Жергілікті билік президент тапсырмасын дұрыс түсіндірмей жүр – «Ауыл» партиясы

Жергілікті билік президент тапсырмасын дұрыс түсіндірмей жүр – «Ауыл» партиясы

Жергілікті атқарушы органдар Президент тапсырмасын дұрыс түсіндірмей жүр. Салдарынан кооператив құрудың бастапқы кезеңінде инвестициялық қолдаудың орнына стандартты схема – несие алу мәселесіне келіп тіреледі. Бұл туралы «Ауыл» партиясының Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы «Азат Ет» кооперативі ұжымымен кездесуінде айтылды. 

«Азат Ет» – Қазақстандағы мал шаруашылығы саласындағы жұмыстың тұрақтылығын көрсететін және бірлескен қызметтің барлық дәстүрін сақтаған алғашқы кооператив. «Ауыл» партиясының дерегінше соңғы 10 жылда елімізде шамамен 2700 кооператив құрылды, алайда 0,1%   ғана жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіреді және тұрақты жұмыс істейді. «2020 жылдың 11 мамырында  Президент Қазақстанда шамамен 1,7 млн жеке қосалқы шаруашылық барын және олардың әрқайсы әлеуметтік-экономикалық әл-ауқат деңгейін арттыруды қажет ететінін хабарлады. Алайда жергілікті атқарушы органдар Президент қойған міндетті дұрыс түсіндірмей жүр. Кооператив құрудың бастапқы кезеңінде инвестициялық қолдау көрсетудің орнына,  түрлі жоба  ойлап тауып, ол стандартты схема – несиелеуге келіп тіреледі. Салдарынан  кепілдік талабына жағдай келмейтін кооперативтер қаржы ала алмай, бірлескен қызметті жүзеге асыратын өндірістік инфрақұрылым құра алмай отыр», – дейді «Ауыл» партиясының мүшесі, «Іскер демеу» қоғамдық қорының басшысы Анас Баққожаев. Оның айтуынша, кооператив құруда алғашқы қаржылық көмек мемлекет тарапынан болуы тиіс, өйткені жеке қосалқы шаруашылықтарды  идея төңірегінде біріктіру мүмкін емес. Осы себепті кооперативтерді қайта құру әрекеті сәтсіз аяқталды. Осыны ескере отырып, 2019 жылы «Самұрық-Қазына» холдингінің қаржылай қолдауымен Ақмола облысының Ақкөл ауданында «Азат Ет» кооперативі құрылды. «Іскер демеу» ҚҚ дайындық жұмысы кезеңінде «Ауыл» партиясының қолдауымен 13 ауылдық округ тұрғындары арасында түсіндіру жұмысын жүргізді. Жоба тиімділігін көрсетті.  Қазіргі уақытта кооперативтің бордақылау алаңында 140-тан астам жеке қосалқы шаруашылықтан алынған 400-ге жуық ірі қара мал бар. «Ауыл» партиясы жетекшісі Әли Бектаевтың айтуынша, кооперативті ауылшаруашылық техникасымен жабдықтау ЖҚШ-дың жем-шөпке деген сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Малды бірлесіп ұстау және бордақылауды ұйымдастыру мал өсірудің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеуге мүмкіндік беруде. Жоба ауылдық аумақтардың экологиялық жағдайын жақсартуға да оң әсерін тигізеді.

Тұмар МЫРЗА