Қатар блокададан босатылды
Қатар блокададан босатылды
149
оқылды

Жыл жағымды халықаралық жаңалықтан басталды: араб елдері ақыры татуласты. Нәтижесінде, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн мен Мысыр Қатарға қарсы блокаданы алып тастайтын болды. Өңірдегі бес мемлекет басшылары Сауд Арабияның әл-Улаа провинциясында өткен саммитте өзара байланыстарын қалыпқа келтіруді қарастыратын «Ынтымақ­тастық пен тұрақтылық декларациясын» бекітті.

Осылайша, Қатар әмірі Тамим бен Хамад Әл Тани Парсы шы­ғанағын­дағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің сам­митіне 2017 жылдан бері алғаш рет қатысты. Құрылтайда 3,5 жылдан бері созылып келе жатқан шие­леніс реттелді. Бес елді бітістіру бастамасын Кувейт көтерген-тін. Сонымен бір­ге өзін «араб әлемінің досы» ретінде көрсететін Ресей емес, АҚШ осы іске араағайын болды. Мысалы, келісімді бекітуге АҚШ-тың іс басындағы президенті Дональд Трамптың аға кеңесшісі және күйеу баласы Джаред Кушнер жәрдем­дескен. Келісімге қол қою рәсіміне де сол қатысты. Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Роберт О'Брайен бес араб мемлекеті ара­сындағы шиеленісті АҚШ 70 күн ішінде – 2021 жылғы 20 қаң­тардағы АҚШ-тың жаңа пре­зиденті Джо Байденнің инау­гурациясына дейін шешуге тыры­сатынын хабарлады. Ал осы аптаның басында Сауд Арабиясы, БАӘ, Бахрейн және Египет Қатарға қатысты блокада­дан бас тартатынын мәлімдеп те үлгерді. Америка өз кезегінде Доханы осы елдерге қарсы халық­аралық шағым-талаптардан, айып­таулардан бас тартуға көндіре алды. Трамп әкімшілігі бес араб елін кикілжіңді тоқтатып, Иран­мен тізе қоса күресуге үгіттеді. Ал блокаданың не себепті қойылғанына келсек, 2017 жылдың жазында Сауд Арабиясы, БАӘ, Бахрейн және Мысыр ресми Доханы «терроризмді қолдап, көршілерінің ішкі ісіне араласып отыр» деп айыптап, онымен барлық дипломатиялық қатынас­тарын үзді. Сонымен бірге Қатар­мен арадағы экономикалық ын­тымақ­тастықты доғарды, осы әмір­лікке баратын барлық жолды жауып, көлік қозғалысына тоспа қойды.  Бірақ Қатар өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды. Сарапшылар араб елдері ара­сындағы бұл дағдарыс 2019 жылы тоқтайды деп күткен: мемлекеттер өзара белсенді келіссөздер жүргізді. Алайда сонда да саяси ерік-жігер табылмағанға ұқсайды: Қатар әмірі Тамим бен Хамад Әл Тани Эр-Риядтағы кездесуге бармай қалды. 2020 жылдың желтоқсанында Кувейт СІМ-інің басшысы Парсы шығанағындағы осы елдер шие­леністі реттеу бойынша өнімді келіс­сөз жүргізіп жатқанын мәлім­деп, жаңа үміт сыйлады. Осы ақ­парат­ты растаған Сауд Арабия­сының сыртқы саясат ведомствосы­ның басшысы Файсал бен Фархан Әл Сауд «айтарлықтай ілгері жыл­жу» барын айтты. Мұны Қатар сырт­қы істер министрі Мұхаммед бен Абдеррахман Әл Тани мойын­да­ды. Енді, міне жыл басында маңыз­ды декларацияға қол қойы­лып отыр.

«Қазіргі кез бізден өңірлік мә­се­лелерді шешуде, туындап жатқан жаңа проблемалармен күресте күш біріктіруді талап етеді. Әсіресе, Иранның ядролық бағдар­ламасы­нан және оның баллистикалық зымырандар әзірлеу бағдар­ламасынан қауіп-қатер туындауда» деп түсіндірді Саудияның тақ мұрагері сана­латын ханзада Мұхаммед бен Сальман.

Татуласу тараптардың бірқатар шартты орындауын қарастырады. Мысалы, төрт ел әуе және басқа да блокадаларын жоюы, катар­лық­тарға осы елдерге еркін са­парлауына жол ашуы тиіс. Кувейт­тің сыртқы істер министрі Ахмед Нассер ас-Сабах Сауд Арабия­сының Қатар­мен арадағы құрлық, әуе және теңіз шекарасын ашу туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Бұл Катар үшін аса маңызды: онда 2,6 мил­лион адам тұрады, алайда оның тек 300 мың­дайы – әмірліктің азаматтары. Өз кезегінде Қатар өз теле­арна­­ларында Сауд Арабиясы мен БАӘ-ні қатал сынауын тоқтатуы шарт. Өзге талаптар арасында Бахрейнге сұйытылған табиғи газ жеткізу де бар көрінеді. BBC сараптауынша, осы бес ел арасындағы кикілжіңнің идео­логиялық астары бар, бірақ бұл шит­­тер мен сүнниттер немесе демократия мен монархия ара­сындағы қақтығыс емес. Қатар мен Түркия өңірдегі ұстамды, яғни демо­кратия мен шариғатты үйлес­тіруге тырысатын исламдық пар­тияларды қолдайды. Ал «араб көктемі» деп аталатын діни негізі бар революцияларға сезікпен қарайтын Мысыр, Сауд Арабиясы және БАӘ ондай партияларды террорист санап, күрес жүргізуде.

Мысалы, Қатар – Парсы шығанағындағы «Мұсылман бауыр­ларды» және саяси исламды қол­дайтын жалғыз монархия. Бұл рет­те катарлық атақты «Әл-Жа­зира» мемлекеттік телеарнасы араб елдеріндегі наразылық ак­ция­ларын белсенді көрсетті. Араб сарап­шылары ислам әлеміндегі революцияларды да осы беделді телеарна шабыттандырады деп есептейді. Кейбір мәселеде Қатардың шииттік Иран жағына шығатыны да өзге араб елдеріне ұнамайтын. Енді Қатарға біраз мәселеде аяғын тарта басуға тура келетінге ұқсайды.

Елдос СЕНБАЙ