Латын әліпбиі: баспасөзде қолдану ерекшеліктері
Латын әліпбиі: баспасөзде қолдану ерекшеліктері

Латын жазуына көшу туралы әңгіме алғаш шыққан кезден бастап журналистер қауымы өте белсенді араласып, пікір білдіріп келеді. Бұл бей-жай қарайтын, құлақ түбінен ықылассыз өткере салатын мәселе емес. Қазақ тіліне жаны ашитын, қазақ халқының тағдырына алаңдайтын әрбір журналист, әрбір ақпарат құралы өз қадерінше үн қатып, пікір білдіріп, ұсыныс айтып келеді.

Осы жаңа жазу үлгісі қабылданып, қолдануға қаулы шығарылса, бірінші болып қазақ баспасөзі көшетіні анық. Тіпті қазірдің өзінде «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Балдырған» басылымдары жаңа әліпбиге айдар арнап, оқырманды ақырындап тәрбиелеуге көшті. Яғни ұлт болашағына тікелей қатысты осы мәселеге қазақ баспасөзі білек сыбана кірісіп те кетті.

Латын әліпбиі төңірегінде айтылып жатқан ұсыныстарға, қабылданып жатқан нұсқаларға қатысты мәселелерге журналистер, қаламгерлер қауымы сергек қарайды. 2017 жылдың қазан айында латын әліпбиінің алғашқы нұсқасы қабылданып, бірте-бірте кейбір ресми органдардың маңдайшасы, түрлі ұйымдардың таңбасы латын жазуына көшірілді. Осы тұрғыда өзіміз байқаған біраз мәселені талдап, ұсынымызды айта кетуді жөн көреміз.


Бірінші мәселе – латын әліпбиін қандай ыңғайда, қай үлгіге лайық таңдау мәселесі. Бауырлас түрік халқының әліпбиін басшылыққа алу туралы ұсыныстар айтылды, мүлде жаңа әліпби құрастыру жайы да қарастырылды. Латын жазуының нұсқасы екі жыл бұрын бір бекітіліп, биыл қайта қарастырылып жатқаны да әу баста жалпы ғалымдар арасында да, тікелей нұсқау беретін мемлекеттік органдарда да ортақ түсіністік, ортақ бағыт болмағанын айғақтайды. Сондықтан халық арасында күлкі-келемежге ұшыраған нұсқалар да болды. Алматы қаласында «Сәбіз» деген мейрамхана өз атауын ең әуелгі үлгі-нұсқа бойынша «Saebiz» деп қасақана жазып, пиар-жүріс жасады. Қазір «Sabiz» нұсқасына оралды. Бұл нені аңғартады? Ащы да болса айтайық, мұндай келемеж «кіші халық» ұстанымынан шығады. Яғни «бұл халыққа не берсең де қабылдайды» деген астам ой, асылық пікір үстем болып шығады. Сондықтан латын әліпбиін ең әуелі тиісті органдар өзара келісімге келе отырып, арнайы комиссия құрамына әр саланың өкілдерін кірістіре отырып пісірілуге тиіс еді.


Екінші мәселе – «бір дыбыс – бір таңба» принципі. Кирилл әліпбиі бойынша 42 әріп бар. Оның өте көп екені, қазіргі заманауи сұраныстарға, талаптарға сай емес екені талай айтылды, жазылды. Осы принципке келгенде, манағы «қай елдің әліпби нұсқасын басшылыққа алған жөн?» деген сұрақ қайта көлденеңдейді. 2017 және 2019 жылдардағы екі нұсқада да қосар әріптер жоққа тән. Бұған қуануға болады. Бірақ «ш» дыбысы ағылшын әліпбиінде s және h әріптерінің қосарлануы арқылы беріледі. Сондықтан да «ashana» деген жазу «ашана» болып оқылып жүр. Яғни қазір ағылшын тілі дәуірлеп тұрғандықтан, жастардың бәрі дерлік латын жазуын ағылшын әліпбиі негізінде оқиды. Кейінгі ұсынылып жатқан кейбір нұсқаларда «ш» дыбысы түрік нұсқасына сай алынған екен. Дегенмен жастарды шатастырмас үшін, осындай дыбыстар қосарланып келгенде Һ дыбысын таңбалау үшін ағылшын нұсқасындағы к және һ әріптерін қосарлап берген дұрыс шығар. «Askhana» деп жазылса, ағылшын тіліндегідей к дыбысы естілмей, һ айтылар еді.


