Коронавирустың әсері азаяды - Жақсылық Досқалиев
Коронавирустың әсері азаяды - Жақсылық Досқалиев
98
оқылды
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев коронавирусқа қарсы вакцина індеттің әсерін азайтады деп есептейді.
"Вакцина - коронавирусты жұқтырмаудың алдын алудың бірден-бір жолы, қорғаныс құралы. Қазір әлемде вирусқа қарсы бірнеше вакцина тіркеліп үлгерді. Біздің QazCovid-in қазақстандық вакцинасы  сынақтың үшінші кезеңінен өтіп жатыр. Осы орайда бірқатар шенеунік - Асхат Аймағамбетов, Бердібек Сапарбаев, Ерлан Қарин секілді азаматтардың оны ерікті ретінде салғызғанын естіп, біліп отырмыз. Өз басым бұны құптаймын", - дейді Жақсылық Досқалиев.
Оның айтуынша, алдағы уақытта коронавирус жойылмайды, вакцина арқылы оның әсерін азайтуға болады.
"Менің ойымша, коронавирус мүлдем жойылып кетпейді. Болашақта сынақтан өткен вакциналардың арқасында оның әсерін азайтуға болады. Оған халықты жаппай вакциналау арқылы қол жеткізуге болады. Жұрттың 80% -ында ұжымдық иммунитет қалыптасқан кезде вирус бәсеңдеп, оның зияны азаяды. Ел азаматтары дәрігерлердің ақыл-кеңестеріне құлақ түріп, санитарлық-қауіпсіздік шараларын сақтаса, індетті жеңу де қиын емес. Бәрі өзімізге байланысты", - дейді Бұрынғы денсаулық сақтау министрі.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда 10 миллион адамға коронавирусқа қарсы вакцина салу жоспарланып отырғанын айтқан болатын. Әлемде бірінші болып тіркелген ресейлік «Спутник V» вакцинасы елімізде өндіріле бастады. «Спутник V»-ны жаппай егу 2021 жылы ақпан айында басталады.