Атырау облысы коронавирус жұқтыру қаупі жоғары аймақ болғандықтан, желтоқсан айында «жасыл аймақтан» «қызыл аймаққа» көшіп, 1-орынды алғанынан тапжылмай тұр. Атырауға қауіп төндіріп тұрған вирустың таралу ошағы – «Теңізшевройл» компаниясына қарасты Теңіз кеніші.
Желтоқсан айында екі апта көлемінде СOVID-19 инфекциясы анықталғандардың 80 пайызы Теңіз кенішіндегі жұмысшылар болғандықтан, Атырау «сары аймақ» құрамында болған. Сондықтан Теңіз кенішіндегі карантин шаралары ұзарып, қатаң талаптар қойылды. Сол кезде «Теңізшевройл» компаниясындағы ахуалды баяндаған компанияның Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев «Кейбір мердігер компания-лар жұмысшыларының жалған ПТР-тест қорытындыларымен санитарлық бекеттен өтіп кету жағдайы мәлім болды» деген болатын. Жағдайды бақылап отырмыз дегенімен, Теңіз кенішіне қызметке келгендерден вирус анықталуы толастар емес. Осылайша, Атырау өңірі 16 желтоқсанда «қызыл аймақ» құрамында жалғыз қалды. Жуырда Атырау облысының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша, 5 қаңтарда 149 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталып, ауырғаны белгілі болды. Сол көрсеткіш бойынша Теңіз кенішінен 144 жұмысшыдан вирус анықталуы жергілікті халықты алаңдатып отыр. Алайда сол күні Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті 5 қаңтардағы елдегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасында «қызыл аймақ» құрамында ешбір қала жоқ деп жариялады. Бұған атыраулықтар таңғалып болғанша, 6 қаңтарда елдегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасында Атырау қаласы «қызыл аймаққа» қайта енгені хабарланды. Теңіз кенішінде жұмысшылардан анықталып отырған вирус жұқтыру көрсеткіші Теңіз кенішіндегі жұмысқа әсер ете ме? Бүгінде осы сауал да өзекті. Өйткені кеніш жұмысы саябырсыса табыс азаяды деген сөз. «Теңізшевройл» компаниясы ресми өкілінің айтуынша, ТШО-ның ең басты мақсатының бірі – қызметкерлер мен жұмысшылардың денсаулығын қорғау, қауіпсіздігін сақтау. «Қазір ТШО жұмысын ойдағыдай жалғастыруда, сонымен қатар біз «Келешек кеңею жобасы» мен «Ұңғы ернеуі қысымын басқару жобасын» қауіпсіз жүргізу мақсатында тиісті шараны іске қостық. Біз мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, қыс мезгілі қарсаңында медициналық жабдықтардың, инфрақұрылымның және тест өткізу мүмкіндіктерінің жеткілікті болуын қамтамасыз етудеміз. Сонымен қатар осы ауруды жұқтырған адамдардың Теңізге кіруіне жол бермеу үшін тиісті сақтық шараларын орындауды жалғастырамыз», – дейді компания өкілдері. Мамандардың айтуынша, оперативті қызметкерлерді тұрғын үйлерде, көліктерде және жұмыс орындарында «бөлек жайғастыру», сонымен қатар жаңа жағдайды анықтау мен тиісті адамдарды және олардың жақын немесе әлеуетті байланыста болғандарын оқшаулау үшін ПТР сынақтарын барынша көбірек өткізу қарастырылыпты. ТШО Теңіз кенішінде уақытша жұқпалы аурулар ауруханасында 800 төсек-орын және науқаспен байланыста болған қызметкерлер үшін 1 400 төсек-орын дайындаған. Қажет болған жағдайда, медициналық оқшаулау бөлмесінің сыйымдылығын кеңейтуге жағдай жасалған. Атырау облысының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша, кеше Теңіз кенішінен 78 жұмысшыдан, Жылыойдан – 2, Құрманғазы ауданынан 12 адамнан COVID-19 жұқпасы анықталған. Қазір 339 адам үй жағдайында емделуде. Облыстық инфекциялық стационарда – 91 науқас, ал аудандардағы инфекциялық стационарларда – 43, Теңіз кенішінің инфекциялық стационарында 816 адам ем қабылдауда. P.S.«Қызыл аймақ» құрамында кіріп-шығып жалғыз тұрған Атырауда кеше Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жаңа басшы тағайындалды.
Пандемия елімізде тіркелгеннен бері облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сегізінші басшы болып тағайындалған Мәдениет Танауов бұл қызметке дейін Батыс Қазақстан облысында Санитарлық-эпидимиологиялық бақылау басқармасы басшысы қызметін атқарған. Басшысы қанша ауысса да өңірдің эпидемиологиялық ахуалы оңалмай тұрғаны жергілікті халықты алаңдатып отыр.