«Кино – заманауи миф жасаудың құралы» – Әсия Бағдәулетқызы
«Кино – заманауи миф жасаудың құралы» – Әсия Бағдәулетқызы
434
оқылды

Кино өнерінің әлем көшіндегі бет алысы, көрермен қауымға әсер етіп отырған ықпалы ересен. Киноның жай-күйі, авторлық фильмдерге деген көзқарас жөнінде тап басып айту өте қиын. Дегенмен, кино төңірегіндегі кейбір мәселелер жайында мәдениеттанушы, журналист, Лондондағы Queen Mary университетінің Film Studies (кинотану) мамандығы бойынша түлегі Әсия Бағдәулетқызымен аз-кем сөйлесіп көрген едік.

Әсия Бағдәулетқызы – Белгілі режиссер Андрей Тарковский өнер хақында «Егер әлем өз орнында болса, онда өнерге мұқтаждық болмас еді. Әлем нашар құрылғандықтан да, өнер өз өмірін жалғастырып келеді» дейді. Жалпы, өнерде өмірдің қара көлеңкелі тұстарын көбірек көрсету қаншалықты дұрыс? Өзімізге етене таныс қазақ қоғамындағы көрермендердің басым көпшілігінің happy end-ке құмар болуын жақсы ырымға балай аламыз ба? – Тарковскийдің тағы бір сөзі бар: «Адам бақыт үшін жаралмаған. Бақыттан да маңызды дүниелер бар. Ақиқатты іздеу қашан да азапты» дейді. Біз әлемнің мінсіз емесін білеміз, бірақ оны сол күйінде қабылдайтын даналық бәріміздің бойымыздан табыла бермейді. Ойлануға, рефлексияға ерінгенде, болмаса бойымыздан оған күш табылмаған кезде happy end-ке құмартамыз. Идеалында, рухани ізденістегі адам үшін кино дүние жайлы өзін алдамастан, шыншыл сипатта ойлануға түрткі болатын, дүниенің мінсіз емесін, шектеулі екенін, өлімнің бар екенін және оның бәрімізге келетінін қабылдауды үйрететін, басқаша айтқанда даналыққа жетелейтін медиум деп білемін. «Кино өмірдің жарық жақтарын (ғана) көрсетуі керек», не «қара көлеңкелі тұстарын (ғана) көрсетуі керек» деген ұстанымның өзі дұрыс емес. Біз әртүрліміз, тіпті бір адам өмірінің әр кезеңінде дүниені әртүрлі қабылдайды. Ең кемінде киноны түсірген кезіміздегі өзімізге, дүниені қабылдауымыз бен сезінуімізге адал болсақ, өнердің алғашқы дәнегі сол шығар. Сонда ғана ол әйтеуір бір көрерменнің көңілдегісін дөп басады. Тағы сол Тарковский айтпақшы: «Адам әрекеттерінен пайда табуға қатыстының бәрін алып тастасақ, өнер ғана қалады». – Әлем кинематографиясында отбасылық драманы шебер суреттейтін режиссерлер аз емес. Солардың бірі – ресейлік режиссер Андрей Звягинцев. Режиссер өзінің «Оралу» фильмінде отбасылық психология арқылы қазіргі қоғамның бет-бейнесін ашып көрсетеді де, адамзаттық проблеманы көтереді. Егер символизмге салсақ, әке «құдай» рөлінде, екі ұлының бірі тым сенгіш «құдайшыл», бірі «құдайсыз» кейіпкердің рөлінде секілді көрінеді. Бір қызығы, фильмнің соңы өзін жек көретін ұлын құтқарамын деп, мерт болған «әкенің» өлімімен аяқталады. Осы бір фильм жөнінде сіздің көзқарасыңызды білгім келген еді. – Иә, бұл тұрмыстық сипатынан гөрі символикалық сипаты басым, шындап талдасаңыз, «бос» көрінісі жоқ фильм. Және кез келген шебер жасалған фильм сияқты, түрлі интерпретацияларға ашық, бірақ бір жүйенің, бір түсіндірменің шеңберіне сыймайтын туынды. Мәселен, мұны есею мен ұрпақтар жалғастығы туралы фильм деуге болады. Әкенің қайдан келгені, қайда кеткені белгісіз, бірақ ол ұлдарын есейту үшін келді және олардың өмір сүруі үшін өлді. Бірақ сонымен бірге бұл фильм адамның рухани ізденісі (Иван) мен тұрмыстық ақылдылығы (Андрей), жеке пікірге құқы (Иван) мен көпке ұмтылысы (Андрей) туралы еді. Әкені құдай рөлінде көрсеңіз, бұл құдайшыл фильм шығар, өйткені адамзатқа көп қиындық «жібергеніне» қарамастан, «құдай» өзіне қарсы келетін, не сыни көзбен қарайтын, я өзіндік ойлауға құқын алға тартатын пенделерін де сүйеді, және оларды құтқаруға даяр, яғни «махаббатпен жаратқан адамзатты» деген ойды оқуға болады. Ал Иванның әкеге қарым-қатынасын «жек көру» деп сипаттай алмас ем. Ол реніш, өкпе, сенімсіздік, т.с.с. күрделі сезімдердің тоғысы шығар. Фильм қай жағынан алғанда да оралу, бәлкім өмірдің өзі сияқты «қайту»: тіршілік атаулы түбінде келген жағына қайтпайтын ба еді? Әсия БағдәулетқызыҚазақ қыздарының қазақ фильмдеріндегі рөлі жайлы жиі сөз қозғалып жүр. Біздегі ер мен әйел арасындағы теңсіздік шынымен де, ұлттық кинодан көрініс тауып отыр ма? – Режиссер, операторлар, т.б. киногерлер жиналыс жасап,«қазақ әйелдерін экранда төмендетіп көрсетейік» деп ақылдаспайтын шығар. Бірақ қоғамдық санаға сіңген стереотиптердің әсерінен бейсаналы түрде солай болатын сияқты. Әйел адамға бір ғана өлшеммен қарау: оны тек ұрпақ өсіруші ретінде бағалау әйелден адамға тән жеке тұлғалық құндылықты тартып алады. Сол себепті де кейде біз әйелді ана, туған жер, Отанның символы деп қарастырғанда, әйелді дәріптедік, мадақтадық деп қателесеміз. Біз әйел туралы өзіміздің түсінігімізді, идеямызды, стереотипімізді дәріптедік, ал кейіпкер әйелге психологиялық, мінез-құлықтық, т.б. ерекшеліктері бар жеке тұлға ретінде құрмет көрсету, оның жан сырына шындап үңілу, оны шындап түсінуге тырысу болған жоқ. Экрандағы теңсіздік дегенде осы мәселені қарастыру керек деп ойлаймын. Психологиялық драмалар көбіне ер адамның жан-дүниесі туралы болып жатады, кейбір айтулы режиссерлеріміздің экрандағы әлемінде әйелдер жоқтың қасы, не қосалқы рөлдерде ғана жүреді. Феминистік фильм теориясының айтатыны, ал сол қосалқы кейіпкер болып жүрген әйелдердің жанына кім үңіледі? Оған не керегін, оның тіршілігінің өзегін кім аршып береді? Осы тұрғыдан, меніңше, бұл тақырып өзекті. – Алғашқы сауалымды толықтыра түскім келіп отыр. Өнердегі қара көлеңкелі тұстар жайлы айтып өттіңіз. Меніңше, өмірдегі қасіретті өнерде ашық көрсету көбіне шығыс халықтарына тән секілді болып көрінеді. Оған дәлел, мәселен, оңтүстіккореялық режиссер Ким Ки Дуктың, ирандық режиссер Асгар Фархадидің фильмдері... – Бұл пікірмен келіспес едім. Батыста да, Латын Америкасында да өмірдегі, адамның психикасындағы қара көлеңкелі тұстарға үңілетін режиссерлер көп. Адамның болмысын шынайы зерттеуге тырысқан әр режиссер ондай дүниелерден айналып өте алмайды деп ойлаймын. – Әлеуметтік желіде жарияланған бір жазбадан «Ұлт әдебиетін білмей, ұлт киносын жасау мүмкін емес» деген пікірді көзім шалып қалды. Қалай ойлайсыз, отандық режиссерлердің ұлттық типаж жасай алмауының себебі тек ұлт әдебиетін оқымағандығында ма? Кез келген өнер саласында ұлттық құндылықтардан бұрын