Опера патшайымы

Опера патшайымы

Қазақ опера өнерінің жарық жұлдызы Хорлан Қалиламбекова Қарағандыда 1944 жылы қарашаның қарасуығында туды. Сол түні үшінші баласы туарда түрмедегі әке түс көрген. Қарқаралының қазағы Карлагта қамауда отырған. Анасы айы-күні тақап отырса да, Карлагтағы күйеуіне тамақ апара жатқан, түнде толғақ басталып, фельдшер келіншек өзін-өзі босандырған. Таңертең жас босанған ананы Балқашқа аттандырып, ол жақтағылар шанамен тосып алды.

Ел басына нәубет төнген ашаршылық, жұт жылдары анасы Зейтіннің әулеті Егіндібұлақтан Сібірдің Кемерово облысына қа­шып барып паналаған. Ықсан тек­серу жұмысымен шет өлкеге барады. Екеуі түп қазығы Арқаның тумалары, алыс жақта табысып, әкесі ескі қазақ дәстүрімен қалың­дығын елге алып қашып кетеді.

Отбасы соғыс уақытында Бал­хашта тұрды. Балхашта эвакуа­ция­мен эшелондармен келгендер, орыстар, өзге ұлт өте көп болатын. Көл жағасындағы барақта бірнеше отбасы көрші тұрды. «Аяғыңды тоңдырып алдық, сен өте ерте сөйлей бастадың, бірақ тез жүре қоймадың. Орыс әйелдер Зейтін Бектемірованың қызы мешел, сөйлей алса да, аяғын басып жүре алмайды деп айта бастады. Мұны естіген поляк дәрігер: «Ыстық құм­ға жылқының тезегін салып, қы­зыңды белуардан көміп отыр­ғыз. Бала әбден терлегенде барып құмнан ал, жүрегіне шаппау үшін осыны күнара қайтала» деп кеңес берді. Анасы айтқанды бұлжытпай орындап, құйрық басып шоқиып отыруды ғана білетін кішкентай қызын құмнан суырып алғанда бірден аяғын басып, жүріп кетіпті. Бала болса да алғаш қаз басып, қадам жасаған сәтін Хорлан жадында терең сақтап қалды.

1948 жылы әкесі тұтқыннан босап шыққан соң отбасы Қара­ған­дыға көшті, қала таза орыс ті­лін­де сөйлейтін, бір көшеде жал­ғыз қазақ отбасы болды. Қайран әке жасөрім қызы ел алдына шы­ғып ән салғанын теледидардан көргенде баяғы түсі есіне анық түсті. Түсінде Қараменде әулие үс­тінде шапаны бар, мұның қолы­на кішкентай құс ұстатты, құс шы­рылдайды. Саяси қуғын-сүргін заманда Карлагта, негізінен оқы­ған азаматтар, ғалымдар, өнер адамдары отырды. Саяси тұтқын орыс: «Білесіз бе, Ихсан, мынау аян түс, келіншегіңіз қыз туады, ол ән салады! Үлкен әнші болады!» деп түсін оң жорыған. Хорланның құдай берген дауысына риза пе­йіл­ді әкесі: «Қызым, сен туарда Қа­раменде әулие нышан берді, үлкен сахнаға шыққанда есімін атап, рухы жебей гөр деп айтып жүруді әсте ұмытпа», – деп тапсырды.

Ол уақытта Қарағандыдағы музыкалық училище өте мықты болатын. Саяси айдауға ілігіп, Карлагта отырып шыққан үлкен артистердің көбі Мәскеу мен Ленинград сияқты ірі қалаларға кері оралмай, мұнда біржола қалып қойды. Бәлкім, қанды репрессияда отбасын жоғалтқан, барар жер, басар тауы қалмаған тағдыры ауыр жандар. Зиялы қауым оқытушылық қызметке орналасып, балаларға біл­генін үйретуге көшті. Биік мә­де­ниет, терең білім, эстетикалық тәрбиені жас ұрпақтың бойына сіңірді. Хорланның алғашқы ұста­зы Тамара Шенэйхтің ұлты – не­міс, әйгілі мәскеулік оқытушы бо­латын. Қазақтың қаршадай қызы білікті ұстаздан вокалдан са­бақ ала бастады. Тамара Спири­до­новна ынталы қыз балаға 4 жыл­да көп нәрсе берді. Жасы 71-де, зиялы, аса білімді жан шәкіртін баулып үлгерді, 4 жылдан соң дәм-тұзы таусылып қайтыс болды. Қабірі Қарағандыда, Хорлан Ықсанқызы елге жолы түскенде ұстазының зиратына барып, еске алып тұрады.