Үшінші мәселе – кірме дыбыстардан қалайда құтылуға құштарлық. Осы мәселеге келгенде аға буын мен жас буынның пікірі бір жерден шықпайтыны бірден белгілі болады. Аға буын өкілдері в, ё, ф, х, ц, ч, щ, ъ, ь, э, ю, я, тіпті и және у әріптерін мүлде қолданыстан шығаруды, тіпті елемеуді ұсынады. Бірақ қазақ халқының, жалпы Қазақстанның өркениетті әлемде өмір сүріп жатқанын ұмытпауымыз керек. Біз қаласақ та, қаламасақ та в, ф, ч дыбыстары өмірімізге әбден енді. Алдағы уақытта оларды қолдан жасалған қарсылықпен тілімізден қуып шығара алмаймыз. Мысалы, қазіргі мектеп жасындағы балалардың 70-80 пайызы футболға қызығады, тіпті осы ойынмен ауырады. Бірақ оларға ертең Фернандиньо деген футболшыны Пернандиньо деп таңбалап берсеңіз, олар өз ана тілінен жиреніп шықпасына кім кепіл? Бір өзі олимпиаданың 23 алтын медалін жеңіп алған Майкл Фелпс есімді америкалық жүзгіш бар. Оның тегі Фелпс емес, бізше Пелпс болып оқылады десеңіз, жас бала күледі, ертең тіпті мазақтайды. «Әліпбиге репорма жасап жатырмыз» деп осы отырған ешқайсымыз да айтпайтынымыз анық. Тілімізге әбден еніп кеткен вагон, автор деген сөздерді «уәгон» немесе «багон» деп дыбыстағаннан тіліміз ХІХ ғасырдағы қалпына келе қалады деу артық болар. Осы ч, в, ф дыбыстары түркі тілдес халықтардың біразында бар, демек бізге де жат бола қоймайды. Ч дыбысынан жөнсіз қашудың реті жоқ. Чемпион, чемпионат, матч, мачта, т.б. тілімізге еркін еніп, қолданыста жүргеніне жарты ғасырдан астам уақыт өткен сөздерді шемпион, матыш деп қолдан өзгерту тіпті күлкілі болар еді. Чемоданның шабаданға айналуы сияқты табиғи жолмен жаңарған сөздер болса, ол тілдің иммунитеті, оған ешкім қарсы тұра алмайтыны ақиқат. Ал ц әрпінің тұлғалық сипаты әлі дұрыс емес. Мысалы, біздің үйдің қасындағы полиция бөлімшесінің маңдайшасына «Polisia» деп жазылған. ХХІ ғасырдың жас буыны үшін бұл күлкілі. Менің 6-7 сыныптарда оқитын екі балам с әрпінің алдынан міндетті түрде т әрпін іздейді. Тіпті болмаса, түркі тілдес халықтардағыдай (тіпті ағылшын тіліндегідей) жай ғана «полис» деп алсақ та қате бола қоймайды.


Төртінші мәселе – и және у дыбыстарына қарсы. Соңғы ұсынып жатқан бір жобаларда И дыбысын дәстүрлі i (ай) әрпімен белгілеу ұсынылыпты. Ол тіліміздегі төл [і] дыбысымен қатар жүріп, қатар қолданыла беретін секілді. Бірақ бұл қадам болашақта ұрпақты адастырады деген пікірдемін. Менің ойымша, і дыбысын ешбір басқа таңбаға қосарламай, дербес таңбалау нұсқасын табуға тиіспіз. І әрпі қазақ тілінің бай сипатын одан әрі байыта түсуге нешеме ғасыр бойы қызмет етіп келеді. Оны И-ға қосарлап, «мынау дін (din) деген сөз, оны дин деп оқуға болмайды» деп қашанғы түсіндіреміз? Ал у дыбысын біресе төбесінде үтірі бар у таңбасымен белгіледік, біресе латын нұсқасындағы u әрпіне жүгіндік, енді дауыссыз дыбыс ретінде келсе, w (дабл ю) әрпімен таңбалау ұсынылыпты. Белгілі бір тарихи кезеңдегі мәжбүрліктен туындап отырғанын біз де сезінеміз, дегенмен латынның U дыбысын біздегі У әрпінің негізі етіп алып, Ұ мен Ү дыбыстарын соның негізінен туындатсақ, әлдеқайда жақсы болмас па еді? Нәтижесінде алғашқы нұсқада прокуратура, университет сөздерін прокыратыра, ыниверситет деп оқуға мәжбүр болғанымыз да күні кеше.

Естеріңізде болса, 1930 жылдары орталық газеттердің бірінде «Ұлы Сталин» деген сөздегі У-дың басы түртілмей, «Улы Сталин» деп басылып кеткені үшін редактор атылған деген сөз бар. Біз үндес у, ү, ұ дыбыстарын қазірден дұрыстап таңбаламасақ, осындай кепке тағы түсетініміз аян. Мысалы, менің фамилиям – Жеңісұлы. Қазіргі нұсқа бойынша оны Jeńisuly деп жазамыз да, Жеңісулы деп оқимыз. Әзілге сүйесек те, менің «улы» болғым келмейтіні өз-өзінен түсінікті.


