Қасым хан билеген Қазақ хандығының астанасы Сарайшық қаласын болашақта үлкен өзгеріс күтіп тұр. Екі жыл бұрын көне қаланың іргесіндегі Жайық өзені жағалауын бекіту жұмыстары тиянақты атқарылды. Енді қала аумағында «Сапар орталығының» құрылысы басталады.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тізіміне енген Сарайшықта қазіргі заманға сай барлық жағдай жасалған кешен бой көтереді.
Жуырда Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Махамбет ауданына сапары кезінде «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығындағы болашақта салынатын «Сапар орталығы» кешенінің құрылыс алаңымен танысты.
«Сапар орталығы» құрылысы сыртқы және ішкі туризмнің дамуына, адамдардың қасиетті Сарайшық қалашығына ерекше назар аударуына септігін тигізеді деп күтіліп отыр. Жобаға сәйкес бұл орталық туристер мен келушілер үшін барлық жағдай жасалған кешен болады. Мұнда әкімшілік ғимарат, қонақүй, тұрмыстық үй секілді бірнеше ғимарат салу жоспарланған. Екі қабатты әкімшілік ғимаратында экспозициялық көрме залдары, қор қоймасы, 100-150 орындық конференц-зал, зертханалық және қалпына келтіру үй-жайы, кітап қоймасы мен электронды мәліметтер базасы бар кітапхана орналасады. Кешен аумағында лекция алаңдары, ашық аспан астындағы музей мен этноауыл болады.
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Әбілсейт Мұхтардың айтуынша, археологтар ХІХ ғасырдың орта шенінде жасалған карта бойынша қалашықтың бағзы қамалын табу мақсатында биыл да көне шаһардың орнында қазба жұмыстарын жүргізген.
Осы қазба жұмыстары кезінде диірмен тасы, Өзбек хан билік құрған уақытта жасалған мыс тиындар табылған. Соңғы жәдігерлер 1330-1350 жылдары Сарайшықта соғылған деуге толық негіз бар дейді тарихшылар.
Археологтар қазба кезінде ХІІ ғасырда жасалған көне керамикалық қыш бұйымдарды, жасалғанына екі мың жылдай болған айна сынығы мен тас келсаптар және әртүрлі кезеңдегі жебе ұштарын тапқан.
Археологтардың ең үлкен олжасы – жылқы бейнесінде жасалған жез кілт – әлемнің кез келген алдыңғы қатарлы музейлерінің экспозициясынан ойып тұрып орын алатындай жәдігер.
Көне Сарайшық жерінде қазба жұмыстарына қатысқан ғалымдардың бірі, Астрахан қаласының тарихи-сәулет музей-қорығының археология секторының меңгерушісі Вячеслова Плаховтың мәліметінше, жылқы бейнесінде жасалған кілттің бірі Эрмитаж жәдігерлерінің арасында да бар.
Жалпы, жылдар бойы көңіл бөлінбей, соңғы жылдары ғана жағалауы бекітіліп, қазба жұмыстарына қаржы қаралып, көне қаланы туризм орталығы етуге жергілікті атқарушы билік тарапынан кешенді жұмыс жүргізіліп келеді. Айталық, осы жылдың қазан айында Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының қаржылай қолдауымен «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырған «Сарайшық – Сарай-Бату – Сарай-Берке қалалары ізімен» атты халықаралық ғылыми-зерттеу, туристік экспедиция Жошы ұлысының астаналық қалаларының орнына сапарға шығып келді. Экспедиция нәтижесінде Алтын Орда тарихындағы астаналардың орнында алғашқы ғылыми-зерттеулер жүргізілді, Ресейдің Астрахан, Волгоград облысындағы музейлермен қарым-қатынас орнатылды. Туризмді дамыту мақсатында Астрахандағы «Дария-тур», «Актив-тур» туристік фирмаларымен ынтымақтастық шарты жасалды. Бір сөзбен айтқанда, жаңа туристік маршрут ашылды.