Дауысы академиялық-опера­лық Хорланды училищені бітірген соң қалада өтетін күллі мерекелерге ән салуға жіберетін. Әншілік өнер қанмен берілген, әкесі әнді асқақ шырқата салатын. Ол консерва­то­рияға түсуді мұрат санады. Алматы жас қыздың албырт жанын ерекше баурады, әзелде жұмақтан кем кө­рінбеген. Алатаудың ақбас шың­дарын көріп, осы қалада тұратын боламын деп өзіне уәде берді. Кон­серваторияға бірден қабыл­данды, ұстазы Шенэйхтің төрт жылғы тағылымы Хорланның туа­бітті дарынымен ұштасқанда та­маша нәтеже берді. Вокал бойын­ша әйгілі профессор Бекен Жы­лысбаев «+5» қойды. Бұл мұнда үміткерді емтиханда құлатпау ке­рек деген тыйымды әрі талантты аса жоғары бағалаған ризашы­лықты қатар білдіретін белгі болып саналады. Консерваторияның театр кафедрасында Шолпан Жандарбекова жұмыс істеді. Рахи­лям Машурова, Құман Тастанбеков сияқты театр саласының адамда­рымен араласты. Спектакльдердің қоюшы-режиссері – әйгілі шебер Әзірбайжан Мәмбетов. Режис­сердің жұбайы, белгілі композитор Ғазиза Жұбанова Хорлан Қали­ламбекованың табиғи әуезі күшті дауысына сүйсінетін.

16 мамыр 1972 жылы Хорлан дипломдық жұмысы Джакомо Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» атты атақты операсындағы басты партия Чио-Чио-Санды орында­ды. Абай атындағы опера және балет театрының көркемдік кеңес мүшелерін диплом қорғаушы сту­дент қызды тыңдауға ректор ша­қырды. Соңғы курста театрға қабылдануды армандап жүрген. Наурыз айында консерватория бітіретін студенттерді жер-жерге бөлді. Бұл шараға Хорлан барған жоқ. Консерватория ректоры Еркеғали Рахмадиев кабинетіне шақыртты. Ол кісі тоқ етерін айт­ты: «Хорлан, мен сені көктемгі бай­қауда Фрунзеде тыңдадым. Се­нің үнің өте жақсы. Жас маман­дарды жер-жерге бөлгенде сені Теміртауға жібермекші едім. Бибігүл Төлегенова Халық артисі атанып, опера театрына ауысты. Оның орны Құрманғазы оркес­трінде босап қалды. Шамғон сені әнші қылып алуға келісті. Айлық жалақың 150 сом болады». «Ерке­ғали Рахмадиевич, Фрунзедегі байқауда мені тыңдасаңыз, егер сіз маған көмектесуді ұйғарсаңыз, опера театрында ән салғым келеді, болмаса Қарағандыға ораламын». «Хорлан, мінезбен көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Опера театрында 28 сопрано бар, оның үстіне Бибігүл барды. Онда бәсеке, кісі көп», – деп жауап берді ректор. «Опера театрында орын бұйыр­маса, онда елге кетемін».


Әйткенмен, ректор жас талант­қа жол ашып, Абай атындағы опе­ра және балет театрына қоңырау шалған екен. Ғазиза Жұбанова, Сыдық Мұхамеджанов, Роза Жа­манова Хорланның өнеріне тәнті болып, труппаға қабылдады. Бұл барша әншінің арманы болатын. Көктен тілегені жерден табылды. Театр директоры Шалабаев: «Біз сізді бір шартпен жұмысқа аламыз, қазақ тілін үйренуіңіз керек». Әнші классикалық операдан бөлек ұлттық операның інжу-маржан арияларын түгел шырқады. Сара, Ақтоқты, Қамар сұлу, Еңлік бей­нелерін үлкен сахнада мүлтіксіз, аса жоғары кәсіби деңгейде алып шықты.

Қазақстан Республикасының Халық артисі, профессор, «Құр­мет» орденінің иегері, сопрано Хорлан Қалиламбекованың даңқты жолы осылай басталды.

