Аймақтағы ахуал алаңдатып тұр
Аймақтағы ахуал алаңдатып тұр
142
оқылды

Атырау облысы коронавирус жұқтыру қаупі жоғары аймақ  болған­дықтан, жел­тоқсан айында «жа­сыл аймақтан» «қызыл аймақ­қа» көшіп, 1-орынды ал­ғанынан тапжылмай тұр. Атырау­ға қауіп төндіріп тұрған вирустың таралу ошағы – «Теңіз­шевройл» ком­пания­сына қарасты Теңіз кені­ші.

Желтоқсан айында  екі апта көлемінде  СOVID-19 инфекциясы анықталғандардың 80 пайызы Теңіз  кенішіндегі жұмысшылар болған­дықтан, Атырау «сары аймақ» құ­рамында болған. Сондықтан  Теңіз  кенішіндегі карантин шаралары ұзарып, қатаң талаптар қойылды.   Сол кезде «Теңізшевройл» ком­пания­сындағы ахуалды баяндаған компанияның  Үкіметпен және жұрт­шылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев «Кейбір мердігер компания-лар жұмыс­шыларының жалған ПТР-тест қо­рытын­дыларымен санитар­лық бекеттен өтіп кету жағдайы мә­лім болды» деген болатын. Жағ­дайды бақылап отырмыз дегенімен, Теңіз кенішіне қыз­метке келген­дерден вирус анықталуы толастар емес. Осылайша, Атырау өңірі 16 желтоқ­санда «қызыл аймақ» құ­рамын­да жал­ғыз қалды. Жуырда Атырау облысының Сани­тарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша, 5 қаңтарда  149  адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталып, ауыр­ғаны белгілі болды. Сол көрсеткіш бойынша Теңіз кенішінен 144 жұмысшыдан вирус анықталуы жергілікті халықты алаң­датып отыр. Алайда  сол күні Денсаулық сақтау минист­рлігі Қоғамдық ден­саулық сақтау комитеті 5 қаң­тардағы елдегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасында «қызыл аймақ» құрамында ешбір қала жоқ деп жариялады.  Бұған атыраулықтар таңғалып болғанша, 6 қаңтарда елдегі эпи­демио­логиялық ахуалды бағалау матрицасында Атырау қа­ласы «қызыл аймаққа» қайта енгені хабарланды. Теңіз кенішінде жұмысшылардан анықталып отырған вирус жұқтыру көрсеткіші Теңіз кенішіндегі жұ­мыс­қа әсер ете ме? Бүгінде осы  сауал да өзекті. Өйткені кеніш жұ­мысы саябырсыса табыс азаяды де­ген сөз. «Теңізшевройл» компаниясы ресми  өкілінің айтуынша, ТШО-ның ең басты мақсатының бірі – қызметкерлер мен жұмысшылардың денсау­лығын қорғау, қауіпсіздігін сақтау. «Қазір  ТШО жұмысын ойдағыдай жалғастыруда, сонымен қатар біз «Келешек кеңею жобасы» мен «Ұңғы ернеуі қысымын басқару жобасын» қауіпсіз жүр­гізу мақ­сатын­да тиісті шараны іске қостық. Біз мемлекеттік органдармен бір­лесе отырып, қыс мезгілі қарсаңын­да медициналық жабдықтардың, инфрақұрылымның және тест өт­кізу мүмкіндік­терінің жеткілікті бо­луын қамтамасыз етудеміз. Соны­мен қатар осы ауруды жұқтырған адамдардың Теңізге кіруіне жол бермеу үшін тиісті сақтық шара­ларын орындауды жалғастырамыз», – дейді компания өкілдері. Маман­дардың айтуынша, оперативті қызметкерлерді тұрғын үйлерде, көліктерде және жұмыс орын­дарында «бөлек жай­ғастыру», соны­мен қатар жаңа жағдайды анықтау мен тиісті адамдарды және олардың жақын немесе әлеуетті байланыста болғандарын оқшаулау үшін ПТР сынақтарын барынша көбірек өткізу қарас­тырылыпты. ТШО Теңіз кенішінде уақытша жұқпалы аурулар ауруханасында 800 төсек-орын және науқаспен бай­ланыс­та болған қызметкерлер үшін 1 400 төсек-орын дайындаған. Қажет бол­ған жағдайда, медициналық оқшау­лау бөлмесінің сыйымдылығын кеңейтуге жағдай жасалған. Атырау облысының Санитар­лық-эпи­демио­логия­лық бақылау департаментінің мәліметі бойынша, кеше Теңіз кенішінен 78 жұмыс­шы­дан, Жылыойдан – 2,  Құрманғазы ауданынан 12  адамнан COVID-19 жұқ­пасы анықталған. Қазір 339  адам үй жағдайында емделуде. Облыс­тық инфекциялық ста­цио­нар­да – 91 науқас, ал аудандардағы инфек­циялық стационарларда – 43,  Теңіз кенішінің инфекциялық ста­ционарын­да 816 адам ем қабыл­дауда. P.S.

«Қызыл аймақ» құрамында кіріп-шығып жалғыз тұрған Атырауда кеше Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің бұйрығымен облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау де­партамен­тіне жаңа басшы тағайын­далды.

Пандемия елімізде тіркелгеннен бері облыстық Санитарлық-эпи­деми­ологиялық бақылау депар­таментіне сегізінші басшы болып тағайындалған Мәдениет Танауов бұл қызметке дейін Батыс Қазақстан облысында Санитар­лық-эпи­димиология­лық бақылау бас­қар­масы басшысы қызметін атқарған. Басшысы қанша ауысса да өңірдің эпи­демиологиялық ахуалы оңалмай тұрғаны жер­гілікті халықты алаңдатып отыр.

Tyrsin       ТұрсынЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы