Отшашудан от шығады
Отшашудан от шығады

Әр мерекенің өзіне тән символы бар десек, жаңа жыл мей­рамын отшашу, фейерверксіз елестету қиын. Бірақ сол отшашудан опық жеп жататындар да бар. Мереке өтіп, қарбалас саябырсыған соң фейерверк кесірінен зар­дап шеккендер туралы жиі естіп жатамыз. Биыл жаңа жыл келеді дегеннен бастап-ақ еліміздің әр өңірінде әкімдіктер ұйымдастыратын басты отшашулардан бас тартты. Оған қоса, көпшіліктің жиналып, пиротехника қолдануына тыйым салынды. Дегенмен бұған құлақ аспағандардың қарасы көп.

Пиротехника саудасы екі есеге артқан

Әуелі бір маңызды жайды айта кеткен жөн. Пандемияға қа­рамастан 2020 жылы қазақ­стандықтар пиротехникаға екі есе көп ақша жұмсаған екен. Оған отшашудың бағасы бұрынғысынан 2 есеге қымбаттағаны да себеп болған сияқты. Ресми статистикаға сәйкес, 2020 жылдың алғашқы 10 айында республикаға жалпы сомасы шамамен 3 млн доллар болатын 2,4 млн дана отшашу мен басқа да пиротехникалық заттар әкелініпті. Оның төрттен бір бөлігі Ресейден импортталған. Оған 2 млн доллар жұмсалыпты. 993,4 мың доллар тұратын қалған 1,7 млн дана пиротехника Қытай, Кипр және Германиядан жеткізілген. Ал 2019 жылдың осы кезеңінде 496,2 мың долларға 1,7 млн пиро­техникалық заттар әкелініпті. Демек,  елдегі шектеулер фейерверк саудасына мүлде кедергі болмаған. Ал мереке жақындағанда бұл сауданың қыза түскені анық.

Әлегі көп әсемдік

Жаңа жыл дегеннен әр өңірдің бас санитар дәрігерлері тұр­ғын­дарды санитарлық және эпи­демиологиялық ережелерді сақ­тауға шақырған. Яғни, фейерверк ату жаппай іс-шараға айналып кетпей, адамдардың көп жиналып, шоғыр­лануына қатаң тыйым са­лынды. Онымен қоса, түнгі уақытта қоғам­дық тәртіп пен тыныштықты бұзу туралы ереже отшашуға да қатысты күшіне енген болатын. Жұмыс күндері түнгі 22.00-ден, демалыс күндері 23.00-ден кейін пи­ротехника қолданғандарға Әкімшілік кодекстің 436-бабына сәйкес жеке тұлғалар үшін 13 890 теңге (5 АЕК) айып­пұл салынатыны қоса ай­тылған. Ал жаңа жыл қарсаңында тәртіп тіптен қатаң­датылды. Топ болып серуендеуге, салют атуға тыйым салынды. Қатты атылған отшашу үшін 55 мың теңгеге дейін айыппұл салынатыны хабарланды. Мерекеге бір апта қалғанда Нұр-Сұлтан мен Алма­тыдағы отшашу сататын базарлар жаппай тексеріле бастады. Оқыс оқиғалар мен тілсіз жаудың алдын алу үшін пиротехника сатып тұрған­дардың құжаттары түгел тексерілген. Алайда осынша ты­йым­нан кейін тоқтап қалған от­шашу көрмедік. Жыл сайын зардабын тартып жат­қан­дардың барын біле тұра мереке­нің бір сәттік әсемдігін қимайтыны­мыз тағы бар. Әзірге елімізде жаңа жыл мере­кесі қарсаңында неше адамның фейерверк атамын деп тәртіп бұзғаны немесе отшашудан зардап шеккені жайлы нақты мәліметтер жоқ. Әйтсе де, оқыс оқиғаның біра­зы мәлім бола бастады. Мә­селен, Павлодар облысының 64 жастағы тұрғыны жаңа жыл түні атылған отшашудан көзін жа­рақаттап, облыстық ауруханаға жет­кізіліпті. Батыс Қазақстан облы­сының тағы бір тұрғыны пиро­техника кесірінен бетін күйдіріп алған. Содан кейін біз осы се­кілді оқиғалардың болып-болма­ғанын білмекке елорданың Денсау­лық сақтау басқармасына хабар­ласқан едік. – Қуанышымызға орай, Нұр-Сұлтан қаласында жаңа жылда отшашу немесе басқа да пиро­техникалардан зардап шегіп келген адамдар тіркелген жоқ. Биыл оқыс оқиғаның болмауына шектеулердің әсер еткені анық, – дейді басқарма өкілі Айгерім Ардаққызы. Сонымен, отшашудан зақым алып, болмаса айыппұл арқалап жатқандар жоқ екен делік. Бірақ әлеуметтік желіде тараған бейне­жазбалардан жаңа жыл түні Алматы қаласының фейерверк астында қалғанын «тамашаладық». Елорда жұртының да қалыс қалмағанын көзбен көрдік. Пиротехникадан зақым алғандардың болмағаны жақсы-ақ, дегенмен отшашудың «отына» құмар жандар азаймаған екен.

Пиротехниканың өзге елдердегі зардабы

Мерекені отшашумен қарсы алу әлемдік тенденцияға айналып кеткендіктен, әр жыл сайын шет елдерде де пиротехникадан жа­рақат алатындардың қарасы қалың. Жаңа жыл түні Италия астанасы Римде өлі құстар жаңбырша жау­ған. Оған жаңажылдық отшашу себеп бо­лыпты. Пиротехниканың зардабы адамдарды да айналып өтпеген. Отшашудың кесірінен 79 адам жарақаттанып, бір адам көз жұмған. Негізінен, Римде отшашу ат­қандарға қомақты айыппұл салын­ады. Алайда бұл отшашуға құмар­ларға тоқтау болмаған көрінеді. Ресей астанасы Мәскеуде фейер­верктен 10 адам зардап шеккен. Олардың үшеуі – балалар мен жас­өспірімдер. Одан бөлек түркиялық «Галатасарай» футбол клубының қорғаушысы Омар Элабделлауи да отшашу атамын деп ауруханаға түскендердің қа­тарында. Қорыта айтқанда, мерекені кез келген адамның қалағанындай тойлауға құқы бар. Отшашудың әсемдігі әркімді құмартатыны сөзсіз. Біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырда қолданыла бастаған пиротехникасыз жаңа жылды елестету тағы қиын. Әйткенмен оның адам мен табиғатқа зиянын өлшеп жатқан кім бар?

Мадияр ТӨЛЕУ