Қазақстанның жалпы аумағы – 270 млн гектар. Оның 100 млн гектары ауыл шаруашылығына арналған. 100 млн гектардың 99 пайызы жалға берілген. Ресми дерекке сүйенсек, осыншама ұлан-ғайыр атырап 200 мыңдай ғана субъектіге тиесілі екен. Осы орайда, 1 қаңтардан бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптар ғарыштан бақыланатын болды.
Жерді тиімді пайдалану мәселесі бұған дейін дүркін-дүркін қозғалып қоятын. Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Жолдауында «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті деп ашық айтқан. Рас, жерді жалға алып, бірақ оны игермей, босқа ұстайтындар көп. Соның кесірінен ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі төмен деңгейде қалып келеді. Жерді пайдаланудан бөлек топырақтың құнарын арттыру, суландыру, агротехникалық жұмыстар жүргізу, экологиялық жағдайды жақсарту дегендей мәселелер бар. Міне, сондықтан жер ресурстарын ғарыштан бақылау аса маңызды бастаманың бірі деп білеміз. АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметіне сәйкес, министрлік ауыл шаруашылығы жерлеріне космомониторинг енгізу үшін заңнамалық база әзірлеген. Пайдаланылмайтын жерлерге салық көлемі 20 есе көбейген. Ғарыштан зондтау бос жатқан алқаптарды анықтау процесін едәуір жеделдеткен. Мысалы, былтыр игерілмеген 8 млн-дай гектар анықталыпты, бұл 2016, 2017 және 2018 жылдары қол жеткізген көрсеткіштен жарты миллионға артық. Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында дайындық жұмыстарын аяқтап, 2020 жылы бірқатар облыста жерге космомониторинг жүргізу бойынша пилоттық жоба енгізуді тапсырған. Сынақ жобасы Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылды. Ол аймақтар кездейсоқ таңдалған жоқ, себебі дәл сол өңірлерден түскен шағым шаш етектен. Сонымен, төрт өңірде 8,3 млн гектар игерілмеген жер анықталды. Оның 0,7 млн гектары – егістік, 7,6 млн гектары – жайылым. Мемлекет меншігіне 4,2 млн гектар қайтарылды, 4,8 млн гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына тартылды. Осының өзі пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау күшейгенін анық аңғартады. 2020 жылдың желтоқсанында пилоттық сәтімен аяқталды. Үкімет биыл 1 қаңтардан бастап күллі республика аумағында космомониторинг жүйесін енгізуді ұйғарды. Иә, жер – мемлекеттің меншігі. Шаруалар Үкімет талабын орындауға міндетті. Біздің ойымызша, талап өте орынды. Неге? Өйткені жер «жұмыс істеуі» тиіс. Ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілуі керек. Жұмыс орындары құрылуы қажет. Ауыл тұрғындары нәпақасын айырып, мемлекет қазынасына түрлі салық түрінде пайда түсіруі керек. Қазір ауыл шаруашылығы жерлері түгел цифрланып бітті. Цифрландырудың арқасында бүкіл егістіктің, жайылымның, шабындықтың нақты контуры жасалады. Әркім өз аумағын Qoldau бағдарламасы арқылы бақылай алады. Тіпті, ғарыштан түсірілген суретте жердің қаншалықты құнарлы, сапалы екені де анық көрінеді. Ең бастысы, барлық ақпарат тегін. Осылайша, жерсеріктердің дерегіне сүйеніп, қайда, қандай егін егілгенін, қанша мал бағылатынын тексеруге мүмкіндік туады. Яғни, тексеру үшін онда барудың қажеті жоқ. Мамандар кеңседен шықпай-ақ, бір батырманы баса салып заң бұзғандарды анықтайды. Бұл технология батыс елдерінің тәжірибесінде баяғыдан бар. Мәселен, Франция фермерлері ғарыш мониторингін қолдана бастағалы 15 жылдан асқан. Олар негізгі төрт дақыл: бидай, арпа, соя, тритикале алқаптарын бақылайды. Ереже бойынша аумақтың 5 пайызын 1 500 адамнан тұратын жеке құрам аралап шығуы тиіс. Содан кейін агрономдар жерді тыңайту, өңдеу жұмыстарына қатысты кеңес беріп, өнімділікке болжам жасайды. Ақпараттар арнайы порталдарда жарияланып, ақысын төлеген шаруа қожалықтарына ұсыныс жіберіледі. Аталмыш қызметке бізде де сұраныс жоғары. Басында отандық шаруалар шетелдік компаниялардың көмегіне жүгінетін. Былтыр нарықта ғарыштық бақылаумен айналысатын қазақстандық ойыншылар пайда болды. Ғарыштық мониторингтің тағы бір артықшылығы – ақпараттың ашықтығында. Бұл сыбайлас жемқорлықпен күресуге сөзсіз септеседі. «Алайда космомониторинг жердің игеріліп-игерілмегенін анықтайтын жалғыз құрал болмауы керек», – дейді мамандар. Себебі жерсерік түсірген суреттен кішігірім кінәраттар шығуы әбден мүмкін. Мысалы, құрамында азот, парафин сияқты қоспалары бар тыңайтқыш ғарыштан өсімдік сияқты көрінеді. Егін алқабын бір жыл тынықтырып, тыңайтқыш сепкен шаруаның жерін игерілмеді деп тану қиянатпен тең болар еді. Жер кодексінің 4-бабында заңның негізгі қағидаты «жерді қорғау және ұтымды пайдалану» деп тайға таңба басқандай жазылған. Басты қағидат сақталмаса, жер иелерін осы кодекс шеңберінде жауапқа тартып, жер телімдерін мемлекетке мәжбүрлеп қайтару қарастырылған. Президент тапсырмасымен бұл істе қазақстандық спутниктер кеңінен қолданылады, ғарыштық түсірілімдер латифундистерден жерді алып қоятын кезде сотта айғақ ретінде көрсетіледі, мұны Парламент заңнамалық тұрғыдан бекітті. Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір сөзінде: «Бүгінде ет өндірісін ұлғайту мәселесі аналық мал басының проблемасына тіреліп тұрған жоқ, керісінше фермерлерге жемшөп дайындайтын жерлердің жетіспеуіне байланысты» деген еді. Негізі, Президент мәселенің мәнін тамыршыдай тап басып танып отыр. Қазақстан жер көлемі жөнінен дүниежүзінде 9-орында тұр. Халық саны – 18-19 млн. Әлемдік өлшеммен қарасақ, бұл – бір мегаполистің тұрғындары ғана. Сөйте тұра ауыл шаруашылығымен айналысамын деушілерге бос жер жоқ. Парадокс! Мұндай парадокс ғарыштық бақылау арқылы оңай шешіледі деп ойлаймыз.