Шерулер мәселе шешпейді
Шерулер мәселе шешпейді
147
оқылды

Әлем АҚШ-тағы ереуілдер жайлы шулап жатқанымен,  посткеңестік елдердің бірінде былтырдан тағы бір «мұра» қалып қойды. Ол – Беларусьтегі  наразылық акциялары.  Белорустар жаңа 2021 жылғы наразылық акциясын 3 қаңтар күні ұйымдастырды. Сөйтіп, елдегі наразылық акциялары 2020 жылдың 9 тамызынан  бері тоқтаған жоқ. Ал бұл оқиғалардан ең алдымен елдің экономикасы зардап шегіп  жатса керек.

Негізі, Беларусьтегі  шеру­лердің нақты қаншалықты эко­номикалық зардабы болғанын  толық есептеген ешкім жоқ. Тек  бірқатар сарапшы алдын ала  есеп-қисап  жасаған. Әсіресе, шеру­лердің алғашқы кезең­дерінде  шығынды есеп­тегендер  көп болып еді. Мәселен, эко­номист Олжас Төлеуов былтыр тамызда наразылық акция­ларынан Беларусь экономикасы жарты мил­лиард  доллар шығын  көргенін жаз­ды. «Дегенмен көрсеткіш жедел өсіп, 1 млрд долларға жетуі де мүм­кін. Бұл дегеніңіз – елдің жалпы ішкі өнімінің 1,6 пайызына  жетуі мүмкін» деген еді сарапшы. Соны­мен  қатар мамандар  былтырдың өзінде Беларусьтің  өңдеу өнеркәсібі  көп зиян шегетінін айтқан. Өйткені Беларусьте өңдеу өнеркәсібінің  жалпы  экономикадағы үлесі  21 па­йыз. Демек, жаздан бері жал­ғасып жатқан ереуілдер кезінде толыққанды жұмыс істей алмаған ірі өнеркәсіптер зиян шеккені сөзсіз.  Кейбір мәліметтерге қара­ғанда,  наразылық шараларын  ел­дегі 30-дан астам ірі кәсіп­орынды шарпыған. Ал олардың табысы  елдің жалпы ішкі өнімінің 27  пайызын құрайды. Одан бөлек,  былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Беларусь бюджетінің  дефициті 2 млдр 47 млн долларға жетіпті. Оған мемлекеттің сыртқы қарызының 27 пайызға өскенін де  қосыңыз. Ресми Минск жыл соңына қарай Ресейден 1 млрд доллар қарыз алды. 500 млн-ын Мәскеу бірден аударса, қалған 500 млн доллар қаржы 2021 жылдың  ішінде аударылуы керек. Бұл  өз кезегінде елдің сыртқы күштерге әбден кіріптар болғанына бір дәлел. Одан бөлек, ел валютасының құлдырап бара жатқаны тағы бар. Еуропалық одақтың Беларусьтің бірқатар компаниясы мен жеке тұлғаларына қарсы санкция салғаны да есте. Санкцияның бір емес, үш пакеті әзірленген бола­тын. Бәрі де  президент А.Лука­шенконы мұқатуды көз­дегені белгілі. Алайда санкциялар мен экономиканың әлсіреуінен  бірінші кезекте  бұқара халық, одан соң тіпті  наразы топтың өзі зардап шегері сөзсіз. Өйткені баға өсіп, табыс азайса, ірі шенеуніктер мен қаржысы мол бай-бағландар емес, алдымен қарапайым халық зиян көреді. Сондықтан  Бе­ларусь­тегі  нара­зылық акция­ларының демо­кратия­дан бөлек қыры да бар екенін  на­зар­да ұс­таған  дұрыс. Жалпы, 2020 жылы пост­кеңестік елдерде  болған саяси шие­леністер мен наразылық  акцияларының  барлығы дерлік ірі державалардың өзара текетіресінің құралына ай­нал­ғанын көруге болады. Шамасы, батыс