Сұранысқа ие мамандықты білеміз бе?
Сұранысқа ие мамандықты білеміз бе?
850
оқылды

Соңғы жылдары бұрын-соңды естімеген мамандықтар пайда болды. Оның басым бөлігі әлеуметтік желімен тығыз байланысты. Адам баласы криптовалюта жинап немесе покемондарды аулап, компьютер ойындары арқылы ақша табады деп кім ойлаған?

 Футурологтардың айтуынша, адам оқиды, дамиды, кемелденеді, сүйікті ісімен айналысып, жаңа мамандықтар ойлап табады. Соның арқасында өз саласын таппай жүргендер қайта маманданып жатыр. Бүгіндері  үйден шықпай-ақ түрлі мамандықты ғаламтор арқылы игеруге болады және бұл жолды таңдағандар қатары толыға түсті.  Біз бүгін жаңа мамандықты меңгерген жастар туралы айтамыз. 

мамандықЖаңадан пайда болған мамандықтың бірі – контент-мейкер. Егер smm маманы ақпаратты жан-жақты таратумен айналысса, контент-мейкер қажетті мәтінді дайындайды. Білікті контент-мейкер әрдайым ізденісте болуы тиіс.

– Шыны керек, контент-мейкер боламын деп кім ойлапты? Әу басында өз блогымды жүргізіп, қызығына кіріп кеттім. Арасында таныстарым  аккаунттарын жүргізуді өтіне бастады. Сол кезден бастап осы саланы жан-жақты зерттей келе, ішіне үңілдім. Бұл саланы бір кісідей білемін. Дегенмен әлі де өзімді кәсіби білікті маманмын деп ойламаймын, – дейді біз сөйлескен контент-мейкер Манзура Латыпаева.

Оның айтуынша,  қандай да табыс табу үшін, кем дегенде, күніне 5-6 сағат жұмыс істеуің қажет. Ал контент-мейкер мамандығы арқылы да мол табыс табуға болады. Бірақ бұл жерде жұмыс істегеніңе қарай төленеді. Жүргізетін аккаунтың көп болған сайын табысың да ұлғая түседі. Манзурағат тапсырыстар негізінен дәмхана мен дүкендердің парақшаларынан келеді. Тағы бір жаңа мамандықтың атауы сторис-мейкер. Респондентіміз Айдана бастапқыда smm-ді меңгерген. Кейін сторис-мейкер маманы атанды. Айтуынша, сторис-мейкер –  Instagram парақшасындағы сұранысқа ие мамандық. мамандық

– Трендтегі мамандық болған соң негізгі клиенттерім – блогерлер, бизнес парақшалар және эксперттер. Тапсырыс әр күнге, аптаға, айға берілуі мүмкін. Себебі  осы арқылы сториздің көрушілерін көбейтіп, түрлі ойындар, сұрақ-жауаптар мен сауалнамалар жүргізе отырып, оқырмандармен жақындай түсуге мүмкіндік алады. Мәселен, Instagram біреуге қызық үшін керек, енді бірінің дүкені бар, ал өзгеге қызметін өткізеді. Арасында таргетолог, smm-ші, маркетолог, продюсерлер бар. Олар – сатушылар. Ал сатушыға сатып алушы керек. Біз сол сатып алушыларды стористағы көрсетілім арқылы шақырамыз. Нақтырақ айтсақ, ешқандай таргетсіз өз аудиториясын тауып, оларға қызметін ұсына алады. Ал мұндайда  әрленбеген сторис өтпейді. Сондықтан арнайы сапалы сторис жасау үшін сторис-мейкерлерді жалдайды, – дейді ол.

Айдананың сөзінше, бұл қызметпен айына 200-300 мың табуға болады. Жақсы жұмыс істесе одан да көп табыс келеді. Оны онлайн да, оффлайн да істеуге болады. Таргетолог Гауһар Аманжолқызы болса өз мамандығының интернет-маркетинг саласының техникалық жағына жауап беретінін жеткізді. Тұтынушыларды әкелетін де таргетологтар екен.

мамандық– Ағылшын тілінен аударғанда «таргет» – мақсат деген мағынаны білдіреді. Яғни, кез келген бизнеске қажетті тұтынушыларын белгілі бір сипатта географиялық орналасуы, әлеуметтік статусы, білім көрсеткіші бойынша, басқа да қызығушылықтарына қарай іріктеп, сол адамдарға бағытталған жарнама жіберу арқылы тарту – таргетологтың негізгі жұмысы, – деді Гауһар Іздібай.