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтардың айтуынша, туризмді дамытуға байланысты мақсатты қаржыландыру бағдарламасы арқылы географ, PhD докторы Имашев Эдуард Жүсіпұлының жетекшілік етуімен «Еділ–Жайық өзенаралық аймағындағы Алтын Орда кезеңіндегі қалалардың (Сарайшық, Сарай-Бату, Сарай-Берке мысалында) тарихи-географиялық және мәдени құндылығының туристік әлеуеті» атты жоба дайындап, министрлікке жіберілген.
– Бұл тарихи география, туризм саласындағы зерттеулер Алтын Орда кезеңінде ортағасырлық қалалар халқының таралу жүйесін, Еділ–Жайық өзенаралық аймағындағы алтынордалық қалалардың мәдени құндылығы, туристік әлеуеті және олардың негізінде тарихи-туристік-географиялық маршрут жоспарын дайындау. Осы орайда, алдымен Атырау облысының туризмді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру, көршілес облыстар және Ресей субъектілерімен қарым-қатынас пен Еділ – Жайық өзенаралық аймағындағы тарихи-мәдени-географиялық туризмнің дамуының табиғи жағдайын зерттеу секілді міндеттерді іске асыру қажет, – дейді Әбілсейіт Мұқтар.
Сала министрлігіне ұсынылған жобаның бірі – «Ортағасырлық Сарайшық қаласы Ресей, Түрік, Иран және Қытай тарихи деректерінде (ХІІІ-ХVІІ ғғ.)» деп аталады. Бұл – музей және архив ісі саласындағы деректану зерттеулері.
Бұл жобаға тарих ғылымының кандидаты Ұлжан Ахметова жетекшілік етеді. Ортағасырлық Сарайшық қаласының әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени дамуына қатысты әлемдік архив деректерін ғылыми айналымға қосу, бұрын жарық көрмеген деректерді Қазақстанға әкелу. Ортағасырлық Сарайшық тарихына қатысты жарияланған архив деректерін саралау, оларды пайдалану деңгейін анықтау. Ресей, Түрік, Иран, Қытай архивтерінен ХІІІ-ХVІ ғасырлардағы Сарайшыққа қатысты тарихи деректерді іздеу және оларды Қазақстанға әкелуді мақсат еткен жоба.
Тағы бір жоба «Алтынордалық Сарайшық қаласы цитаделін қалпына келтіру бойынша археологиялық жұмыстар (XIII-XVI ғғ.)» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, бұл археологиялық зерттеулерге бағытталады. Цитадельді архивтік, қолжетімді емес нарративті дереккөздерді талдау арқылы және археологиялық қазбалар кезінде заманауи геоақпараттық технологияларды, жерді қашықтан зондтау әдістерін, геофизика және радиокөміртектерді анықтау әдістерін қолдану арқылы зерттелмек. Қала цитаделінің жоспарын анықтау мақсатында нысанның бетін түзу үшін геофизикалық зерттеулер мен топографиялық жұмыстар жүргізу. Цитадель мен оның негізгі нысандары белгіленген шекараларда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу секілді міндеттері бар жобаға жетекшілік ету «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтарға жүктелген.
Ал белгілі археолог Мадияр Елеуов жетекшілік жасайтын жоба «Қазақстанның батыс өңіріндегі көне керуен жолдары және Алтынордалық керуен-сарайлар: керуен-сарайларды зерттеу және оларды есепке алу» деп аталады. Бұл да археологиялық зерттеу жобасы. Батыс Қазақстанның ежелгі керуен жолдары мен керуен-сарайларын жан-жақты зерттеу және олардың негізгі бағыттарын қарастыру, керуен-сарайлардың орналасқан жерін және олардың қолданыста болған кезеңін анықтауды қажет етеді.
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтардың айтуынша, сала министрлігіне жолданған осы жобалар бекітілсе, батыс өңірдің туризміне даңғыл жол ашылып, еліміз үшін табыс көзі ғана емес, тарихымыздың әлемге насихатталуына жағдай жасалады.
Сайып келгенде, сала министрлігі Жайыққа жұтылуға шақ қалған Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшық қаласының туризм орталығы атануын ел болып тілеп отырғанын ескерер деген үміттеміз.
Атырау облысы