барша адамзат құндылығы алдыңғы орынға шығуы керек емес пе? – Әрине, адамзат құндылығы алдыңғы орынға шығуы керек. Бірақ қазақ сияқты жас ұлт үшін, әлі де ұлт ретінде өзінің кім екенін анықтап жатқан ұлт үшін ұлттық тарих, ұлттық типаж, ұлттық «мен» дегеннің бәрі – маңызды мәселелер. Энтони Д. Смит сияқты ұлт пен ұлтшылдық мәселелерін зерттеген ғалымдар ұлт құрудағы ең маңызды мәселенің бірі миф жасау, ұлттың шығу тегі туралы аңыздардың болуы дегенді айтады. Ал кино – заманауи миф жасаудың негізгі құралдарының бірі. Сондықтан «адамзат құндылығы» деп қанша алашапқын болғанымен, ұлттығымыз, мемлекеттігіміз керек болса, мұндай мәселелерді де сырт қалдыра алмаймыз. Бұл өзі күрделі сұрақ, киноға жанашыр адам ретінде мен идеологиясыз, адам болмысына, дүние жаратылысына шынайы қарайтын киноны ғана алға тартамын, бірақ ұлтына жанашыр адам ретінде идеологиялық киноның да болуы керегін мойындаймын. – Еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі жылдарда «Менің атым Қожа», «Алпамыс мектепке барады» (А. Қарсақбаев), «Көксерек» (Т. Өкеев) сынды, одан кейін тәуелсіздік алған уақыттың бас жағында «Кардиограмма» (Д. Өмірбаев) сияқты балалар мен жасөспірімдерге арналған нағыз классикалық фильмдер жарық көрді. Ал қазір қарап тұрсаңыз, сол аталмыш фильмдердей көрермендердің назарына бірден іліге кететін балалар киносы жоқтың қасы. Бұның себебі неде? – Себебі, бәлкім, шынайылықтан алыстап бара жатқанымызда болар. Пайда ойлап, есептелген әзілдермен көрермен жинауға ұмтылу фальшқа апаратыны анық. Ал экранда, әсіресе балаларға арналған фильмдерде тырнақтай фальштың өзі көрініп тұрады. «Менің атым Қожа», «Алпамыс мектепке барады» (А. Қарсақбаев), «Көксерек» (Т. Өкеев) сияқты фильмдердің көрермен көңіліне құлай кету себебі – оларда шынайы қарым-қатынас, баланың болмысына үңілу, жоғарыда айтылған ұлттық типаж бен мінез көрініс тапқан. Алайда соңғы жылдары бұл бағытта ізденіс тіптен жоқ емес. Эмир Байғазиннің жасөспірімдер туралы трилогиясын («Үйлесімдік сабақтары», «Жаралы періште», «Өзен»), Данияр Саламаттың «Әкем екеуміз», Сәбит Құрманбековтің «Секер», Әсия Сүлеева мен Әнуар Райбаевтың «Жеңіс семсері» сияқты біраз фильмдерді атап өтуге болады. Олардың кейбірі сәтті болғанымен, прокат жүйесінің кемшіліктерінен көрермендерге жол тарта алмай қалса, кейбірінің бір қайнауы ішінде болған шығар. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» демекші, көрермен де, киногерлер де өзін байытуға ден қою керек, киногердің ұсынысы мен көрерменнің сұранысы тоқайласқан кезде нағыз культті туындылар шығатын болар.

Киносыншы һәм мәдениеттанушы ретінде киносүйер қауымға ұсынар 5 режиссеріңіз бен фильмдеріңіз қандай?

– Бұл жауап беру мүмкін емес сұрақ деуге болады. Дегенмен, алғаш ойға келген бес фильмді тізейін:

Ингмар Бергман, Персаона (Persona) (1966) Ясуджиро Озу, Токио хикаясы (Tokyo Story) (1953) Майкл Ханеке, Ақ бау (The White Ribbon) (2009) Нури Бильге Джейлан, Қыс ұйқысы (Winter Sleep) (2014) Терренс Малик, Жасырын өмір (A Hidden Life) (2019)

Әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен Алтынбек Мерсадық