Бірден қазақ труппасымен гас­трольге кетті. Төрт құраммен шық­қан Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» спектакліне жаңа декорация жасауды ұйғарды. Роза Жаманова, Нина Радченко, Лида Свисткова, Хорлан Қалиламбеко­ва – төрт әншіге Чио-Чио-Сан рөлі бұйырды. 1972 жылы 23 нау­рызда Дж.Пуччини операсының алғашқы қойылымы болып өтті. Премьераға Хорлан пір тұтатын әншісі Роза Жамановаға сыйлауға гүлмен келді. Спектакльде әйгілі өнер иесінің тамағы қарлығып, дауысы шықпай қалды. Хорланды залдан жедел шақыртып алды, тез грим жасап, екінші актіге енгізді. Антракт созылыңқырап кетті. Сосын сахнадан: «Халық артисі Роза Жаманованың кенет сыр­қаттанып қалуына байланысты, Чио-Чио-Сан ариясын театрдың жас әншісі Хорлан Қалиламбекова орындайды» деп хабарлады. Мұн­дай тосын жағдай сахна әлемінде болып тұрады. Ет пен сүйектен жаралған адам баласына тән жайт.

1977 жылы дирижер Базарғали Жаманбаев екеуін Болгарияға кә­сіби сынақ мерзімін өтуге жіберді. Әнші бір жылдан аса тәжірибе жи­нақтап қайтты. Болга­рия­ның Халық артисі, София ұлттық опера театрының бас дирижері, же­текшісі Асен Найденов Хор­лан­нан: «Қазақстан қайда?» деп сұраған. Қыркүйекте келген бетте Болгария опера өнерінің барша бетке шығар қаймағы алматылық екі қазақтың кәсіби деңгейін байқап көрді. Жас Хорлан мінсіз ән салды. Олар таңғалып, қайда оқығанын, ұстаздары кім екенін сұрап білді. Осы елде «Музыкалық сервиздер» фестивалінде қалуын сұрады. Егер бұл елге тәжірибе өтуге келген әншінің кәсіби же­ті­луі кемшін болса, сынақты кон­сер­ваторияда өтетін үрдіс қалып­тасқан. Әншінің табиғи үні, кәсіби біліктілігі мықты екені білінсе, сы­нақ мерзімі София опера теат­рында өтеді. Мұнда Хорлан Қали­ламбекова Джузеппе Вердидің «Травиата» және «Ригалетто» атты қос операсының партияларын итальян тілінде орындады. Болга­рияда әр қалада: Пловдив, Варна, Бургас, Старозагорск, Руседе опера театры бар. Біздің қазақ әншісін осы қалалардың бәрінің дәмі тартты. Ол София ұлттық опера театрының құрамында гастрольге жиі барып тұрды.

Елге оралған соң композитор Сыдық Мұхамеджановтың «Ай­сұлу» операсында – Айсұлу, «Ақан сері – Ақтоқтыда» – Ақтоқты ария­сын орындады, бұл опера да әншінің дауысына лайықтап жа­зыл­ды. Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында, Ғазиза Жұ­банованың «Еңлік–Кебек» опе­расында Еңлік ариясын және осы композитордың «28 панфил­ов­шы­лар» операсында ария орындады.

1982 жылы 23 қаңтарда пре­мье­расы өткен, либреттосын Ғабит Мү­сірепов, музыкасын Сыдық Мұ­хамеджанов жазған «Ақан сері – Ақтоқты» операсында басты пар­тияларды Кенжеғали Мыржықбаев пен Хорлан Қалиламбекова орын­дады. Операмен қатар жеке кон­церттер, концерттік бағдарлама­лармен өте көп айналысты. Ре­пертуарында Шостакович, Рим­ский-Корсаков, Чайковский му­зыкасы болатын. 1980 жылы ән­шіге Қазақ ССР-інің еңбек сіңір­ген артисі, ал арада екі жыл өткенде Қазақ ССР-інің халық артисі атағы берілгені тынымсыз еңбектің оң нәтежесі.

Консерваторияға Хорлан Ықсанқызын оқытушылылыққа ректор Ғазиза Ахметқызы ша­қыр­ған. Талай талантты шәкіртті тәр­биеледі. Композитор Ғазиза Жұ­бановамен көбірек жұмыс істеді, екеуара тығыз шығармашылық байланыс орнады.

1995 жылы тағдыр жолы Хор­лан Ықсанқызын Әзірбайжан Мә­диұлымен жолықтырды. Бұл – әйгілі режиссердің қиындыққа тап болған өлара уақыты. Сүйікті жұ­байы Ғазиза Ахметқызының дүниеден озғанына екі жыл болған. Жұмыссыз, бәрінен шаршап-шал­дыққан, күйзелген шағына тап ке­л­ді. Ең қиын сәтте өнердің ай­тулы қос тұлғасы кездесуі кездей­соқтық деуге әсте келмейтін құ­былыс. Мәртебелі мэтрдің қарын­дасы Лейла Мәмбетовамен Хорлан құрбы болатын. Екеуін жолық­тыр­ған, таныстырған. Режиссер Хор­лан Ықсанқызына бірден тұрмыс құруға ұсыныс жасады. «Біз ересек адамдармыз, әуелі кездесейік, бір-бірімізді таниық». Құпия түрде жолығыса бастады. Бұрынғыдай үзбей ән салатын кезеңнен өтіп, Хорлан Ықсанқызы оқытушылық қызметке ден қойған. Жас дарын­дар жас құрақтай жайқалып өсіп келе жатты, ал сахна сәні – жастық. Әзекеңмен тату-тәтті тұрмыс құ­ру­ды маңдайға жазыпты. Сөз шыға бастаған. «Давай, нашумим! («Кә­не, шулатайық!»)», – деген Әзекең.

1999 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әзірбайжан Мәмбе­товті шақырды. «Астана ашылып жатыр, жас астананың мәдениетін көтерейік, барасың ба? Сені үйленді деп естідім», – деді Пре­зидент екеуара сұхбатта. «Иә, үй­лендім. Хорлан Қалиламбекова». «Иә, мен білемін, жақсы әнші». «Ол да Астанаға бара ма?». «Әрине, барады». Телеэкран осының бәрін түсіріп алыпты. Әзекең үйге келе сала, «Мама, телевизорды қос», – деді асығыс. Зайыбын «Мама» дей­­тін. Әзекең таза шығармашы­лық­тың адамы ғой, үйленгенін теле­эк­ран арқылы айтқаны қызық болды. Сол-ақ екен, әріптестері тегіс құт­тықтап қоңырау шала бас­тады, Фарида Шәріпова, Шолпан Жан­дарбекова әйгілі актриса Хорлан Ықсанқызына туыс бола­тын. Опера театрына алғысын айтып, Астанаға Әзекеңмен бірге кететінін мәлімдеді. 1999 жылдың тамыз айында екеуі әбден бауыр басқан әсем Алматыдан жас елор­даға жет­ті. Музыкалық акаде­мияға қыз­мет­ке вокалдық ұстаз болып орналасты.


Үлкен өнердегі алмастай өткір, көк жүзінде толған айдай толық­сыған ең таңдаулы көркем жыл­дарына бір адамның ғұмыры сыя­ды. Сұлу арман, биік мұрат, шы­найы мәртебеге толы қызығы мен қиыншылығы, бейнеті мен ырзы­ғы тең жарқыраған ақ таңдай әдемі шығармашылығы өткен шақтың еншісінде қалғаны әмірші уақыт­тың баяны. Оның тылсым таби­­ға­тын өлең таңбалар ма еді: «...Вда­­ли – над головой вдали – / Обрывки безответных арии» (Андрей Белый).


Қалибек Қуанышбаев атын­дағы Мемлекеттік музыкалық қазақ драма театрында Әзекең ең әуелі Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» атты лирикалық драмасын қойды. Спектакльдің премьера­сына Елбасы келгені жас театр үшін зор абырой болды. Сахнада кілең жас актерлер, оркестр ойнап тұр, хор ән салды, би билеп жатыр. «Сен үшін бұл кішкентай театр. Мықты спектакльдер қойдың. Біз әлі жаңа театр саламыз. Опера театрын ашу керек», – деді Елбасы сахнасы шағын театрда керемет музыкалық үйлесімді көрген соң. Әзекең Елбасының сөзін қуана құптады. Ертесіне теміржол вок­залынан Күләш Байсейітова атын­дағы ұлттық опера театры ашылды. Мемлекет басшысы қадір тұтқан адамның өнер өрісін кеңейте түсуді қалады. Мәмбетовтің ар­қасында жаңа опера театры ашыл­ды. Мұнда Әзекең Мұқан Төле­баевтың «Біржан–Сара» операсын қойды. Бұл премьераны да Елбасы келіп көрді.

