Ереуілшілер ескерткішпен селфиге түсті...
Ереуілшілер ескерткішпен селфиге түсті...
160
оқылды

Осы сәрсенбіде АҚШ кон­гре­сінің мүшелері барлық дауыс­ты санап, президент сай­лауының жеңімпазын анық­­тамақ болған. Бұған дейін де­мократтардың өкілі Джо Байден жеңгені мәлім еді. Дегенмен Дональд Трамп­тың жақтастары Кон­гресс жайғасқан Капитолийге басып кіріп, ғимаратты жау­ламақ болды. Әлемдік БАҚ мұны Трамптың ұйымдас­тырған төңкеріс әрекеті, бас­сыздық, АҚШ тарихындағы қаралы күн деп бағалап жатыр.

Сәрсенбіде конгрестің қос палатасы штаттардың берген дауысын санап, Джо Байденді президент қызметіне ресми түрде бекітуі керек еді. Алайда бұл жиынның алдында Трамп Вашингтон қаласында өзінің жақтастары жиналған үлкен ми­тингте сөз сөйлеп, жеңілісті мойын­дамай­тынын айтып, ереуілшілерді Капи­толийге баруға шақырды. Трамптың сөзіне рух­танған жүздеген адам ел парламентінің ғимаратына келіп, темір қоршауларды бұзып, ішке лап берді. Полиция қару қолданып, газ шашса да, оларды тоқтата алмады. Ондаған адам Капитолий ішіне Трампты жақтаған плакаттар мен туларын алып, дәліздерде жүгірген. Олар «демо­краттар жеңісті ұрлады, Трамп – біздің президент» деп ұрандатқан. Осылайша, Капитолий 1814 жылы АҚШ–Британ соғысынан бері алғашқы рет басып алын­ды. Бұл кезде конгрестегі отырысқа төрағалық еткен вице-президент Майк Пенс қауіпсіз аймаққа шығарылды. Ал басқа конгресмендер өз кабинеттерінде есікті құлыптап, бекінген. Бұл кезде ғимаратта кейбір ереуілшілер еркінсіп, ғимараттағы мүсіндермен селфи түсірді, жиһаздарды қиратты. Басқалары полициямен арпалысты. Қазіргі мәлімет бойынша, 4 демонстрант көз жұмған. Оларға полиция оқ атуы әбден мүмкін. Тәртіп сақшылары арасында да жарақат алғандар көп. Екі адамның жағдайы ауыр. Жергілікті уақыт бойынша сағат 15.30 шамасында Трамп жақтастары ғимараттан шығарылды. Полицияға Ұлттық гвардия сарбаздары көмекке келді. Тек кешкі 20.00-де арнайы жасақтың қарауыл­дауымен конгресмендер мәжіліс залына қайта оралды. Вашингтон қаласының мэриясы ел астанасында комендант сағатын жариялады. Ол сәрсенбі күні кешкі 18.00-ден таңғы 06.00-ге дейін жалғасты. Алайда осыншама әрекетке қарамастан, кейбір ереушілер Капитолийді қайта басып алуға ұмтылды. Бірақ бұл кезде тәртіп сақшыларының қатары қалыңдап кеткен еді. Кейін АҚШ-тың федералды тергеу бюросы ғимаратта қолдан жасалған екі жарылғыш затты тапқанын хабарлады. Бір қызығы, поли­ция адамдарды жаппай құрықтаған жоқ, жалпы 50 адам ғана ұсталды. Трамп пен оның жақтастары ұйым­дастырған ереуіл конгреске Джо Байденді президент қызметіне бекітуге кедергі болмады. Енді ол 20 қаңтар күні ресми түрде өз қызметіне кіріседі. Сол күні оны ұлықтау рәсімі өтеді. Айтпашқы, ол іс-шараға Димаш Құдайберген ша­қырылған. ереуіл Сонымен, әзірше АҚШ президенті қызметіндегі Д.