Нұртөре Жүсіп, сенатор: Тәуелсіздік деген – көзіңнің қарашығы
Нұртөре Жүсіп,  сенатор: Тәуелсіздік деген – көзіңнің қарашығы
221
оқылды

– Аз ғана күннен кейін еліміз Тәуелсіздік күні мерекесін тойлайды. Сіз Қазақ елінің Тәуелсіздігі жария­ланған кезді өз көзіңізбен көрдіңіз. Әсеріңіз қандай болды?

– Ескі ертегілерде «Естігенімді ай­тайын ба, көргенімді айтайын ба» дейтін сөз сарыны бар еді. «Есті­ген – өтірік, көргеніңді айт» делі­нетін. Сөз арнасын солай құрар болсақ, егемен еліміздің жүрген жолы, алған асуы, шыққан белесі көптің көз алдынан өтті. Арасында біз де бармыз.

Иә, 1991 жылдың 16 желтоқса­­ны – Тәуелсіздік күні. Дәл осы күні Азаттық таңы атты. «Қазақстан Рес­публикасы» аталатын жаңа тұрпатты мемлекеттің құрылғаны жария­ланды. Бұдан бес жыл бұрын «Қа­зақтар өздерін басқара алмайды, сондықтан басшыны сырттан қою керек» деген ұстаныммен респуб­лика басшы­лығына көлденең көкат­ты сайланған. Оның арты Желтоқсан көтерілісіне әкеп соққан. Алматы­дағы көтеріліс «мызғымас» делінген Кеңес Одағы­ның шаңырағын шайқалтып, кере­гесін керіп жібер­ген еді. «Бұлар ел бола алмайды, еңбектеп өздері ке­леді» дегенді де естігенбіз сол тұста. 1990 жылдың сәуірінде республика Президенті лауазымы тағайындалды, 1990 жыл­дың қазан айында Қазақ­станның тәуелсіздігі туралы Дек­лара­ция қабылданды, 1991 жылғы 29 та­мызда Семей ядролық сынақ поли­гоны жабылды. Сол кезеңде Респуб­ликалық егемен алтын-валюта қо­рын құру туралы Мемлекет бас­шы­сының қаулысы шықты. 1991 жыл­дың 1 жел­тоқсанында алғашқы бүкілхалықтық президенттік сайлау өтті. Тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа атауы туралы шешім қабылданды. 16 Желтоқсанда «Қазақстанның мемлекеттік тәуел­сіздігі туралы» конституциялық заң қабылданып, Қазақстан әлем алдын­да өз Тәуел­сіздігін жариялады. Қазақ халқының сан ғасырға жалғасқан асыл арманы орындалды. Қазіргі Қа­зақ-Британ университеті орналасқан тарихи ғимаратта ел Тәуелсіздігінің қалай жарияланғанын өз көзіммен көрдім. Құлағыммен естідім. Төбеміз көкке екі елі жетпей қалды десем, артық айтқандық емес. Сол сәттегі сезімді дәл суреттеп беру қиын. Оны жан-жүрегіммен сезінгенім үшін де бақыттымын.

– Кеңестік жүйе қирап, экономи­калық дағдарыс өршіп тұрған кезеңде елдің қай бағытта жүретіні, жағдай­дың қалай өріс алатыны туралы болжам жасай алдыңыздар ма?

– Шын мәнінде, ол тұста нағыз «Байтал түгілі – бас қайғы» дейтін заман еді. Одақтық байланыстар жібі бырт-бырт үзілген. Қазақ­станның жағдайын ойлайтын Одақ жоқ. Әр республика бірінен кейін бірі өз тәуелсіздігін жариялап жатты. Ел тізгінін қолына алған Нұрсұлтан Назарбаев ең дұрыс таңдау жасады. Нарық пен демократия жолын таң­дады. 1991 жылдың 17 желтоқса­нында Алматыдағы Орталық алаңда Қазақ­стан Республикасының мем­лекеттік тәуелсіздігі жариялануына және 1986 жылғы желтоқсан оқи­ғасының бес жылдығына арналған митинг болды. Соған да қатыстым. Нұрсұлтан Назар­баев сонда сөз сөйледі: «Тәуелсіздіктің біздің бә­рімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де мо­лынан жетеді. Не істесек те ақыл­мен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім ке­леді. Әсіресе, жастар салқын­қан­ды­лықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда дос­тыққа адал болса, бауырмашыл, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қа­зақстанның көпұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін», – деді. Осы сөзден сол кездегі Мемле­кет басшысының ұстанымын анық байқауға болады.

– Сіз ол кезде Egemen Qazaqstan газетінде істедіңіз. Экономи­ка­лық та­қырыпқа қалам тартып жүр­діңіз. Журналист ретінде не тол­ғандырды? Қандай мәселеге көңіл аудардыңыз?

– Күн сайын шығатын газетте экономика тақырыбы өте өзекті бо­латын. Талай нәрсе жаздық қой. Екі мәселеге ғана тоқталайын. Бірінші­сі – жоспарлы экономикаға негіз­дел­ген кеңестік шаруашылық жүйе­сі күйрегеннен кейін Қазақстанның дербес экономикалық саясатын те­зірек жүргізуден басқа жолы қал­ған жоқ. Газет бетінде Респуб­ли­калық алтын-валюта қорын құру туралы бірнеше дүркін мәселе көтердім. Сол тұстағы вице-премьер Дәулет Сем­баевтың табанды әрекетін атап айтар едім. Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс істедік. Көп ұзамай Мемлекет басшысының алтын-валюта қорын құру туралы қаулысы шықты. Екінші – 1993 жы­лы 15 қа­рашада Ұлттық ва­люта – теңге ай­налымға шықты. Сол күн­нен бастап Қазақстан өзінің эко­номикалық саясатын толық дербес жүргізу мүм­кіндігін алды. Теңге пайда болғанға дейінгі екі жыл ішінде ұлттық валю­тамыздың керектігі туралы да он шақты мақала жаздым. Соның бәрі ел кәдесіне жарады.

– «Нарық» және «нарық экономи­касы» деген термин сөздің пайда бо­луына тікелей қатысыңыз бар деп естиміз. Осы туралы не айтасыз?

– Иә, сол кезеңдегі бұқаралық ақ­парат құралдары «рынок», «ры­ноч­ная экономика» деген терминді сол күйі пайдаланып жүрді. Эко­номика бөлімінде қызмет ете жүріп, газет бетіне әзірленетін топтамалар мен авторлар мақаласына «нарық», «на­рық экономикасы» деген ұғымды «тықпалағаным» рас. Бірқатар эко­но­мистер «нарық» деген сөз «ры­ноктың» мағынасын бермейді, бұл «тар аядағы ұғым» деген уәжді алға тартты. Біз айтамыз: «әрине, нарық, әр нәрсенің нарқы бар деген сөздер қазір тар аяда болуы мүмкін, келе-келе бұл үлкен ұғымға айналады, қа­зақ тілінің қуаты «рынокты» қазақ­шалауға жетеді» дейміз. Біраз талас болды. Бұл тұжырымның нүктесін Мемлекет басшысы қойды. Кезекті бір жиналыс үстінде Нұрсұлтан Әбішұлы «нарық», «нарық экономи­касы» деген сөзді бірнеше мәрте айтты. Содан бастап осы екі сөз тіл­дік айналымға терең сіңіп кетті.


Ұлы Жаратушының шебер­лігіне қайран қаласыз: мынау жал­пақ әлемді, он сегіз мың ғаламды көрсін деп адам баласына көз беріпті; сол көздің қарашығын қор­ғап тұрсын деп кірпік беріпті; бай­қап қарасаңыз әр нәрсеге бір қорған бар, біздің тіл ұшымызда жүрген Тәуелсіздік деген тіркеске тәңірі теңгерімі тұрғысынан қарайтын болсақ – осы күнгі 18 мил­лион қа­зақстандық осы қа­сиет­ті ұғым­ның қорғаны екен. Әр қазаққа көзінің қара­шы­ғы қандай қымбат болса, Тәуелсіздік те сондай қымбат!


– Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­ры туралы айтқанда есіңізге тағы не түседі?

– Елең-алаң шақта мемлекеттің қауіпсіздігі ерекше жайттың бірі еді. Қазақстанның қолында атом бом­басы бар-тын. 1991 жылдың 28 та­мызында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей поли­го­­нын жабу туралы Жарлық шығар­ды. Полигонның қазақ халқына қан­дай қасірет әкелгеніне тоқталып жат­пайын. Елбасының осы шеші­мінен кейін Ресей мен АҚШ-тағы және Фран­циядағы ядролық сынақ алаң­дарында да жарылыстар тоқта­тылды. 1992 жыл­дың мамырында Се­мей поли­гонының базасында Кур­чатов қала­сындағы Ұлттық ядролық ор­талық құрылды. Еліміз өзінің бейбітсүйгіш қалыбын дүние­жүзіне мәлім етті. 1992 жылы 7 ма­мыр­да Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың «Қазақ­стан Респуб­ликасының Қару­лы Күште­рін құру туралы» Жарлы­ғына сай өз әскеріміз құрылды. Іргесі сөгіле бастаған Ке­ңестік Одақ тұ­сында елдің қорға­нысы ең өзекті мәселеге айналған болатын. Қазақ КСР-інің Прези­денті қызметін атқа­рып отыр­ған Н.Назарбаев рес­пуб­ликаның тәуелсіздігін, аймақ­тық тұтастығын, қорға­ныс­тық және басқа да өмірлік маңызды мүд­делерін қамтамасыз ету мақ­са­тымен 1991 жылдың 25 қа­занында «Қазақ КСР-нің Мемле­кеттік қор­ғаныс комитетін құру туралы» Жарлығын жариялаған еді. БҰҰ-ның шешімімен тарихқа «Бей­бітшілік миссиясы» ретінде енген, Семей ядролық полигонын жабу секілді ғаламдық маңызға ие шара­ларға қол жеткізді. Бұл сол кезеңдегі ең ұтқыр шешімнің бірі болды.

– Бағыт-бағдарсыз, бұлдыр да бұлыңғыр кезеңде Қазақстанның қай жолмен, қалай дамитыны белгісіз бол­ды дедіңіз. Тоқсаныншы жыл­дардағы қиындықты қазір жұрттың көбі ұмы­тып кеткен секілді... Бұған не дейсіз?

– Қазақстан – ТМД мемлекеттері арасында бірінші болып ұзақ мер­зімге арналған стратегиялық даму жоспарын жасаған елдің бірі де бірегейі. 1997 жылғы 11 қазанда «Қа­зақстан – 2030» атты ұзақмер­зімді даму стратегиялық бағдарла­масы қабылданды. Бұл сол кезде қазіргі биіктік тұрғысынан алғанда да теңдессіз құжат. Ресейге барған бір сапарымда ресейлік әріптесі­міздің бірі «Қазақстан – молодец! Біз әлі күнге дейін не боларымызды біл­мейміз. Ал сіздер даму страте­гиясын белгілеп, нақты бағытпен дамып жатырсыздар» деген бола­тын. Мем­лекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен көршілес шетел­дермен екі арадағы шекараны асқан дәйектілікпен бекітті. Біртұтас Қа­зақстанның мемлекеттік шекарасы шегенделді. Табысты жүргізілген ішкі және сыртқы саясаттағы жетістік­тердің арқасында Қазақстан БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, ИКҰ секілді беделді халықаралық ұйымдардың беделді мүшесіне айналды.