Опера театрында Хорлан Ық­сан­қызы вокалдан кеңесші болды. Аналардың ариясын айтатын уақыт туды. Чайковскийдің «Ев­гений Онегин» операсында Татья­наның анасының ариясын салды. «Артистерді, әншілерді менің қа­тысуыммен жұмысқа алдық, Бір­жан мен Сараның ариясын айта­тын әншілер бар, Аналықты айта­тын әнші табылмады. Әзекең: «Хорлан споет!» – деген. Бұл ария­да жоқтау бар. Аналық «Қара бір шашым жаяйын», – деп жы­лайтын сәтінде залда отырған көрерменнің кеудесіне өксік ты­ғылған», – деп еске алды әнші сол сәтті. Әзекең Хорлан Ықсан­қы­зынан драма артисі сияқты ой­науды талап еткен. Әзекең елді жылатты. Ол опера театрында «Қыз Жібекті» қойды. Қуанышбаев театрынан бірталай адамды алды. Төлегеннің анасының ариясын Хорлан Ықсанқызы айтты. Әнші биік өнерімен Чехословакия, Польша, Португалия, Финляндия, Үндістан елдерінде шығармашы­лық сапармен болды.

Байсейітова театрында атақты әнші талай концерт берді. Музыка­лық салон дүниеге келді. 8 наурыз­да концерт берді. Әншілердің балалары өнер көрсетті. Жұрт ерен ұнатты. Керім шығармашылық күйге шомды. Астанада он жыл өмір сүру маңдайына жазылған екен, Әзекең сырқаттанып, дерті ұзаққа созылды. 2009 жылы қара­шаның суығында дүниеден озған тау тұлға Әзекеңмен бірге қазақ театрының тұтас бір алтын дәуірі өте шықты.

Үлкен өнердегі алмастай өткір, көк жүзінде толған айдай толық­сыған ең таңдаулы көркем жыл­дарына бір адамның ғұмыры сыя­ды. Сұлу арман, биік мұрат, шы­найы мәртебеге толы қызығы мен қиыншылығы, бейнеті мен ырзы­ғы тең жарқыраған ақ таңдай әдемі шығармашылығы өткен шақтың еншісінде қалғаны әмірші уақыт­тың баяны. Оның тылсым таби­­ға­тын өлең таңбалар ма еді: «...Вда­­ли – над головой вдали – / Обрывки безответных арии» (Андрей Белый).

Хорлан ханым Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, сонымен қатар Қаллеки театрында вокалдан ұстаздық етеді. Кезінде Хорлан Ықсанқызы Роза Жама­нованы пір тұтты, көп үйренді. Енді жастарға өзі қамқорлық жасайтын мерзім жетті. Елордада өткен 21 жылда ол 42 шәкіртті үлкен өнерге баулыды. Шәкірттері жан-жақта игілікті жұмыс істеп жүр. Салтанат Ахметова, Жәмила Жәркембаева, Айгүл Ниязова, Әсел Уашева сияқты аса дарынды әншілер жұл­дыздай жарқырап, үлкен кеңістікте Қазақ елінің абыройын асқақтатып жүр. Хорлан Қалиламбекова өнердегі жалғасым өз шәкірттерім деп біледі. Өз мектебін қалып­тастыруды мұрат санайды.

Опера – еуропалық өнер. Ұста­зы Хорлан Ықсанқызының ай­туымен барып, 2014 жылы «Үлкен опера» атты ресейлік «Культура» арнасының тележобасы бойынша бас жүлдені жеңіп алған қазақ әншісі Салтанат Ахметова: «Опера бұрын корольдер үшін жазылатын. Оны тек сарай адамдары тың­дайтын, бұқара халықты жібер­мейтін. Мүмкін осы шектеу опера өнеріне тек таңдаулылар тәнті деген аңызды тудырған шығар. Операны сүюге үйрету мүмкін емес», – дейді.

Хорлан Ықсанқызы өнердегі іштарлық, күншілдік, өсек-аяң, қитұрқылықты көрмеуге, мән бермеуге тырысты. Бәсекесіз өмір жоқ. Ол тәртіпке өте құлықты, жауапкершілігі зор, ішкі мәдениеті күшті, турашыл, айла-шарғысыз адам. Өнердегі ірі, шынайы жетіс­тіктері табиғи дарынымен қатар адами қасиеттерінің арқасы екені шындық.

 

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы, «Дарын» мемлекеттік 
жастар сыйлығының лауреаты