Білім беру талаптарына сай келмейтін жоғары оқу орнының басшылары Үкімет үйінде есеп берді.
Primeminister.kz-тің хабарлауынша, Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Үкімет жанындағы Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарын оңтайландыру жөніндегі комиссия отырысын өткізді.
Бердібек Сапарбаев: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «дипломдарды басып шығарып беретін кеңселерге» айналған жоғары оқу орындарына қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырды. Бүгінде елімізде 132 ЖОО жұмыс істейді, оның 43% - жекеменшік. Оларда 600 мыңнан аса студент оқиды, оның ішінде 191 мыңы – мемлекеттік тапсырыс аясында білім алады. Өкінішке қарай, білім беру сапасы туралы біз еңбекке орналасу деңгейі бойынша ғана тұжырым жасай аламыз, әрбір төртінші түлек – жұмыссыз», – деді.
Бұған дейін білім саласына жауапты министр Асхат Аймағамбетов білім сапасы төмен жоғары оқу орындары жабылатынын айтқан болатынбыз.