мемлекеттері  Ресейдің ықпал ету аймағын тарылту үшін барын салып жатқанға ұқсайды. Бірақ ресми Мәскеудің де  қарап қалмасы белгілі. Ал ортада  дүр­мек­ке ілесіп, «атқа қонған»  қарапайым  жұрт зардап шегеді. Біз сөз етіп отырған  Беларусьтегі  митингтер де осы сөзімізге дәлел. Рас,  шеруге шық­қандар әу баста күш құрылым­дары сарбаздарымен қақтығысып қалғаны болмаса, кейін шерулер кезінде төтенше жағдай тіркеле қой­ған жоқ. Ук­раинадағыдай,  Қыр­ғыз елін­дегідей оқиғалар қай­таланбады. Сырт көз белорустар  «мә­дениетті түрде наразылық жа­сайтын халық» дескен. Бірақ іс жүзін­де шерушілер бірнеше ай бойы көшеге шығу арқылы қала­лардағы тұрмыс-тіршілікке ке­дергі жасады. Зауыттардың жұ­мыс­тары да тежелді. Халықаралық ұйымдар мен агенттіктердің елдің қаржы құрылымдарының рей­тингін тө­мендетуі, төлем қабіл­етін нашар деп бағалауы шеру­шілердің «артық қыламын деп тыртық қылғанының» көрінісі болса керек. Қаржыгерлер мен ірі бизнес  ел билігін қыспаққа алуға бекініп, санкциялар сала бас­тағанда ортада зардап шеген­тін­дер  қарапайым халық екенін ешқашан ескерген емес. Осы жолы да солай болды. Соның сал­дарынан  наразылық акция­ларының  пай­дасынан зияны басым болып тұр. Мәселен, нара­зылық  акция­лары кезінде елде интернетті бұғаттаудың кесірінен  келген шығын көлемі 336,4 млн долларға жетіпті. Былтыр  шеру­лерге байланысты елде  интернет 218 сағат бұғатталып, одан 7,9 млн адам зиян шеккен. Біреулер тиісті  хат-хабарын жолдай алмаса, біреулер онлайн төлем, сауда-саттық жасау,  банктердегі несиелерді жабу мүмкіндігінен айырылды. Тек интернетті бұғат­таудың өзі қаншама  зиян шектіріп жатыр. Тағы бір мысал,  наразылық акциялары кезінде 30 мыңнан астам адам тұтқындалған. Төрт айда. Әрине, олардың барлығы қазір түрмеде отырған жоқ, бірақ тергеу изоляторына қамалып, кейіннен боса­тыл­ған­дардың көбі моральдық қысым көргені анық. Кім түрмеге отыр­ғанымен мақтанар дейсіз?! Қысқасы, Беларусьтегі  нара­зы­лық шерулерінің түрлі қыры бар. Дегенмен ең алдымен  ұзаққа со­зыл­ған шерулер елді әл­сіреткеннен басқа ештеңеге жараған жоқ. Тіпті, ел ішін жайлаған  мұндай наразы көңіл күй биліктің саяси рефор­малар жасауына да кедергі келтіруі ғажап емес. Одан бөлек,  бұрын КСРО  құрамында  болған мем­лекеттерде халық  шеруге бір рет шық­са, «дәнігіп» алатындай кө­рінеді. Мәселенің барлығын шеру­лермен шешуді қалайтын «шеру романтикасы» қалып­тасатындай көрінеді. Ал іс жүзінде  әлемде наразылық шерулерінің «сәннен» қалып бара жатқанын байқау қиын емес. ХХІ ғасырдың шерулері бірден вандализм мен анархияға апаратын жол тәрізді. Әсіресе, демократиялық дәстүрі енді қалыптаса бастаған елдер үшін солай. Беларусь елі соның  нақты мысалы  болады.  Айлап, жылдап көшеге шығудан ұтқандар өзгелер де, халық тек ұтылумен келеді.

Ардагелді БЕКЖАН