Оның бұл салаға келуіне ҚазҰУ-дың экономика факультетінің   менеджмент және маркетинг кафедрасынан алған білімінің пайдасы мол тиіпті. Одан кейін өзінің тынымсыз ізденісі мен түрлі интернет-маркетингке байланысты курстарға қатысуы да пайдасын тигізген. 2019 жылы Алматыда WinWin Group командасынан тәжірибелік курстан өтіп, интернет-маркетолог сертификатын алып шыққан. Содан бері осы салада жұмыс істей бастаған.

– Таргетолог болу үшін басында топпен жұмыс істеген  ыңғайлы, себебі жаныңызда графика дизайнері мен smm-менеджер болса, идея айтып, ойыңызды жүзеге асыруға көмектеседі. Ал дизайн жасау мен әлеуметтік желілердің жұмыс алгоритмін жақсы білсеңіз, үйде отырыпақ фриланс ретінде табыс таба аласыз. Біздің клиенттер: кіші және орта бизнес өкілдері, эксперттік және лайфстайл блогерлер мен өз қызметін ұсынатын фрилансерлер. Ал таргетологтардың табысы әр кезде әр түрлі: оның қабілеті мен жұмыс тактикасына байланысты. Кейбірі бір компанияда жұмыс істеп, белгіленген еңбекақы алады. Енді бірі бірнеше жобаны алып, одан әрі дамуына көмектеседі. Арасында ұзақмерзімді немесе бір реттік қызмет көрсететіндері де бар. Ол әр клиенттің талабына сай қарастырылады, – дейді ол.

Гауһар бұл мамандықты үйрену оңай деп санайды. Бастысы – талап пен ниет. Екінші, ноутбук пен интернет қажет. Ал енді мамандықты игеру-игермеу әр адамның өз қабілетіне байланысты.  Егер теориялық білімді 1 аптада меңгерсе, бір айда толыққанды табыс табуға болады екен. мамандықАл мобилограф Сүндет Асанбеков бұл мамандықты таңдауына бала кездегі қызығушылығы себеп болғанын айтады.

– Бала күннен телефонның фотокамерасы мен видеокамерасымен  түсіру  хоббиім еді. Уақыт өте келе суретке түсіруді кәсіби түрде айналыса бастадым. Осы кәсіптің арқасында аз дегенде айына 200 мың теңге табуға болады.   Мобилограф маманы кез келген жарнама, имидж роликтер түсіріп, табыс таба алады. Тапсырыс беретіндер: шағын кәсіп иелері мен инфобизнесмендер. Жалпы, мықты маман клиент іздемейді, клиент өзі іздеп келеді. Өз басымда тапсырыс жетерлік, – деген Сүндет те бұл мамандықты үйрену қиын емесін тілге тиек етті.

Веб-сайт жасаушы Ақарыс Әлиасқар алғашында бағдарламашы мамандығын таңдаған. Оқи келе бұл саланың өзі ішінен түрлі салаға бөлінетінін түсініп, веб-сайт жасауды меңгерген. Оның өзі фронтенд және бэкенд деп екіге бөлінеді екен. Біріншісі сыртқы келбеті мен дизайнға жауап берсе. Екіншісі негізінен мәліметтер базасымен жұмыс істейді. мамандық

– Сайт жасаудың тәсілі де әртүрлі. Менің меңгергенім – WordPress. Бұл ақпараттық блог жүргізгенге өте ыңғайлы платформа. «Әр нәрсенің екі жағы бар» дегендей, карантин кезінде интернет-маркетинг дами түсті. Соған байланысты кәсіптің көбісі онлайн режимге көшті. Тапсырыстар да көбейді. Әсіресе, білім орталықтары жаппай онлайн оқытуға көшті. Ал төлемақысы  әртүрлі. Жалпы, сайт жасау дәрежесін терең меңгерген сайын жалақысы да жоғары болады. Кішігірім компанияда бекітілген 150 мың теңге жалақы үшін жұмыс істеуге болады.  Ал білікті сайт жасаушылар өз жұмысы үшін  миллион теңгеден астам еңбекақы алады. Біз үшін ең оңтайлысы веб-студияда жұмыс істеу. Ол жерде командалық жұмыс атқарылады, – дейді ол.