Аязды күнде «бомж» қайда барады?

Аязды күнде «бомж» қайда барады?

28 желтоқсан мен 7 қаңтар аралығында еліміздің солтүстігінде күн күрт суытты. Түндегі ауа температурасы -42°С-ты көрсеткенде абдырап қалдық. Елордада да ауа температурасы -30°С-тан төмен түспеді. Көлік жүргізетіндер жылы паркинг іздеп, сыртта жүргендер тезірек үйіне жетуді қалады. Осындайда бірден үйсіз-күйсіз жүргендер еске түседі. Ал паналайтын белгілі бір тұрағы жоқ кезбе кісілерді әлеуметтік орталықтар қамқорлығына ала ма? Волонтерлер тарапынан көмек көрсетіле ме?

Иә, аяз күшіне еніп, кейбір облыста жол жабылып қалды. Көліктің қозғалтқышы қатып, жұртты әуре-сарсаңға салды. Осыны пайдаланған қызмет көрсету орындары бағаны шарықтатып жіберді. Мысалы, бұрын қозғалтқышы қатып қалған көлікті оталдыру қызметі 5-8 мың теңгенің аралығында болса, қазір 15 мың теңгеге дейін көтерілді. Әрине, жылы паркингтер де жалдау ақысын көтергесін адамдар шарасыздан барын беруге мәжбүр. Сол сияқты Арқада аяздың кәріне мінгені қаңғыбастарға соққымен пара-пар. Жертөле, қоқыс тастайтын орын, базар мен вокзалдан пана табатын оларды суықта үсік шалуы мүмкін. Сондықтан әлеуметтік бейімдеу орталығының патрульдік қызметкерлері жағдайдың алдын алуды ойластырған.

399 АДАМ ОРТАЛЫҚ КӨМЕГІНЕ ЖҮГІНГЕН

Әлеуметтік бейімдеу орталығы мамандарының айтуынша, кезбелердің өздері де орталыққа арнайы келеді. Қызметкерлер оларды тиісінше күндізгі бөлімге орналастырады. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында қара суық күзде басталатынын ескерсек, орталыққа қыркүйек пен желтоқсан аралығында 399 адам келген. Ал мереке күндері, 1-5 қаңтарда 18 кезбеге көмек көрсетілген. «Біз кезбелердің қандай да бір заң бұзғанына қарамаймыз. Бәріне тең көмек беруге тырысамыз. Қала бойынша бір әлеуметтік ұтқыр патруль көлігі бар. Полиция тірек пунктарымен бірлесіп, рейд жүргізеді. Өз еркімен орталыққа келгісі келетіндерді бізге әкеліп тапсырады. Одан бөлек «Санат әлемі» қоғамдық қорының қызметкерлері де көмектесіп, үйсіз-күйсіз қалған адамдарға жәрдемдеседі», – дейді Әлеуметтік бейімдеу орталығы басшысының орынбасары Динара Жанатқызы. Осындайда «орталықта орын бәріне бірдей жете ме?» дейтін сұрақ тұрады. Мамандардың айтуынша, күндізгі бөлімде – 180, түнгі бөлімде 50 орын бар. Сондықтан келушілердің дені күндізгі бөлімге орналасады. Оларға барынша жағдай жасалып, қоғамға бейімдейді. Өз кезегінде патрульдік полиция қызметкерлері қаңғыбастарды қыс мезгілінде жылу трассасы құдығы, кәріз жүйесі мен вокзалдардан іздейді екен. Одан кейін кезбелердің кім екенін анықтап, саусақ іздерін алып, есепке алу базасы арқылы тексереді. Бір қызығы, олардың арасынан іздеуде жүрген азаматтар мен із-түссіз жоғалған адамдарды табуға болады. Жалпы, тұрғындардың құжаты бар қаңғыбастарды несие алуға, машинаны ломбардқа өткізуге пайдаланатынын ескерсек, кейбірінің белшесінен қарызға батқаны анықталуы мүмкін.

ЫСТЫҚ ШАЙ, ТӘТТІ КҮЛШЕ, ЖАҢА ЖЫЛ...

Орталық мамандары өздеріне «Санат әлемі» қорының көмектесетінін айтқан-ды. Қордың Нұр-Сұлтан қалалық бөлімшесінің директоры Мұрат Аллабергенұлының сөзінше, қор бейімдеу орталығына волонтер ретінде жәрдемдеседі. Қалай десеңіз, олар патрульге қосылып, қала ішін аралап, қаңғыбастарды іздейді. Бір жағынан орталықтың миссиясын орындаса, екіншіден өздеріне «керегін» табуға тырысады. Өйткені қоғамдық қор кезбелердің арасында туберкулезге шалдыққандар болса, қамқорлығына алады. Осыған орай, құрыққа «іліккен» қаңғыбастарды медициналық тексеруден өткізіп, денсаулығын жіті қадағалайды. Еліміздің өзге аймақтарында да аязда далада қалған кезбелерді арнайы орынға жеткізеді. Мәселен, полицейлер Петропавлда мереке күндері көше кезген 48 қаңғыбасты қабылдап-тарату орнына әкелген. Ал қабылдап-тарату орны сағат кешкі 18.00-ден таңғы 10.00-ге дейін жұмыс істейді. Мұнда оларға жатын-орын мен ыстық тамақ береді. Үйсіз-күйсіз қалған адамдарға жәрдемдесемін дегендер орталыққа келіп, азық-түлік жиынтығын үлестіреді. Сондай-ақ қайырымдылық ұйымдары да орталықпен тығыз байланыста екен. Мәселен, «Ақтөбе қайырымды жандар» ұйымының мүшесі Еламан Серікұлының айтуынша, аязды күні қаңғыбастарға, көше сыпыратын, қар тазалайтын қызметкерлерге ыстық шай мен тоқаш таратады. Ақтөбеліктер мұндай акция жыл сайын ұйымдастырады. Олар мереке қарсаңын да кезбелерге қуаныш сыйлап, бір сәт көңілін көтереді. «Үй мен, жатын-орынмен қамту қолымыздан келмесе де, қарнын тойғызуға қауқарымыз жетеді», – дейді ол. Айтса айтқандай, кезбелердің дені ішкілікке салынған. Сондықтан оларды арнайы бейімдеу, түзету орталықтарына орналастырған жөн. Бір сөзінде волонтер «әр аймақта әлеуметтік бейімдеу орталығы ашылса екен» деген тілегін айтып қалды. Өйткені суықтан адамның жан тапсыруы да мүмкін. Естеріңізде болса, 2014 жылы Ақмола облысында аяз бен бораннан 4 адам қайтыс болған-ды. Соның ішінде Көкшетаудағы вокзал жанынан кезбенің мәйіті табылған еді. Оның үстіне үсік шалған дене мүшесі қалыпқа келмейтіні тағы бар. «Санат әлемі» қоры мүшелерінің сөзінше, оларға медициналық тексеріс ауадай қажет. Суық пен кезбе жайлы әңгіме қозғалғанда елордадағы жылы аялдамалар еске түседі. Аталған аялдаманың құрылысы басталғанда біразы «қаңғыбастар түнейтін орынға айналады-ау» деп айтқанды. Расымен, қазір аялдама маңынан кезбелерді жиі кездестіреміз. Себебін бейімдеу орталығындағы түнгі бөлімдегі 50 орынмен байланыстырсақ болады. Өйткені кезбе үшін аязы қатты астанада жылы аялдамадан ыстық жер жоқ-ау...

Айбике ЖАНАСЫЛ