Пандемия барлық салаға едәуір әсерін тигізді. Әсіресе, кәсіпкерлік саланың біраз шығынға ұшырағаны рас. Былайғы кезде бары-жоғы білінбейтін кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің басына қиын іс түскенде қандай қолдау көрсете алды?
Елде жарияланған төтенше жағдай тұсында кәсіпкерлік нысандар түгелге жуық жабылып, не болмаса шектеу шаралары күшейіп, нәпақасын адал еңбегімен тауып отырған кәсіпкерлер әлі күнге дейін еңсесін тіктей алмай келе жатқаны рас. Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының өкілі бұл кезеңнің шын мәнінде өңір кәсіпкерлеріне ауыр жыл болғанын айтады. Еліміздің барлық аймағында блок-бекеттер қойылып, ұшқан құс пен жүгірген аң өтпей айнала қозғалыссыз қалған кезеңдерде өндіріс ошақтарының да есіктеріне құлып салынған-ды. Алайда Алматы мен Нұр-Сұлтан сынды ірі қалаларда стратегиялық маңызы бар, яғни адам тіршілігі мен денсаулығына аса маңызды өндіріс орындары ғана жұмыс істеп тұрғанда Шымкент қаласында көптеген кәсіпкерлік нысандары өз жұмысын тоқтатпай жалғастыра берді. Жалпы, Шымкентте төтенше және карантин жағдайы салдарынан 27 мыңнан асатам шағын және орта бизнес субъектілері зардап шеккен. Негізінен бұл – сауда-саттық және қызмет көрсету салалары. Сондай-ақ кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізіліп, 11 мыңға жуық адамның қысқартуға ұшырағаны анықталған. Осыған байланысты Шымкент қаласы әкімдігі мен кәсіпкерлік палатасы бірлесе өңірлік антикризистік бағдарламасы қабылдады. Бұл кешенді бағдарламада шығарылған өнімдерді өткізуге көмектесу арқылы жұмыс орындарын сақтап қалуға басым бағыт берілген. Демек, мұнда шығарылған өнім жиі өтіп, кәсіпорынның жұмысы жанданса, жұмысшылар да қысқартуға ілінбес еді деген мақсат тұрды. Карантин кезінде шыққан қаулының аясында кәсіпкерлер мемлекеттік тапсырысты конкурссыз тікелей сатып алуларға қатысуға мүмкіндік алды. Мұндағы талап – жергілікті отандық өнімді пайдалану. Оған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің реестріне енген кәсіпорындар қатыса алады. Мұның тиімділігі – өндіріс жұмысы тоқтамай жалғаса береді. Бұдан бөлек, әлемдегі пандемия салдарынан шетелмен байланыс тоқтап, кәсіпорындар өздеріне қажетті көптеген шикізатты алдыра алмай қалған-ды. «Антикризистік бағдарламаның нишалық жобаларды жүзеге асыру тармағында шетелден тасымалданып жүрген қосалқы тауарларды өзімізден өндіру мәселесі қолға алынды. Мәселен, жұмыртқаның сыртындағы қорабын өзге өңірлерден алдырып жүрсек, енді оны жергілікті жерде шығаруға ықпал еттік. Қаржылық көмек беруді Атамекен кәсіпкерлер палатасы мойнына алды. Яғни, нишалық жоба дегеніміз – бір кәсіпорынды тағы бір кәсіпорынмен байланыстыра отырып, жаңа өндірістерді дамыту. Маңыздылығы үлкен кәсіпорынның айналасында өзіміздің шағын және орта бизнес дамып отыр», – дейді кәсіпкерлер палатасының өкілі. Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте анықталған 100-ге жуық нишалық жобаның 5-еуі жүзеге асырылмақ. Олардың қатарында бұрын Өзбекстаннан тасымалданып жүрген тауарлар да бар. Рас, карантин кезінде көптеген кәсіпорын қаржылық қиындықтарға тап болды. Бұл кезеңдері Үкімет тарапынан несиелерді 6 айға дейін созу, мемлекет тарапынан несиелендірудің мөлшерлемесін 6 пайызға дейін төмендету шаралары жүрді. Одан бөлек, зардап шеккен субъектілерге салықтық жеңілдіктер, мүлік және жер салығынан босату сынды жеңілдіктер де қарастырылды. Оған экономика министрлігінің шешімімен зардап шеккендер деп танылған субъектілер енеді. Шымкент қаласында 100-ден астам мейрамхана бизнесі бар. Бұған туризм саласын қосыңыз. Тоқтап қалған, зардап шеккен орта және шағын бизнес иелері корпоративтік табыс салығынан босатылды. Отандық өнімдерді осында өткізу шарасы мұнда қызу жүрді. Мәселен, Шымкент қаласында жүріп жатқан құрылыс жұмыстары үшін бұрын Италия, Ресей мемлекетінен қажетті заттар келетін болса, қазір оның орнын жергілікті өндіріс орындарының тауарлары басуда. Бұл қатаң қадағаланады. «Жалпы, пандемия көп нәрсеге көзімізді ашты. Мәселен, кейбір кәсіпорындар өздеріне қажетті шикізаттың шетелде ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де өндірілетінін білді. Кәсіпкерлер палатасы осы тұста басқа облыстармен тығыз байланыс жүргізіп, біріне қажеттіні бірі тауып беруге үлкен үлес қосты. Осылайша байланыс жолға қойылды. Былайша айтқанда, отандық нарық импортты ығыстырып шығаруда», – дейді ол. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 72 мың кәсіпкерлік нысан бар. Негізінен оның 60 пайызы қызмет көрсетумен айналысады, яғни шағын және орта бизнес түріне кіреді. Жалпы, қаламызда 50 мыңнан астам кәсіпорын 5,8 млрд теңге болатын салықтан жеңілдік алды. Ал тойханасы көп үшінші мегаполисте той бизнесі біржола тоқтады десе де болады. Осылайша тойхана иелері ғимараттарын әртараптандыру жағын қарастыруда. Бәрінен бұрын тойдың айналасындағы көзге көрінбейтін кішігірім бизнестерге үлкен соққы болды. Мәселен, тек жиындарға арналған сәндік салаттарға өнім шығаратын кәсіпорындар балық, форель, түрлі-түсті болгар бұрышы сынды көкөніс өндіретін жылыжайлардың да жұмысы тоқтады. Олардың алушылары негізінен мейрамхана, тойхана болатын. Одан бөлек, тек тоймен күн көріп отырған 20 шақты шағын бизнес иелері де зардап шегіп отыр. Әділжан Датқаев жалпы тойхана салу үрдісі тоқтағанын атап өтті. Ескі тойханалар нарықтан шығып, ғимарат басқа бағытқа пайдаланыла бастаған. Иә, барлық мәселе толығымен шешіліп кетті дей алмаспыз, дегенмен кәсіпкерлер палатасы құрылғалы биыл бірінші рет үлкен жұмыстың болғанын, ірілі-ұсақты кәсіп иелерінің есепке еніп, бір реттеліп қалғанын жоққа шығара алмаймыз.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы