Әр мерекенің өзіне тән символы бар десек, жаңа жыл мейрамын отшашу, фейерверксіз елестету қиын. Бірақ сол отшашудан опық жеп жататындар да бар. Мереке өтіп, қарбалас саябырсыған соң фейерверк кесірінен зардап шеккендер туралы жиі естіп жатамыз. Биыл жаңа жыл келеді дегеннен бастап-ақ еліміздің әр өңірінде әкімдіктер ұйымдастыратын басты отшашулардан бас тартты. Оған қоса, көпшіліктің жиналып, пиротехника қолдануына тыйым салынды. Дегенмен бұған құлақ аспағандардың қарасы көп.
Пиротехника саудасы екі есеге артқан
Әуелі бір маңызды жайды айта кеткен жөн. Пандемияға қарамастан 2020 жылы қазақстандықтар пиротехникаға екі есе көп ақша жұмсаған екен. Оған отшашудың бағасы бұрынғысынан 2 есеге қымбаттағаны да себеп болған сияқты. Ресми статистикаға сәйкес, 2020 жылдың алғашқы 10 айында республикаға жалпы сомасы шамамен 3 млн доллар болатын 2,4 млн дана отшашу мен басқа да пиротехникалық заттар әкелініпті. Оның төрттен бір бөлігі Ресейден импортталған. Оған 2 млн доллар жұмсалыпты. 993,4 мың доллар тұратын қалған 1,7 млн дана пиротехника Қытай, Кипр және Германиядан жеткізілген. Ал 2019 жылдың осы кезеңінде 496,2 мың долларға 1,7 млн пиротехникалық заттар әкелініпті. Демек, елдегі шектеулер фейерверк саудасына мүлде кедергі болмаған. Ал мереке жақындағанда бұл сауданың қыза түскені анық.Әлегі көп әсемдік
Жаңа жыл дегеннен әр өңірдің бас санитар дәрігерлері тұрғындарды санитарлық және эпидемиологиялық ережелерді сақтауға шақырған. Яғни, фейерверк ату жаппай іс-шараға айналып кетпей, адамдардың көп жиналып, шоғырлануына қатаң тыйым салынды. Онымен қоса, түнгі уақытта қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзу туралы ереже отшашуға да қатысты күшіне енген болатын. Жұмыс күндері түнгі 22.00-ден, демалыс күндері 23.00-ден кейін пиротехника қолданғандарға Әкімшілік кодекстің 436-бабына сәйкес жеке тұлғалар үшін 13 890 теңге (5 АЕК) айыппұл салынатыны қоса айтылған. Ал жаңа жыл қарсаңында тәртіп тіптен қатаңдатылды. Топ болып серуендеуге, салют атуға тыйым салынды. Қатты атылған отшашу үшін 55 мың теңгеге дейін айыппұл салынатыны хабарланды. Мерекеге бір апта қалғанда Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы отшашу сататын базарлар жаппай тексеріле бастады. Оқыс оқиғалар мен тілсіз жаудың алдын алу үшін пиротехника сатып тұрғандардың құжаттары түгел тексерілген. Алайда осынша тыйымнан кейін тоқтап қалған отшашу көрмедік. Жыл сайын зардабын тартып жатқандардың барын біле тұра мерекенің бір сәттік әсемдігін қимайтынымыз тағы бар. Әзірге елімізде жаңа жыл мерекесі қарсаңында неше адамның фейерверк атамын деп тәртіп бұзғаны немесе отшашудан зардап шеккені жайлы нақты мәліметтер жоқ. Әйтсе де, оқыс оқиғаның біразы мәлім бола бастады. Мәселен, Павлодар облысының 64 жастағы тұрғыны жаңа жыл түні атылған отшашудан көзін жарақаттап, облыстық ауруханаға жеткізіліпті. Батыс Қазақстан облысының тағы бір тұрғыны пиротехника кесірінен бетін күйдіріп алған. Содан кейін біз осы секілді оқиғалардың болып-болмағанын білмекке елорданың Денсаулық сақтау басқармасына хабарласқан едік. – Қуанышымызға орай, Нұр-Сұлтан қаласында жаңа жылда отшашу немесе басқа да пиротехникалардан зардап шегіп келген адамдар тіркелген жоқ. Биыл оқыс оқиғаның болмауына шектеулердің әсер еткені анық, – дейді басқарма өкілі Айгерім Ардаққызы. Сонымен, отшашудан зақым алып, болмаса айыппұл арқалап жатқандар жоқ екен делік. Бірақ әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардан жаңа жыл түні Алматы қаласының фейерверк астында қалғанын «тамашаладық». Елорда жұртының да қалыс қалмағанын көзбен көрдік. Пиротехникадан зақым алғандардың болмағаны жақсы-ақ, дегенмен отшашудың «отына» құмар жандар азаймаған екен.Пиротехниканың өзге елдердегі зардабы
Мерекені отшашумен қарсы алу әлемдік тенденцияға айналып кеткендіктен, әр жыл сайын шет елдерде де пиротехникадан жарақат алатындардың қарасы қалың. Жаңа жыл түні Италия астанасы Римде өлі құстар жаңбырша жауған. Оған жаңажылдық отшашу себеп болыпты. Пиротехниканың зардабы адамдарды да айналып өтпеген. Отшашудың кесірінен 79 адам жарақаттанып, бір адам көз жұмған. Негізінен, Римде отшашу атқандарға қомақты айыппұл салынады. Алайда бұл отшашуға құмарларға тоқтау болмаған көрінеді. Ресей астанасы Мәскеуде фейерверктен 10 адам зардап шеккен. Олардың үшеуі – балалар мен жасөспірімдер. Одан бөлек түркиялық «Галатасарай» футбол клубының қорғаушысы Омар Элабделлауи да отшашу атамын деп ауруханаға түскендердің қатарында. Қорыта айтқанда, мерекені кез келген адамның қалағанындай тойлауға құқы бар. Отшашудың әсемдігі әркімді құмартатыны сөзсіз. Біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырда қолданыла бастаған пиротехникасыз жаңа жылды елестету тағы қиын. Әйткенмен оның адам мен табиғатқа зиянын өлшеп жатқан кім бар?Мадияр ТӨЛЕУ