Әйгілі саясаткер Збигнев Бжезинскийдің «Ұлы шахмат тақтасы» атты еңбегі бар. 1997 жылы жарық көрген. Сол кітапта саясаткер Украинаны ТМД кеңістігіндегі батысшыл орталықтардың біріне балаған. Бірақ саясаткер үміт артқан ел бүгінде аумақтық тұтастығынан айырылып қалды. Оған елдегі түрлі саяси топтардың ауызбіршілік таныта алмауы мен айларға созылған ереуілдер, биліктің әлсіздігі себеп болған еді.
Негізі, З.Бжезинский посткеңестік елдерде ереуілдер мен шерулердің ел тұтастығына зиян келтіретінін айтқан жоқ еді. Алайда оның еңбегінде айтылған болжамдарға қарсы әрекет еткен күштер де табылды. Сөйтіп, алып мемлекеттердің өзара текетіресінен шағын және ортаңқол елдер зардап шекті. Әйтпесе, мысал етіп отырған Украина тым осал емес еді. Тек саяси топтардың текетіресін сыртқы күштер этникалық араздық бағытына бұрды да, Қырым түбегі Ресейге қосылып, Донецк пен Луганск облыстары елден бөлінуге бел байлады. Осылайша, қатардағы митинг саналған Майдандағы оқиғалар ел тұтастығына нұқсан келтірді. Қазір Украина гибридті соғыстың ошағына айналған. Әлі күнге елдің шығысындағы сеператистер орталықпен келісімге келе алған жоқ. Қырым тұрғындары «референдум» арқылы түбектің Ресейге қосылуын жақтап, жер аннексияланды. Енді оның Украина құрамына қайта қосылу - қосылмауы екіталай күйде тұр. Оның үстіне Украинадағы саяси күштердің ымыраға келе қоятын түрі тағы жоқ. Бәрінің өз мақсат-мүддесі бар. Тек ел тұтастығын бірінші орынға қойғандары сирек. Демек, посткеңестік елдерде демократиялық үрдістерді тереңдетудің ерекше тәсілі қажет деген сөз. Бірден атойлап алаңға шығу ыңғайлы амал емес. Керісінше, азаматтардың саяси белсенділігі сайлауларда дауыс беріп, сол арқылы елде түрлі өзгерістердің жасалуына ықпал етуге ұмтылғаны керек. Айқаймен іс бітпейтінін көрдік. Жалпы, бұрын КСРО құрамында болған елдердің Балтық жағалауындағы мемлекеттерден басқаларының көбінде түрлі кезеңдер, саяси дағдарыстар, тіпті азаматтық соғыстар болғанын байқаймыз. Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы алағай-бұлағай кезеңде аумақтық тұтастығынан айырылған мемлекеттер де аз емес. Молдова, Әзербайжан елдері сол кезде тұтастығынан айырылса, Грузия мен Украина 2008 және 2014 жылдары экс-одақтастардың күйін кешті. Тәжікстанда 1992-1994 жылдарда азаматтық соғыс болса, Ресей 1993 жылы саяси дағдарысқа ұшырап, президентті жақтаушы әскерилер парламентті атқылады, екі рет Шешенстанда соғыс шықты. Өзбекстанның Ферғана аңғарында саяси партиялар құрған діншілдер кейін ел билігіне қарсы экстремистік әрекеттер жасаған. Қантөгіс те болды. Қырғыз Республикасында билік үш рет төңкеріс арқылы алмасты. Арменияда да ереуілшілер биліктің алмасуына қол жеткізген. 