Бесінші мәселе – жаңа әліпбидегі заңдылықтар. Ғалымдар құю, қою, сою сияқты сөздердегі ю дыбысын ендігі жазу үлгісінде құй+ұу, қой+ұу, сой+ұу деп жазуды ұсынып жүр. Әрине, тілдің әуелгі қайнар көзіне оралу үшін бұл да дұрыс болар. Бірақ қазақ тілінің фонетикалық, синтаксистік, морфологиялық заңдылығы әбден қалыптасып, елу жылдан бері орфоэпия талабына лайықталып кеткендіктен, жаңа әліпбиде ішінара болмаса, көп өзгеріс жасаудың реті жоқ секілді. Сиыр, қиыр, қияр, тиын, тиін сияқты сөздерге ы дыбысын қосып, сыйыр, қыйыр, қыйар, тыйын, тійін деп жазу, айту жөн-ақ. Бұл «қазақ тілінде дауысты и дыбысы болмаған» деген принципке де сай келеді. Осы тұрғыда да аздап дау айтуға болады. Мысалы, бит, ит, кит деген секілді тұйық және бітеу буында и әрпімен келетін сөздерді бійіт, ійіт, кійіт деп айтып, жазып көріңізші, қолыңыз түгілі, тіліңіз де көнбейді. Сондай-ақ «тілді әуелгі қалпына әкелу керек» деген принциппен әбден қалыптасқан жүрек сөзін ендігі жерде жүрөк деп жазу дұрыс емес секілді көрінеді. Өйткені соңғы буынында ө дыбысы естілетін, бірақ е дыбысымен таңбаланатын сөздердің бәріне жұрнақ жалғанса, міндетті түрде і дыбысы естіледі. «Жүрөктүң» емес, «жүректің» деген қазіргі табиғатымызға әлдеқайда жақын.


Алтыншы мәселе – заман өзі туындатқан таңбалар. Мысалы, қ дыбысын q әрпімен таңбалауды ешкім ешкімге тықпалаған жоқ. Қазақ қоғамы бірте-бірте осыған өзі келді. Сол сияқты ы дыбысын y (уай) әрпімен таңбалауды да тіліміз өзі реттеп шығарды. Оған көз де үйренді. Сондықтан түрік тілінің үлгісіндегі төбесінде нүктесі жоқ і әрпімен ы дыбысын таңбалау аса өміршең бола қоймайтын сияқты. Бұл тұрғыда маған чехтар тапқан жол ұнайды. Олар диакритик белгілер арқылы кейбір дыбыстарды сөз арасына жасырып, жазуды да мейлінше ықшамдайды, түсінуге де жеңіл. Мысалы, Petřela деген фамилия бір ғана таңба арқылы Петржела болып оқылады. Праганың ортасындағы әйгілі мұнара орналасқан төбе Petříněдеп жазылады, Петржин деп оқылады.

Алысқа бармай-ақ қояйық, қазір Ұлттық аударма бюросында әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінде оқытылатын оқулықтар ағылшын, француз, орыс тілдерінен тікелей қазақ тіліне аударылып жатыр. Онда терминдер өте көп. Соның бәрін таза қазақы ыңғайда ғана ала беретін болсақ, ертең ол кітаптарды ешкім түсінбес еді, тіпті жоғары оқу орындарында оқытуға жарамас та еді. Сондықтан қазақ тілінің әлемдік қауымдастыққа шынайы кірігуі үшін бәрібір үстем тілдердің заңдылығымен санаспай болмайды. Ең бастысы, латын әліпбиін енгізу арқылы қазақ тілін «отарланған тіл» аумағынан алып шықсақ, әлдеқайда оңды іс болмақ. Тіліміздің «отарланғаны» қазір бізге аударма ісінде де қатты білініп жатыр. Мысалы, ағылшын тіліндегі institutional, emotional, functionalсөздерін институттық, эмоциялық, функциялық деп қазақ тілінің табиғатына сай алсақ, ғалымдар мейлінше қарсылық танытады. Олар орыс тілінің ыңғайындағы институциональный, эмоциональный, функциональный сөздерімен үндес етіп, қазақ тілінде де институционалды, эмоционалды, функционалды деп қолдануды жөн көреді. Демек, бұл мәселеде де бізді көп шаруа күтіп тұр.


Қысқаша айтқанда, латын әліпбиін заман өзі қажет етіп отыр. «Көрші өзбек әлі қолдана алмай отыр», «сол не керек, кирилл әліпбиі де қажетімізді толық өтеп отыр ғой» деген пікірлер айтылып жүр, алда да айтыла береді. Ең бастысы, қандай әліпби қабылданса да, оның пайдасын да, зардабын да ең алдымен журналистер көреді. Сондықтан кең өлшеп, еркін пішкеніміз дұрыс.


Есей Жеңісұлы,
Ұлттық аударма бюросының редакторы.