Жапония астанасы Токиода өтетін XXXII жазғы Олимпиада қыр астында. Күншығыс елінің билігі төртжылдықтың ең маңызды спорт додасына тыңғылықты дайындалып жатыр. Ұйымдастырушы тарап осы бастан жанкүйерлер мен спортшылардың жағдайын жасауға кірісіп кеткен.
Токио Олимпиадасының қауіпсіздік жөніндегі атқарушы директоры Цуёси Ивасита төрткүл дүние көз тігетін дүбірлі додада жанкүйерлер өздерін жайлы сезінетінін айтып сендіруде. Ал Токио-2020 ұйымдастыру комитетінің атқарушы директоры Тоширо Муто қауіпсіздік шаралары 2021 жылдың көктеміне дейін әзірленетінін хабарлады. Сонымен қатар медициналық сақтандыру міндетті талап болады деген де болжам бар. Себебі Жапониядағы ауруханалар ауру жұқтырған шетелдік туристерді емдегені үшін жұмсаған шығындарын осы сақтандыру арқылы жабуды көздеп отыр. Өткен жылы Халықаралық олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах пен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ 2020 жылы өтеді деп жоспарлаған жазғы Олимпиада ойындарын пандемияға байланысты кейінге қалдыру туралы шешім қабылдағанын да жақсы білесіздер. 24 наурыз күні Халықаралық олимпиада комитеті Токио Олимпиадасын ұйымдастыру комитетімен өткен келіссөзден соң төртжылдықтың дүбірлі додасын 2021 жылға ауыстыру туралы шешім шығарылды. ХОК президенті Томас Бах әлемдегі ахуалға байланысты осындай шешімге келгендерін айтып, бар әлем спортшыларымен бірге коронавирусты жеңетініне сенім білдірді. Бір қызығы, олимпиада бір жылға шегерілсе де, жарыс атауы мен медальдар дизайны ауысқан жоқ. Сондықтан ауқымды дода тарихта «Токио-2020» болып қала береді. 2020 жылдың соңына қарай Еуропа елдерінде коронавирустың қайта өршуіне байланысты олимпиада тағы да келесі жылға шегеріледі деген қауесет тараған. Бұл сұрақтарға таяуда Халықаралық олимпиада комитетінің вице-президенті Джон Коутс жауап берді. Ол қайткен күнде де олимпиада ойындары 2021 жылы өтетінін мәлімдеді. Салтанатты рәсімдерді ұйымдастыру әр істі тыңғылықты атқара білетін шығармашылық топ мүшелеріне тапсырылды. Олар аз уақыттың ішінде тез әрі тиімді дайындық жұмыстарын жүргізіп үлгерді. Енді аталған топқа салтанатты рәсім кезінде әлемдегі індетпен күресті бейнелеу міндеті қоса жүктелді.