Трамп мұндай қауіпті қадамға неге барды? Оның пікірінше, былтыр қарашада өткен президент сайлауында ол жеңіске жеткен, тек дауыс санау барысында демократтар заңсыздық жасап, көрсеткішті бұрмалаған. Трамп бұл ұстанымын кешегі күнге дейін қайталап келді. Тіпті, сәрсенбіде жаңа президентті қызметіне бекіту жиынының алдында Республикалық партияның кейбір өкілдері (конгресмендер) Аризона штатындағы дауысты қайта санауға жіберуді сұрады. Олардың сұранысы орындалмады. Оған қоса, Трамп заңсыздық болды деген штат өкілдері оның таққан айыбын жоққа шығарды және сот та Трамп штабының арызын кері қайтарды. Дегенмен осын­шама дәлелге қарамай ол дегенінен қайтар емес. Президент қызметінен еш кеткісі жоқ. Ендігі мәселе – жақтастарын Капи­толийді басып алуға шақырған Дональд Трамп жазаға тартыла ма? Себебі ол заң тұрғысынан алғанда мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылды. Қазір Демо­кратиялық партияның өкілдері Д.Трамп­тың қыз­метінен кетуін 2 апта бойы босқа күтпей, оған импичмент жариялауды ұсынып отыр. Оған қоса, АҚШ үкіметінің кейбір мүшелері, Республикалық партия­ның атынан сайланған конгресмендер Дональд Трампты қызметінен 20 қаңтарға дейін кетіру мәселесін де қарастырып отыр. Трамп 4 жыл бойы өзінің пікірлерін Twitter арқылы белсенді түрде жариялап отырғаны белгілі. Онда 88 млн оқырманы бар. Капитолийдегі қақтығыс жалғасып жатқанда да ол парақшасында жақ­тастарын қолдауды доғармады. Сондықтан Twitter оның аккаунтын 12 сағатқа бұғаттап тастады. Көп өтпей Facebook, YouTube, Instagram да Трамптың аккаунтына шектеу қойды. Дональд Трамптың сәрсенбіде ұйым­дастырған заңсыз әрекетін әлем саясат­керлері де, АҚШ-тағы ірі БАҚ-та, оны бүгінге дейін жақтап келгендер де өткір сынға алды. Соның бірі республика­лықтардың атынан сайланған экс-пре­зидент Джордж Буш. Ол: «Бұл – жиір­кенішті әрі қорқынышты көрініс. Сайлау нәтижесін бұлайша демократиялық ел­дерде емес, кедей республикаларда дау­лайды» деп пікірін білдірді. Ал  New York Times «2021 жылдың 6 қаңтары Америка Құрама Штаттарының тарихындағы ең қаралы күндердің бірі ретінде есте қалады. Сәрсенбі биліктің бейбіт жолмен берілуін білдіретін күн ретінде емес, президент Трамп жігерлендірген, қолдау көрсеткен топ Капитолийға шабуыл жасап, Өкілдер палатасының есіктеріндегі терезелерді қиратып, қарулы қақтығыс ұйым­дастырған күн ретінде еске алынады» деп жазды. Шынында, АҚШ тарихында әлі бірде-бір президент биліктен мұндай дау-дамайға толы жолмен кетпеген. Тіпті, алғашқы президент Джордж Вашингтон қызмет мерзімінде шектеу болмаса да, екі президенттік мерзімнен соң биліктен өз еркімен кеткен. Өйткені ол монархқа айналғысы келмеген екен. Ал жеңілісін мойындағысы келмеген Трампты енді не күтіп тұрғаны белгісіз. Ол билікке Ресейдің көмегімен келді деген айыппен қызметін бастаған еді. Енді төңкеріс ұйымдастырмақ болды деген айыппен қызметінен кетіп барады. Бірақ АҚШ заңгерлері оны оңайлықпен жібере қоймас. 4 адамның өмірі қиылған қарулы қақтығысты ұйыдастырғаны үшін Трампты қылмыстық жауапкершілікке тартуы әбден мүмкін. Оған қоса, билікке демократ Байден келді. Конгрестің қос палатасында да биылдан бастап демократтар үстемдік құрады. Енді бар билікті қолына жиған олар есесін жібере қоймас.

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА