Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Құжатқа енгізілген түзетулер қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіре ала ма? Жаңа заңның қандай ерекшелігі бар? Қоғамдық кеңестердің қауқары қандай болмақ?
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлеповтің айтуынша, қолданыстағы заңға 40 жаңа норма мен 28 түзетілген норма енгізілді. Қолданыстағы «Қоғамдық кеңестер туралы» заңның өзі 2015 жылы қабылданған болатын. Уақыт көрсеткендей, құжат та, қоғамдық кеңестер де өз-өзін ақтады. Ал жаңа заңдағы түзетулер қоғамдық кеңестердің қызметін одан әрі жетілдіруді көздейді деген үміт бар. Денсаулық сақтау саласы бойынша қоғамдық кеңес төрағасы Надежда Петухова заңдағы түзетулерді қолдайтынын айтады. Себебі қоғамдық кеңестерге жаңа заңда нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын қарау туралы шешім қабылдау құқы берілген. «Бұл түзетулер қоғамдық кеңестер жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік береді және құқықтық актілер жобаларының қоғамдық сараптамасының сапасын арттыруға оң әсерін тигізеді. Енді қоғамдық кеңес мүшелері ұсынылған нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын қарау немесе қараусыз қалдыру туралы ұсыныс енгізе алады. Бұл жұмысты жақсартуға және жүктемені азайтуға мүмкіндік береді», – дейді. Оның пікірінше, қоғамдық кеңес жетекшісін сайлау дербестік пен ашықтық қағидатын қамтамасыз етеді, бұрынғыдай мемлекеттік органдардың әкімшілік қысымын болдырмайды. Сондай-ақ қоғамдық кеңес құрамына үміткерлердің резервтік тізімі енгізіледі. Қоғамдық кеңестерге жергілікті деңгейде құқық қорғау органдары басшыларының ақпаратын тыңдау өкілеттігі берілді. Қоғамдық кеңестер консультативтік кеңесші орган екенін, сондықтан заңды тұлға саналмайтынын атап өту қажет. Осыған байланысты қоғамдық кеңестерге азаматтардың өтінішін қарау туралы заңнама нормалары қолданылмайды. Азаматтардың өтініштері негізінде қоғамдық кеңес қоғамдық бақылау нысандарының бірін жүргізуге бастамашылық жасау туралы шешім қабылдайды. Сонымен қатар құқық қорғау органдары басшыларының ақпаратын тыңдау бойынша жергілікті деңгейде қоғамдық кеңестерге өкілеттіктер беру нормасы енгізілді. Мұндай шара құқық қорғау органдарының ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді және азаматтардың қоғамдық кеңеске сенімін нығайтуға ықпал етеді.Айдана БЕГІМ