2015 жылы. Былтыр Беларусь халқы бірнеше ай бойы ереуілдетті. Бір сөзбен айтқанда, посткеңестік елдердің басым көпшілігі отыз жыл ішінде кемі бірер рет дүрлігісіп алған-ды. Ал қазір елдің берекесін кетіріп, тұтастығын бұзудың жаңа «ережелері» жасалған сыңайлы. Әрі қауіп жан-жақтан төнуі мүмкін. Тіпті, кейбір тәсілдер ап-айқын көрініп те тұрады. Мәселен, 2008 жылы Грузия мен Ресейдің соғысына «азаматтарымызды қорғаймыз» деген сылтау басты себеп ретінде айтылған еді. Шын мәнінде, нақты себеп геосаяси мүдде екені анық. Алайда сылтау үшін «азаматтарымызды қорғаймыз» дегені рас еді. Украинада да «жасыл адамдар» пайда болып, Қырымды бөліп әкеткені есте. Яғни, гибридті соғыстың амалдары бұл. Демек, қоғамда сыртқы күштердің мұндай тәсілдерге баруына жол бермеудің амалдарын қарастырған абзал. Әйтпесе, «мүйіз сұрап жүріп, құлақтан айырылу» қаупі туады. Осы тұста тағы бір жайтты атап өткен дұрыс. Ол ереуілдердің төңкерістің басы болатыны. Әрі билік төңкеріс арқылы алмасқан елдердің ешқайсысында тұрақтылық орнаған жоқ. Посткеңестік елдерді айтпағанда түрлі төңкерістерді бастан кешірген араб елдерін де мысал етуге болады. Төңкерістердің бәрі демократиялық талаптар қоюды көздеген ереуілдерден басталады. Шамасы кезінде З.Бжезинский болжаған этносаралық шиеленістер Еуразия кеңістігінде қарқын ала қоймағандықтан стратегтер демократияны сылтау етумен басталатын ереуілдерге үміт артқан сыңайлы. Әрі ереуілдерді жақтаушылар мен бұқараның дүрмекке ілесуін геосаяси мақсаттарға көздейтіндер де бір жерде «рөл ойнайтыны» бар. Яғни, гибридті күресті ұйымдастырушылар тек біржақты болмайды. Суперкүштердің өзара ойыны кезінде бейбіт жатқан мемлекеттер мен халықтар құрбандыққа айналады. Қазір біреуге біреудің жаны ашитын заман емес. Тек халық пен биліктің тізе қосқаны ғана елдегі тұрақтылыққа кепіл болмақ. Украинада халықтың өзі саяси көзқарастарға байланысты екіге бөлініп кетті. Құндылықтар өзгере бастаған сәтте абайсыз жасалған реформалар көзқарастар қайшылығын туғызды. Кеңес әскерін басқыншы санау немесе украин халқының түрлі қайраткерлерін біржақты даттау мен жақтау, тарихтағы кейбір оқиғаларға айыпты ретінде нақты бір мемлекетті атау қоғамды ірітіп тынған еді. Сөйтіп, митингтерге этникалық, рухани, тарихи астар берілген кездер болды. Қазір соның зардабын тартып отыр. Негізі, демократия үрдістерін тереңдету әр халықтың дүниетанымы мен мәдениеті, аймақтың геосаяси ахуалы ескеріле отырып жүргізілуі тиіс. Әрі демократия институттарының барлығы бірдей жүйелі дамыған дұрыс. Әйтпесе сыңаржақтық пайда болады да, оның зардабы ауыр болуы мүмкін. Түркиялық зерттеуші Ахмет Арслан Украинадағы оқиғалардың кез келген түркі мемлекетінде қайталану қаупі барын жоққа шығармайды. «Орталық Азиядағы түркі мемлекеттерінің орналасқан аймағы геосаяси тұрғыда өте маңызды. Онда әлемдегі суперкүштердің барлығының мүддесі бар. Бір ғана ағат қадам опық жегізуі мүмкін. Тәуелсіздіктен айырылмағанның өзінде әлеуметтік-экономикалық тұрғыда кері кету қаупі болады. Ал Қазақстанның Орталық Азияның кейбір мемлекеттеріне буфер рөлін атқарып отырғанын ескерсек, елдегі тыныштықтың маңызы зор. Ел тұтастығына қауіп төндіретін кез келген фактордың қалыптасуына жол беруге болмайды», – дейді зерттеуші. Қысқасы, төңіректегі оқиғалардан сабақ алудың маңызы зор. Арандату мен дүрмекке ерудің қатерлі екенін Қордай оқиғасы да көрсеткен. Ал ел ішіндегі төңкеріске құмарту одан да ауқымды, бір ауданның ғана емес, тұтас мемлекеттің тағдырын таразыға салатын іс екенін ескеру қажет.Ардагелді БЕКЖАН