Түркістан қаласындағы орталық қазандық жылыту маусымында табиғи газбен жылытыла бастады. Осылайша, қала газбен толық қамтамасыз етілді. Бұл қаланың экологиялық жағдайының жақсарып, ауаның ластануын 65%-ға азайтты.
Түркістандықтармен кездескен облыс әкімі Ө.Шөкеев қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, тұрмысқа қолайлы жағдай жасау үшін табиғи газды пайдалануға шақырды. Сондай-ақ табиғи газ тартылған тұрғын үйлерді аралап көрді. Түркістан қаласын газдандыру 11 кезеңге бөлініп, құны 20,2 млрд болатын құрылыс жұмысы жүргізілді. Қазір 52 037 абонент газбен жабдықтау желісіне қосылды. Оның 62%, яғни 26 200 отбасы өз үйінде табиғи газды пайдаланып отыр. Кейбір жер телімдері уақытылы тіркелмегендіктен, 380 абонент алдыңғы жобаларда есепке алынбағаны анықталды. Бүгінде осы абоненттерді қосу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Қаланың толық табиғи газға қосылуы – қоршаған ортаны қорғаудың ең тиімді жолы. Осы тұста Түркістан қаласының бас жоспарына сәйкес, қала айналасынан 7 700 гектар аумаққа жасыл белдеу құру және толықтай газдандыру жоспарланды. Қазір 4 700 гектар жерге түрлі ағаш көшеттері егілді. Қалған 3 000 гектар жерді игеру осы жылдың соңына дейін аяқталады. Облыстық Экология департаментінің мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласы бойынша 2018 жылға атмосфералық ауаға шығарылатын ластаушы заттардың нақты лимиті 4,5 мың тоннаны құраған. Ал 2020 жылы Түркістан қаласын газдандыру арқылы 1,6 мың тоннаны құрады. Сондай-ақ қазандықтарды көмірден газға ауыстыру ластаушы заттар мөлшерін 2 есе, атап айтқанда 381 тоннадан 150 тоннаға төмендетті.Айдана БЕГІМ