблея сессиясында дауыс беруге арналған бюллетеньдерді ОСК 2018 жылғы 23 тамыздағы №11/192 қаулы­сымен бекітіп қойыпты. Егер 2016 жылы Ассамблеяда 372 де­легат қана дауыс берсе, бұл жолы олардың саны көбірек болатынға ұқсайды. – Қазақстан халқы Ассам­блеясы атынан Парламент Мәжілісінің депу­тат­тарын сай­лайтын сайлаушылардың тізі­міне Ассамблеяның барлық 504 мүшесі енгізіледі. Осыған байланысты, резервті қоса алғанда, 11 қаң­тардағы сайлау үшін дайындалуға жататын бюллетеньдердің саны – 504+1% резерв, яғни жалпы саны 509 дана болады. Сайлау бюл­летеніне үміткерлердің аты-жөні қазақ тілінің әліп­билік реті­мен енгізіледі, – деді Орт­сай­лауком мүшесі. ҚХА кандидаттары да үгіт-насихат жүргізуде. Әйтпесе, жет­кілікті дауыс жинай алмай, жарыс жолынан шығып қалуы ықтимал. Ортсайлауком хатшысы Са­била Мұс­тафина ассамблеялық үміткерлердің үгіт-насихат жұ­мыстарына және БАҚ-та өзіне дауыс беруге үгіттейтін мате­риалдар жа­рия­лауға бюджеттен қаржы берілгенін рас­тады. Орт­сайлаукомның қаулысына сәйкес, үміткердің теледидарда – 15 ми­нут; радиода 10 минут сөз сөйлеуіне, сон­дай-ақ мерзімді баспасөз не интернет ба­сылымдарда 2 ақылы мақала жария­лауына қаражат бөлінді. Бұдан бөлек, 9 үміткердің сайлауалды іс-шараларын өткізу шы­ғыстары, көлік шығыстары бюджеттен өтелуде. Жалпы алғанда, әр кандидатқа үгіт жүргізуіне 870 мың теңгеден ұсынылған. Соның ішінде теле­дидар мен радиода сөз сөйлеуге, газеттерде 2 мақала жария­лауына – 590 000 теңге; сайлауалды жария іс-шараларын өткізуге және үгіт материал­дарын басып шығаруға – 130 000 теңге; көлік шығы­старына 150 000 теңге ақша бөлінді. Ассамблея кезекті тарихи оқи­ғасына қызу әзірленуде.

Елдос СЕНБАЙ