Азаттық алған алаш жұртының аты алты құрлыққа бірден мәшһүр болған жоқ. Тек Тәуелсіздік қана қазақ елінің даңқын асқақтатты. Осы ретте «Қазақстан десе – Назар­баев, Назарбаев десе – Қазақстан» дейтін тұжырым бір-бірімен тығыз байла­нысты ұғым. Қазақстан сыртқы сая­сатта көпвекторлы бағыт ұстана­ты­нын Тәуелсіздік жария­ланған күннен бастап танытты. Жас мемлекет алыс-жақын шетелдермен саяси-ынтымақ­тастықта, тату көршілес бауырлас­тықта аралас-құралас болатынын аңғартты. Қазақ елінің БҰҰ-ға мүше­лігі айрықша маңызды еді. Осы мақ­сатта 1991 жылы 20 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның сол кездегі Бас хатшысы Бутрос-Галиге арнайы хат жазды. Қа­зақстан Тәуелсіздігін жарияла­ға­нына 4 ай, БҰҰ-ға өтініш жасағанына үш-ақ ай өткенде, 1992 жылдың 2 нау­рызында БҰҰ-ның Бас Ассамблея­сының 46-сессиясы Қазақстанды Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше етіп қабыл­дады. Ядролық қарусыз әлем, Арал мәселесі БҰҰ төрінде көтерілді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Әлем. XXI ғасыр» манифесі БҰҰ басшылығына жіберілді. 2018 жылы 19 қаңтарда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төраға­лығымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысы өтті. Елбасы баяндамасын қазақ тілінде жасады. Сол кезде мерейі тасымаған қазақ аз шығар... Еуропа қауіпсіздігі ынтымақтастығы ұйымына төраға­лық жасау да мәртебелі істің бірі болды. Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орна­ласқан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйымға төрағалық ету посткеңестік елдер арасында бәрінен бұрын Қазақстанның маңдайына бұйырды. Еліміздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалы­ғының ұраны латынның төрт «T» әрпі болды: сенім (trust), дәстүр (tradition), транспаренттілік (transparency) және төзімділік (tolerance). Сенім – халықаралық қатынас­тар­дағы басты ресурс. Осы саммит ту­ра­лы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «ЕҚЫҰ-ның Астанадағы саммиті – Қазақстанның жұлдызды шағы болды» деген баға берді.

– Қазақ елі – «тәртіпсіз ел бол­майтынын, тәртіпке бағынған құл болмайтынын» ежелден көкейге түйіп, көкірегіне құйып өскен ел. Қасым ханның «Қасқа жолын» да, Есім ханның «Ескі жолын» да, әз-Тәукенің «Жеті жарғысын» да халық тарихы, дәуір толғағы дүниеге әкелген жоқ па? Белесті жылдар биігіне шыққанда рухани салада не нәрсеге олжа салдық?

– Елдің экономикасымен бірге рухани саласы да ойдағыдай дамуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, «Мә­дени мұра», «Халық тарих толқы­нын­да», «Рухани жаңғыру» ұлттық бағ­дарламаларының орны бөлек. Қа­зақстанның Тұңғыш Прези­ден­­ті – Елбасымыздың интеллек­туал­дық күш-жігерінің арқасын­да «Мәңгілік ел», «Ұлы дала», «Мәдени мұра» тәрізді терең мәні бар ұғым­дар күнделікті өмірімізден көрі­ніс табуда. Елбасымыздың рухани саладағы игі бастамаларын Қа­зақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев асқан ұстамды­лық­пен жалғастырып жатыр. Келесі жылы еліміз әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дығы, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 75 жылдығы, Алтын Орданың заңды жалғасы – Жошы ұлысының 750 жылдығы, Қазақ автономиясының құрылға­нына 100 жыл секілді шараларды атап өтеді. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының тап­сырмасымен жалпыұлттық кешенді шаралар бекітілді.

– Сұхбатымызды түйіндейтін тұсқа да келдік. Бірауыз сөзбен тұжы­рымдасаңыз...

– Ұлы Жаратушының шебер­лігіне қайран қаласыз: мынау жал­пақ әлемді, он сегіз мың ғаламды көрсін деп адам баласына көз беріпті; сол көздің қарашығын қор­ғап тұрсын деп кірпік беріпті; бай­қап қарасаңыз әр нәрсеге бір қорған бар, біздің тіл ұшымызда жүрген Тәуелсіздік деген тіркеске тәңірі теңгерімі тұрғысынан қарайтын болсақ – осы күнгі 18 мил­лион қа­зақстандық осы қасиетті ұғым­ның қорғаны екен. Әр қазаққа көзінің қарашығы қандай қымбат болса, Тәуелсіздік те сондай қымбат!

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан
Г.ТҰРҒАНБАЙ