Білім және ғылым министрлігі еліміздегі 10 жоғары оқу орнының лицензиясын тоқтатты.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Мұның алдында біз бес ЖОО-ның лицензиясы тоқтатылғанын хабарлағанбыз. Қазір біз ЖОО-ларда қосымша тексеріс жүргізіп жатыр. Сол тексерістің нәтижесі бойынша біз шешім қабылдадық. Тағы бес ЖОО-ның лицензиясын тоқтатамыз. Заң бойынша ол ЖОО-лар бұл шешімге он күн ішінде шағым түсіре алады. Сондықтан да бізге қазір уақыт керек, шамамен 10 күндей. Сол уақытты күтеміз. Шағым түспесе, нақты қай ЖОО-лардың лицензиясы тоқтатылғанын айта аламыз», – деді.
Министр оқу орындары талаптар мен ережелерді жиі бұзатынын айтты.
«Біз ЖОО-лардың ҰБТ сертификатынсыз оқуға қабылдап жатқанын көрдік. Бұл білім сапасының қандай екенін білдіреді. Бұдан бөлек, студенттердің сабақ бармайтынын, бірақ емтихандардан өтіп, дипломдарын алып жатқанын білеміз. Әрине, біз, мемлекеттік орган ретінде мұндайға жол бере алмаймыз. Сондықтан қатаң шаралар қабылдап жатырмыз. Бірнеше күннен кейін лицензиясы тоқтатылған 10 ЖОО-ны атап береміз», – деді министр.